• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
21 Қараша, 2013

Банкроттыққа да бақылау керек

263 рет
көрсетілді

Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің жетекшілігімен өткен палатаның кешегі жалпы отырысында мектеп салу, әйелдерді қолдауды дамыту, жолдарды жаңарту, оңалту мен банкроттық және «пирамидаларға» қарсы іс-қимыл сияқты мәселелерді қамтыған заң жобалары талқыға түсті.

 

Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің жетекшілігімен өткен палатаның кешегі жалпы отырысында мектеп салу, әйелдерді қолдауды дамыту, жолдарды жаңарту, оңалту мен банкроттық және «пирамидаларға» қарсы іс-қимыл сияқты мәселелерді қамтыған заң жобалары талқыға түсті.

Пленарлық отырыста бірінші кезекте Қазақстан мен Қырғызстан үкіметтері арасындағы Қырғыз Республикасында мектеп салу туралы келісім және оған өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы заң жобалары қорытынды әзірлеу үшін заңнамалық айналымға алынды. Осылайша, еліміз Бішкек пен Ош қалаларында әрқайсысы 500 орындық екі мектеп салатын болады. Хаттамаға Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2012 жылы та­мыздағы Қырғыз Республи­касына жа­саған ресми сапары барысында қол қойылған-ды.

Бұдан кейін отырыс заң жобаларын қараумен ұласты. «Оңалту және банкроттық туралы» заң жобасы мен оған ілеспе кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтыруларды көздейтін заңдық құжат бірінші оқылымда мақұлданды. Дүниежүзілік банктің сарапшылары әзірлеген кредиторлардың дәрменсіздігі мен құқықтары жөніндегі стандарттар мен кодекстерді сақтау туралы есепке сәйкес, заңның кейбір ережелерінің айқын еместігі немесе маңызды ережелердің жоқтығы, кредиторлар құқықтарының жет­кілікті қорғалмауы, рәсімдеудегі ке­шеуілдету сияқты кемшіліктер анықталған.

Осыған байланысты соттың банкроттық істі қарауы сатысында борышкердің қаржы-шаруашылық қызметіне мін­детті түрде талдау жүргізуді енгізе отырып, сыртқы бай­қауды алып тастау көзделеді. Бұл ретте борышкердің лауазымды адамдарының жауапкершілігі күшейтіледі. Банкроттық рәсімдерін жүргізу кезінде кредиторларға барлық бизнес-процестерді келісу бойынша құқықтар беріліп отыр. Мүлікті заттай беру жолымен кепілді кредитордың талаптарын өтеу тетігі де енгізіліпті. Және, ең бастысы, барлық басқарушылар үшін жауапкершілікті күшейтуді және олардың кәсіби деңгейін арттыруды көздейтін нормалар қарастырылған. Сотқа кепіл мүлкін сатуды кейінге қалдыру жөніндегі өтініштерге сәйкес, бұл кепіл ұстаушының талаптарын қанағаттандыру бірнеше жылға созылып кететін. Осыған байланысты заң жобасында кейінге қалдыру мерзімі берілетін кезең заңды тұлғалар үшін бір айға дейін қысқартылған. Бұл туындауы мүмкін ықтимал мәселелерді шешу үшін жеткілікті мерзім екені атап айтылды.

Палата, сонымен қатар, жолға қатысты екі заң жобасын да мақұлдады. Еліміз бен Еуропа Қайта құру және даму банкі арасындағы Қарыз туралы келісімге «Оңтүстік – Батыс» жол дәлізінің жобасы» (Батыс Еуропа – Батыс Қытай халықаралық транзит дәлізі) №1 Қосымша келісімді ратификациялау жөніндегі заң жобасында Банк үнемделген 54,6 миллион АҚШ доллары сомасындағы қа­рызды Қазақстанға 19 жыл мерзімге береді. Қаржы «Оң­түстік – Батыс» жол жобасына жұмсалады. Яғни, екі жол учаскесі жаңартылады. Алғашқысы Өзбекстанмен арадағы мемлекеттік шекара­да­ғы «Жібек жолы» шекара бекетіндегі 62 шақырым бол­са, соңғысы «Шымкент – Таш­кент» аралығындағы 742 шақырым.

Екінші заң жобасы еліміз бен Азия Даму банкі арасындағы Қарыз туралы келісімді (Жай операциялар) (ОАӨЭЫ Дәліз 2 Инвестициялық бағдарламасы [Маңғыстау облысындағы учаскелер] – 2 –жоба) ратификациялауға қатысты болды. Негізінен, 371,3 миллион АҚШ доллары сомасындағы қарыз «Шетпе – Ақтау» (632,3 шақырым мен 805 шақырым аралығы) автожолының 170 шақырымын жаңартуға және құрылысты қадағалау жөніндегі іс-шараларға көзделіп отыр. Қарызды өтеу мерзімі – 5 жылдық жеңілдікті кезеңді қоса алғанда, 20 жыл. Қарызды республикалық бюджеттен бірлесіп қаржыландыру – 45,9 миллион АҚШ доллары. Жолды жаңарту республика аумағы арқылы халықаралық көлік ағынын тартуға мүмкіндік береді деп күтілуде. Ол өңірдің қызмет көрсету саласын дамытуға және жалпы елдің экономикасына оң әсерін тигізуі тиіс.

Сондай-ақ, депутаттар Жазасын әрі қарай өтеу үшін бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарды тапсыру туралы Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы Шартқа өзгеріс енгізу туралы хаттаманы ратификациялау заң жобасын мақұлдады. Бұдан өзге Әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу заң жобасы да қолдау тапты. Заңнамалық өзгерістер жұмыс істейтін әйелдердің жүктілік, бала туу және бала бір жасқа толғанға дейін оның күтімі бойынша демалыста болған кезеңінде міндетті зейнетақы жарналарын 2014 жылдан бастап субсидиялауды енгізуге бағытталған. Атап айтқанда, 10 пайыз міндетті зейнетақы жарнасының 4 пайызы мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру қаражатынан бөлінетін әлеуметтік төлемдер есебінен және 6 пайызы бюджет қаражаты есебінен қамтамасыз етілмек. Жұмысынан айырылған адамдарды қорғауды күшейту мәселесі де сырт қалмаған. Әсіресе, Байқоңыр қаласының аумағында тұратын әйелдерге жүктілігі және бала тууы бойынша әлеуметтік төлемдер төлеуді қамтамасыз ету жағдайы да қарастырылған. Және де жинақтаушы зейнетақы қорларына инвестициялық портфельді басқару қызметін жүзеге асыруға арналған лицензияны алу мүмкіндігін беру мақсатында өзгеріс енгізіледі.

Қаржылық (инвестициялық) пирамидалардың қызметіне қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістерді көздейтін заң жобасы да кеше екінші оқылымда мақұлданды. Енгізілген заңдық нормалар қаржылық пирамидалардың қызметінің жолын кесу және оны болдырмауға бағытталған. Қаржылық (инвестициялық) пирамидаларды құрған және оған басшылық жасағандарды қудалау енді заң бойынша жүзеге асырылатын болады.

Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан».

Соңғы жаңалықтар