Жамбыл облысының Мойынқұм ауданында тұратын тұрғындар үшін осы уақытқа дейін басты мәселе баспана болып келген болатын. Әсіресе көпбалалы үйсіз, үй кезегінде тұрған отбасылар үшін тұрғын үй күрделі мәселе еді. Тіпті олар аудан әкімінің қабылдауында болып, тұрғын үй де сұрапты. Жергілікті билік те тұрғындардың өтінішін ескеріп, оларды жатақханамен қамту туралы ұйғарымға келген.
Мойынқұм ауданының әкімі Мәден Мұсаевтың ұсынысымен ағымдағы жылдың басында қараусыз, жөндеусіз тұрған 4 қабатты жатақханаға аудан бюджетінен 27 миллион теңге бөлініп, ол қаражатқа аталған жатақхананың бірінші және екінші қабаттары жөндеуден өткізілген. Тіпті шатыры ауыстырылып, ішіне орталықтандырылған жылыту батареялары жүргізіліп, ауызсу мен әжетхана ішке кіргізілген. Бүгінгі таңда 6 көпбалалы, жалғызілікті үй кезегіндегі отбасыларға бірінші қабаттан жатақхана кілттері берілді. Аудан әкімі Мәден Мұсаев баспаналы болған азаматтарды құттықтап, жатақхана кілттерін салтанатты түрде табыс етті. Ал, баспаналы болған тұрғындар да бірін-бірі құттықтап, шашу шашып, аудан басшылығына алғыс айтты.
Жамбыл облысы