• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Әлем 02 Қараша, 2020

Сайлау мен әлеуметтік желі жыры

221 рет
көрсетілді

Бүкіл әлемнің назарын аударған коронавирус пандемиясы, вакцинадан кейінгі тағы бір оқиға, ол АҚШ-тағы президент сайлауы болды. Бұл тұста ерекше ойға оралатыны саяси бәсеке емес, әлеуметтік желінің сайлау процесіне әсері. Жалпы, технологияның дамуымен Facebook секілді желілердің қоғамдағы кез келген мәселенің әрі қарай қалай өрбитінін бағыттауға қауқары жететінін аңғарып үлгердік. Өткен сайлаудағы даудан кейін бұл мәселе АҚШ пен бүкіл әлемді қайта алаңдатып отыр.

 

Алдағы күндері Америка Құрама Штаттарында президент додасы мәресіне жетеді. Айтулы саяси оқиғаның нәтижесі бұрмаланбайды деген сенімнің жоқтығы айтпаса да түсінікті. Себебі өткен президент сайлауында болған оқиға әлі естен кете қойған жоқ. Онда баршамызға белгілі Facebook компаниясы мен британдық саяси кеңес беретін Cambridge Analytica фирмасының басы дауға қалған-ды. Осыдан төрт жыл бұрын болған оқиғаның мән-жайы кейін әшкере болып, іс сотқа жеткен еді. Әлеуметтік желіде өзің туралы мәліметті барынша ашық жазудың, жеке ақпарат жариялаудың қауіпті екенін сонда түсіндік. Мәселенің мәнісі Facebook-ке тіркелген миллиондаған қолданушының жеке мәліметінің сайлау кезіндегі насихат жұмыстарында қолданылғанында болды. Барлығы 2013 жылы жасалған қосымшадан бас­талды. Қолданушылардың психоло­гиялық бейнесін жасайтын ғылыми мақсатта ашылған қосымша Facebook-ке тіркелгендердің және олардың дос­тарының жеке мәліметін жинақтап отырған. Бұл құнды мәліметті Cambridge Analytica саяси науқан кезінде үміткер­лерге сатқан. Онымен қоса фирма­ның қазіргі АҚШ президенті Дональд Трамптың сайлауалды науқанын жүр­гізуге көмектескені тағы бар. Бұл жағ­дай белгілі болғаннан бастап қос компа­нияның да басынан дау айрылмады. Жалпы, оқиға 2018 жылы баршаға мәлім болғанымен, технологияның саяси үрдіске араласуы туралы мәліметтер бірнеше жыл бұрын жариялана бастаған еді. Тек сол жылы Cambridge Analytica фирмасының бұрынғы қызметкері БАҚ-қа сұхбат беріп, оқиғаны растайды. Осы кезде ғана АҚШ пен Ұлыбританияның саясаткерлері екі компанияны да сұрақтың астына алып, жауап беруін талап етеді. Ал азаматтардың наразылығына тіпті шек болған жоқ. Халықтың пікірі мен БАҚ-тағы сансыз сыни жарияланымдар Facebook-тың бас директоры Марк Цукербергтің АҚШ Конгресінің алдында жауап беруіне алып келді.

Мұның барлығы осыдан төрт жыл бұрын болғанымен, бұл қауіп техно­логияның қарыштап дамыған тұсында өмірдің барлық саласында сейілмейтіні анық секілді. Ал саяси науқан кезінде маңызы өсетіні де түсінікті. Нақты сан­­дарға тоқталсақ, сол жылы БАҚ 50 млн қолданушының жеке мәліметі жария болғанын айтқан еді. Алғашында Cambridge Analytica бұл санды азайтуға тырысып, 30 млн қолданушы деген-ді. Алайда жасырғаннан істің насырға шабатынын түсінген Facebook кейіннен 87 млн қолданушы туралы мәліметтің таралып кеткенін мойындады. Оның 70,6%-ы – АҚШ азаматтары.

Дональд Трамптың жеңісін дәл осы әрекетпен байланыстыратындар көп. Себебі АҚШ президентінің сайлауалды науқаны әр қолданушыны саралай отырып, олардың жазбаларына қарап саяси, діни көзқарасын анықтаған. Және сол арқылы әр қолданушыны дәлдеп саяси жарнамасын жіберіп отырған. Қазір де қолданушы әлеуметтік желілерде өзіне керек жарнаманың алдынан топ етіп шыға келетініне таңырқап жатады. Оған бас қатырудың да қажеті жоқ, қазір технологияның дамығаны соншалық, әр қолданушының әрекетін аңдыған технология оған не керегін әп-сәтте анықтап алады. Мұның көп адам үшін қауіп туғызатыны да түсінікті. Жасанды интеллект, роботтар заманында технологияның адам ойын «оқуы» әркімді болсын ойландыруы тиіс. Әсіресе жоғарыдағы оқиға жеке мәліметіңнің кімнің қолында кететінін бақылау мүмкін емес екенін көрсетті. Технологияны дамытумен қатар, қарапайым адамдардың медиа сауаттылығын арттырып, қауіпсіздік шараларын түсіндірудің маңызы да жыл сайын артып келеді. Жеке мәліметке кірпияз қарайтын Батыс елдерде жағдай осындай болса, біздегі қауіпсіздік қай деңгейде болды екен?

Өткеннен сабақ алатын кез келге­нін осы сайлауда бәрі жаппай еске алды. Бұрын әлеуметтік желінің сайлау­алды науқанда қолданылуына мән бер­мейтін үкіметтер мен технологиялық компаниялар енді жағдайды жіті бақылай бастады. Қаншама азаматтың жеке мәліметі ашық жатқан алаңның жымысқы әрекеттерге таптырмайтын нысана екенін бір елдің мысалында бүкіл әлем көрді. Онымен қоса, өзге елдер мен күштердің өз пайдасына қолданып кету мүмкіндігі тағы бар. Мұның барлығы үлкен саяси ойынның басты құралына айналып кетпеуі маңызды.

Сонымен, биылғы сайлау соңғы додадан несімен ерекшеленбек? Қазір миллиондаған аудиториясы бар әлеуметтік желілердің барлығы қырағы күзетші секілді өзінің виртуалды шекараларын бақылауға алды. Себебі сайлаудың нәтижесі әлеуметтік желідегі әрекеттерге тікелей байланысты болады. Жалпы, Facebook, Twitter, Instagram, YouTube секілді желілердің ықпалы барлық салада күннен-күнге артып келеді. АҚШ та мұны жоққа шығармайды. Мәселен, статистика бойынша дауыс беруге құқылы азаматтардың 72%-ы әлеуметтік желіні қолданса, оның 69%-ы Facebook желісінде бар екен. Бұл дегеніміз сайлау науқаны кезінде саяси оқиғаларды талқылау, үміткерлердің бағдарламасын талдауға қатысты желіде жазылған кез келген пікір дауыс берушілердің ойын өзгертуі мүмкін. Жалпы, Барак Обамадан басталған АҚШ президенттерінің әлеуметтік желідегі белсенділігі олардың сайлауда жеңіске жетуіне ықпал еткеніне ешкімнің дауы жоқ. 1960 жылы сайлауда Джон Кеннедидің АҚШ президенті болуына телевизияның әсері қаншалықты зор болса, қазіргі саяси додада әлеуметтік желінің күші одан кем түспей тұр.

Сайлаудың әділ өтуіне күдік ұялатқан төрт жыл бұрынғы оқиға қайталанбас үшін ірі техкомпаниялар қауіпсіздік шараларын алдын ала ойластырып, осы жолы ешқандай заңсыз әрекеттің болмайтынын мәлімдеп отыр. Марк Цукерберг биылғы сайлаудың өз компаниясы үшін сынақ болатынын айтып, соңғы төрт жыл ішінде қауіп-қатерлерге қарсы тұратын ең мықты техникалық жүйелерді қолданатынын және сайлау кезінде азаматтық тәртіпсіздікті болдырмаудың жаңа жолдарын қарастырғанын жеткізді.    

Facebook алдын ала нәтижелерді жариялаған жазбаларды ресми ақпаратқа сілтеп отыратын болды. Одан бөлек компания дауыс беруге бір апта қалғанда жаңа саяси жарнамаларды және сайлаудан кейінгі бір аптада барлық саяси жарнаманы бұғаттап отырады.  Ал Twitter болса ресми нәтиже шыққанға дейін үміткерлерге өз жеңісін жариялауға рұқсат бермейміз деп отыр. Сондай-ақ Трамп не Байден дауыс беруге әсер ететін ешқандай жазба қалдыра алмайды. Желіде жалған ақпараттың тарауына жол бермес үшін ресми ақпарат көздеріне сілтеме беріледі. Google компаниясы Associated Press агенттігімен бірлесе отырып, «Сайлауда кім жеңді?» деген сұрақтарға ресми жауап беретін болды. Мұның барлығы кандидаттар, сайлау нәтижесі мен дауыс беру процесі жайлы жалған ақпараттың алдын алу үшін жасалған қадамдар. Дегенмен өзге қауіпсіздік шараларына қатысты мәселелердің әлі де нақты жауабы жоқ секілді. Себебі адамдардың жеке мәліметімен жұмыс істейтін компаниялар үшін қауіпсіздік мәселесі күн тәртібінен ешқашан түспейді. Өйткені саяси не коммерциялық мақсатта аудиторияны зерттеу, оның көзқарасын біліп, қалағанын ұсыну – бүгінгі нарықтық заманның ең басты сұранысы. Ал қолданушылар бар сырын сеніп тапсыратын кез келген әлеуметтік желідегі құнды дерек әлі талайларды қызықтырады.