Түркістан облысының мақталы аудандарында жиын-терін жұмыстары аяқталуға жақын. Облыс бойынша мақтаның бірінші терімін алғаш болып Бәйдібек ауданының диқандары аяқтады. Ал бүгінде 22 мың тонна «ақ алтын» жинаған Ордабасы ауданында өнімділік жоғары.
Оңтүстік аудандармен салыстырғанда алда тұрған Ордабасыда, нақтырақ айтсақ, гектарынан 30 центнерден шитті-мақта жиналуда. Ауданда жоғары көрсеткішке қол жеткізіп отырған шаруалар аз емес. Мысалы, «Рамазан-Агро» ЖШС гектарынан 35 центнерден алуда. Ал «Ордабасы-Агро» гектарынан 41 центнерден жинап, барлығынан озық шықты.
Ордабасы ауданының әкімі Нұрбол Тұрашбеков жаңа технологияларды қолданудың нәтижесінде өнімділік өткен жылғыдан 5 пайызға артқанын айтады. Шаруалар өсірген өнім толық комбайнмен терілген. Бірінші терім төрт қатарлы «Джон Дир» комбайнымен атқарылған.
Ал Жетісай ауданында 115 мың тонна мақта жиналды. «Ақ алтынның» өнімділігі гектарына 23,6 центнерден түсіп отыр. Ауданда биыл 48 943 гектар аумаққа мақта дәні себілген. Мақта түсімділігі жағынан Атамекен ауылдық округі көш бастап келеді. Ондағы шаруалар мақтаның әр гектарынан орташа есеппен 27,6 центнерден өнім алса, Ж. Ералиев ауыл округі 26,8 центнерлік түсіммен үздік үштіктің қатарынан көрінген. Абай ауыл округінің мақташылары 26,5 центнерлік көрсеткішке қол жеткізді. Атамекен ауыл округінің мақташылары – 15 мың тонна, Жылысу ауыл округі – 14 мың, Мақталы ауыл округі 13 мың тоннаға жуық мақта жинап үлгерді.
Ал Кентау қаласына қарасты Қарашық ауылдық округінде алғашында 50 гектар жерге мақта еккен «Тұран» шаруа қожалығы бүгінде «ақ алтын» көлемін 850 гектарға жеткізген. Осыдан 3 жыл бұрын қожалық ғылыми институтпен бірігіп, мақтаның «Тұран» және «Түркістан» деген сорттарын шығарған болатын. Бүгінде «Түркістан» сортын өсіріп, өзге елдерге экспорттап отыр. Бұл сорттың ерекшелігі – жылдам пісіп, көсегінің бірден ашылатындығында. Сондай-ақ көп тыңайтқыш талап етпейді. Төртінші типке жататын мақтаның бұл сорты тоқыма өндірісіне қолайлы. Айта кетерлігі, аталған сортты облыстағы өзге аудан, қаланың шаруалары да егуде. Шаруа қожалықта жергілікті 60 адам жұмыс істейді. «Тұран» шаруа қожалығының төрағасы Хабибулла Азимовтің айтуынша, өткен жылы түсімдік көрсеткіш гектарына 35 центнер болса, биыл 40 центнерден аса өнім алу жоспарланған. Былтырғы өнімді Түркия және Балтық жағалауы елдеріне экспорттаған қожалық болашақта тоқыма өндірісін іске қосуды жоспарлап отыр.
Шардаралық диқандар да бүгінде «ақ алтынды» ауа-райының қолайлы сәтін пайдаланып, тезірек жинап алудың қамында. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметіне сәйкес, биыл 18 225 гектар алқапта шитті мақта терілуде. Осынау алқаптан 50 027 тонна ақ ұлпа жиналады деп жоспарланған. Оның 20 мың тоннадан астамы жиналған. Ауылдар арасында өзгелерден көп өнім алып отырған Алатау батыр ауылдық округінде – 8 500, Көксу ауылдық округінде – 3 900, Қоссейіт ауылдық округінде 2 125 тонна мақта жиналған.
Диқандар әрине, еселі еңбектің әділ бағаланғанын қалайды. Бұл орайда мақта бағасы бірте-бірте өсіп, диқандардың көңіліндегі күдік сейіле бастады. Алғашқыда мақтаның тоннасы 130 мың теңгеден қабылданған болатын. Оған пункт басшылары үстемеақы ретінде тоннасына 5 мың теңгеден қосып отырды. Қазіргі мәлімет бойынша үстемеақының мөлшері 15 мың теңгеге көтеріліп, ал мақта бағасы 140 мың теңгеге жеткен. Яғни, бір тонна мақтаның бағасы 155 мың теңге болып отыр. Жалпы, баға мәселесі – аудан әкімдерінің жіті бақылауында. Бұл орайда қабылдау пункттері мен диқандар қауымымен жиі кездесу өткізіліп, түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Айта кетелік, биылғы науқан өнімді техникамен жинауға басымдық берілуімен де ерекшеленуде. Жалпы, өңірде «ақ алтынның» 83 пайызы комбайнмен жиналып отыр.
Түркістан облысы