25 қазанда Біріккен ұлттар ұйымының құрылғанына 75 жыл толды. Бүгінде БҰҰ-ның басты бағыттарының бірі – бітімгершілік миссиясы. Іргелі ұйымның осы қызметі әлемдегі бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауға зор үлес қосып келеді. Айта кетерлігі, БҰҰ-ның бітімгершілік миссиясы құрамында қазақстандық сарбаздар да тер төгіп жүр.
БҰҰ бітімгершілік күштері қазіргі таңда әлемнің 13 нүктесінде бар. Соның жетеуі Африкада, үшеуі Таяу Шығыста, бір топ Косовода, келесісі Пәкістан мен Үндістанда, тағы бірі Кипрде қызмет етеді. Жалпы, бітімгершілік миссияларда 90 мыңнан астам сарбаз бейбітшілік пен тұрақтылықтың сақталуына күш салып жүр.
Осы орайда Қазақстан да БҰҰ-ның бітімгершілік миссияларына белсенді атсалысып жүргенін айта кеткен жөн. Жалпы, еліміздің бітімгершілік миссиясының тарихы ертеден басталады. Сонау 90-шы жылдары тәжік-ауған шекарасын күзеткен қазақстандық сарбаздардың есімдері ел жадында.
Бұдан бөлек, «Қазбат» қазақстандық бітімгершілік батальоны 2002 жылы Қазақстан Қарулы Күштерінің бітімгершілік миссияларына қатысуы үшін құрылды. 2003 жылдың тамыз айында «Қазбат» инженерлік-саперлік жасағы коалицияның тұрақтандыру күштері құрамында Иракқа жіберілді. 2008 жылдың қазан айына дейін бірнеше ротация жасалды. Ирактағы бітімгершілік миссияда 250-ден астам сарбаз қызмет атқарды. Олар миналы алаңдарды зарарсыздандырып, жарылыс қаупі бар заттарды жойды.
Кейін Кот-д’Ивуар және Батыс Сахарадағы бейбітшілікті қолдау жөніндегі БҰҰ миссияларына әскери бақылаушылар ретінде қатысты. Айта кету керек, Батыс Сахарада әлі күнге дейін біздің алты бітімгер қызмет атқарады, оның ішінде екі әйел әскери қызметші бар.
2018 жылдан бастап Қазақстан бітімгершілік әлеуетін іске асырудың жаңа мүмкіндігіне ие болды. Тарих беттерінде алғаш рет бүкіл бөлімше, бірінші бітімгершілік ротасы «Ливандағы БҰҰ уақытша күштері» миссиясына қатысуға бағытталды.
Қазақстан 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүшеcі болып сайланғаны белгілі. Сол кезеңде еліміз бітімгершілік бағытта көптеген ауқымды жұмыс атқарды. Еліміздің бітімгершілік саладағы белсенді ұстанымы Қауіпсіздік Кеңесі және ондағы жұмыс органдары тарапынан жоғары бағаланды.
Осы саладағы жұмыстың маңызды бағыты – қазақстандық бөлімшенің бітімгершілік операцияларына қатысу аясын кеңейту. Арнайы миссияға жіберу барысында бітімгерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, климат пен эпидемиялық жағдай мәселелері есепке алынды. Бірқатар бітімгершілік операциясына қазақстандық әскери бақылаушылар мен штабтық офицерлерді жіберу көзделген еді. Осы бағытта атқарылған жұмыстың нәтижесінде еліміздің сарбаздары Ливандағы UNIFIL миссиясы аясында бітімгершілік операцияларына қатысуға мүмкіндік алды.
Естеріңізге салсақ, Жерорта теңізінің жағалауындағы алақандай Ливан ішкі-сыртқы күштердің ықпалымен қарулы шиеленістерден көз ашпаған-ды. Осыған байланысты БҰҰ-ның Ливандағы уақытша күші 1978 жылы наурызда Ливан үкіметіне елдегі билікті қалпына келтіруге көмектесу және осы елден Израиль әскерлерінің шығарылуы үшін құрылған-ды. Осылайша, UNIFIL миссиясы өз жұмысын бастады. Міне, осы миссияның құрамында еліміздің сарбаздары өз міндетін абыроймен қорғап отыр.
Қазақстандық бітімгерлер өздерін нағыз кәсіби маман екенін дәлелдеді десек артық айтқандық емес. Олар тамаша жауынгерлік даярлықты, кез келген міндетті шешуде төзімділік пен әзірліктің озық үлгісін көрсетті.
Қазақстандық бітімгерлердің жетістіктері даярлықтың сапасына тікелей байланысты. Қазақстан Қарулы Күштерінде бітімгерлерді даярлаумен Қорғаныс министрлігінің бітімгершілік даярлық орталығы, минасыздандыру орталығы және әскери медицина орталығы айналысады.
Нұсқаушылар болашақ бітімгерлерді жан-жақты дайындайды. Сарбаздар мен сардарлар психологиялық тестілеуден, медициналық тексеруден өтеді, халықаралық стандарттарға сәйкес ағылшын тілінен, Қазақстан Құрлық әскерлерінің бітімгершілік бөлімшелерінің жауынгерлік даярлық бағдарламасы бойынша, теориялық және практикалық дайындықтан емтихан тапсырады. Миссиядан келгендер де өз тәжірибелерімен бөліседі.
Қазақстандықтардың кәсібилігі жоғары деңгейде бағаланып келеді. Мәселен, таяуда ғана Үндістан бітімгерлік батальонының командирі Ливандағы қазақстандық сарбаздардың қызметіне оң баға берді. Сондай-ақ жауынгерлік және бітімгерлік даярлық бойынша үздік көрсеткіштері, жоғары әскери тәртібі үшін аға сержант Вячеслав Моорға бағалы сыйлық тарту етті.
Бүгінге дейін Қазақстан тарапы Ливанға төртінші мәрте бітімгершілік ротасын жіберді. Биылғы тамызда Таяу Шығысқа аттанған топтың құрамына еліміздің түрлі әскери бөлімдерінен үздік 120 офицер мен келісімшарт бойынша әскери қызметшілер енді.
Бұл жолғы ерекшелік, бітімгершілік миссиясының тарихында алғаш рет десанттық-шабуылдаушы әскерлер ғана емес, сондай-ақ өңірлік қолбасшылықтардың әскери қызметшілері де аттанды. Эпидемиялық жағдайға байланысты жеке құрамның денсаулығын сақтау үшін әскери қызметшілерді жіберу екі кезеңге жоспарланды.
Ливанға барған сарбаздарымыз 2019 жылғы қарашадан бастап борышын өтеп жүрген үшінші бітімгершілік ротасындағы әріптестерін алмастырады. Бітімгерлердің міндеті – жергілікті жерді патрульдеу, азаматтық халыққа көмек көрсетіп, бақылау бекеттерін ұйымдастыру. Сондай-ақ олар миссия штабының басқа да іс-шараларына қатысады. Күн сайын бітімгерлеріміз 50-ге жуық міндетті орындайды.
Қорыта айтқанда, Қазақстанның бітімгершілік бағытындағы жұмысы тиімді нәтиже көрсетіп отыр. Оның үстіне, еліміз БҰҰ бітімгерлік миссиясына жіберген сарбаздар саны жөнінен Орталық Азияда көш бастап тұрғанын ескерсек, Ұлы даланың ұландары өз миссиясын абыроймен атқарып жүр деп айтуға толық негіз бар.