• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
21 Қараша, 2013

Әйел – әлемнің жарығы

1362 рет
көрсетілді

Бүгін Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен және «Қазақстан кәсіпкер әйелдерінің одағы» қоғамдық бірлестігімен бірге «Әйелдерді саяси және экономикалық ілгерілету – бәсекеге қабілетті әлемге жол!» деген тақырыпта республикалық конференция өткізеді.

Атал­ған жиын «Гендерлік дүниетаным және гендерлік мәдениетті қалыптастыру бойынша іс-шаралар кешенін өткізу» жобасы аясында ұйымдастырылған.

Біз бүгін осыған орай ұлттық комиссияның мүшелері мен оның жұмысын ілгерілетуге белсене қатысып жүрген жандарға сөз беріп отырмыз.

 

Бүгін Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен және «Қазақстан кәсіпкер әйелдерінің одағы» қоғамдық бірлестігімен бірге «Әйелдерді саяси және экономикалық ілгерілету – бәсекеге қабілетті әлемге жол!» деген тақырыпта республикалық конференция өткізеді.

Атал­ған жиын «Гендерлік дүниетаным және гендерлік мәдениетті қалыптастыру бойынша іс-шаралар кешенін өткізу» жобасы аясында ұйымдастырылған.

Біз бүгін осыған орай ұлттық комиссияның мүшелері мен оның жұмысын ілгерілетуге белсене қатысып жүрген жандарға сөз беріп отырмыз.

 

ЕЛ БОЛАШАҒЫ ҮШІН ЖАУАПКЕРШІЛІК

Қазақстан Респуб­­­ли­касының Конституциясы және тұтастай ал­ғанда ұлттық заңнама қоғам өмі­­­рінің барлық салаларында гендерлік теңгерімнің болуын көздейді. «Ерлер мен әйелдердің тең құқықтары мен тең мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепілдіктері туралы», «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» заңдар қабылданды. Негізгі халықаралық шарттар ратификацияланып, Мемлекет басшысының жанынан Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия сияқты институционалдық механизм құрылды. 2016 жылға дейінгі Гендерлік теңдік стратегиясы әзірленіп, іске асырылуда.

Қоғам мен мемлекеттің саясат­тағы да, экономикадағы да барлық секторларының күш қосуының нәтижесінде әйелдердің өз пози­цияларын нығайтып, өздеріне тән артықшылықтарын көрсетуіне мүмкіндік туды. Мысалы, Парла­мент­те әйел депутаттардың саны 25 пайызға, ал жергілікті өкілді органдарда 19 пайызға өсті. Алайда, әйелдер қауымдастығы олардың билікке қатысу үлесі өскенмен, әлі де тиісті деңгейге жеткен жоқ деп санайды. Мұны шынайы өмір­де мәселеге формальді түрде қа­рау элементтері мен ментальдық си­паттағы стереотиптердің бар екендігімен түсіндіруге болады. Сондықтан да бүкіл әлемдегі сияқты, Қазақстанның әйелдері де мемлекеттік саясаттың ауыр жүгін арқалап жүргенімен оны қалыптастыруға тиісінше ықпал ете алмай отырғаны анық.

Осыған байланысты әйелдерді ілгерілетуде, әсіресе, ауылды жер­лер­де қызметтерін өсіруде жаңа са­палық тәсілдер керек. Және бұл үдерісте барлық деңгейдегі депу­таттардың рөлі маңызды. Қазақ­стан Республикасы Парламенті Мә­жі­лісінің депутаты, палатадағы үш партияның біреуінің өкілі ре­тінде мен әйелдердің саяси да, эко­­номикалық та құқықтары мен мүм­кіндіктерін кеңейтуге ықпал ете­тін заңнамалық актілерге баста­ма­шылық жасауға тікелей атсалысамын.

Бұл ретте депутаттарды ауыл әйелдерінің жағдайы ерекше алаң­дататынын атап кеткім келеді. Олар­ды ұлттық комиссияның қол­дауымен өзім басқаратын «Қа­зақстан кәсіпкер әйелдері» қоғамдық бірлестігі арқылы қоғамдық-саяси өмірдің биік лауазымдарына ілге­рілетуге көмектесу үшін Әйелдер көшбасшылығы республикалық мектебі құрылған. Олар кәсіби және көшбасшылық дағдыларға үйренуі үшін біз желілік құрылым арқылы жұмыс істеп, басшылық жасауға бейім жандарды анықтаймыз.

Соңғы 3 жыл ішінде мемлекет пен халықаралық ұйымдардың көмегімен мектеп барлық өңірлер үшін жаттықтырушылар дайындап шығарды. Бұл әйелдердің шешім қабылдау деңгейінде 30 пайыздық өкілдігін қамтамасыз етуде мемлекеттің, үкіметтік емес ұйымдар мен партиялардың әріп­тестігінің жақсы мысалы.

Қазақстан әйелдері бизнес саласында айтарлықтай биік табыстарға қол жеткізді. Қысқа мерзім ішінде іскер әйелдер өз кәсіпорындарын дамытып, әрі іскерліктерін көрсетті, әрі іскер әйел туралы жалпы ұғымды өзгертті.

Біз, әсіресе, ауылдық жерлер­де ұйымдастырылған бизнеске баса назар аударамыз. Қазіргі кезде селолық жерлерде шағын және ұсақ бизнес тиімді жұмыс істейтін болғандықтан, Парламент «Микрокредиттік ұйымдар туралы» заң қабылдады. Оның мақсаты – шағын қаржылық қызметтер көр­сетуді жетілдіру болып табылады.

Меруерт ҚАЗБЕКОВА,

Парламент Мәжілісінің депутаты.

 

ЗАМАНҒА ЛАЙЫҚТЫ БОЛУ

Медицина саласында, бедеулікті зерттеу және емдеу ғылымында жұмыс істегеніме, міне, ширек ға­­сыр болыпты. Соның соңғы 18 жылын ұрпақсыздықты жаңа заманауи – экстракорпоральді ұрықтандыру (ЭКО) әдісімен емдеу ісіне арнаппын. Осы әдіспен туған еліміздегі ең алғашқы сәби биыл бойжетіп 17 жастан асты. Ізденістің, білімнің арқасында жаңа бағыттың бастамашысы болғаным үшін жаратқанға ризамын.

Бір кезде 2 маман болып жұмыс бастаған кішкентай ғана зертханамыз бүгінде 120-дан астам маман жұмыс істейтін, заман талабына сай жабдықталған ғылыми медициналық орталыққа айналды. Мамандарды іріктеп, дайындауға ұзақ уақыт кетіп, қыруар тер төгілді.

Тәжірибе көрсетіп отыр­­­ға­нын­дай, әйелдің бала көтеру қабілеті дүниедегі басқа тіршілік иелерімен салыстырғанда анағұрлым төмен. Жиырма жастағы әйелдің өзінің жүкті болу мүмкіндігі бір айда шамамен бар болғаны 15-20 па­йыз ғана. ЭКО әдісінің арқасында бұл көрсеткішті 1,5-2 есеге дейін көтеруге болады. Сол себептен дү­ниежүзі мамандары үнемі ғы­лыми ізденісте, біз де мамандарымызды оқытудамыз.

Елбасымыз Қазақстан халқына Жолдауында ұлт денсаулығы – біздің табысты болашағымыздың негізі екендігіне, денсаулық сақ­таудың ұлттық жүйесін жаң­ғыр­ту аясында біз елдің барлық аума­ғында медициналық қызметтер сапасының бірыңғай стандарт­­тарын енгізуге, медицина мекемелерінің материалдық-техникалық жаб­дық­талуына баса назар аударды.

Соңғы жылдары біздің елі­мізде баласыз жұптарға тегін квота беру қолға алынуда. 2010 жылы алғаш 100 квота беріліп, олардың саны жылдан-жылға өсе түсуде. Бедеулікті жоғары технологиялардың көмегімен тегін емдеуге халықтың қолжетімділігі мәселесін біз, Қазақстан Респуб­ликасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық сая­­сат жөніндегі ұлттық комиссиямен бір­лесіп ше­шуге ұмтылудамыз. Былтыр ха­лық­аралық конференция өткізіп, биыл ко­миссияның отырысында қарадық. Өт­кізілген шаралардың нәтижесінде Ден­саулық сақтау министрлігі жақында сала мамандарымен дөңгелек үстел өткі­зіп, бірқатар механизмдерді қарас­тыратынын айтты.

Ұлттық комиссияның мүшесі ретінде көптеген медицина, әлеумет саласына байланысты іс-шараларға қатысып, ұсыныстар айтып, біраз мәселеге қозғау салғаным бар. Ұр­­пақсыздықты зерттеу және емдеу­­­дің жаңа жоғары технология­ла­рын біздің елге әкелу, еліміздің жал­пы гинеколог дәрігерлерінің жаңа заманауи көзқарастарын қалып­тастыру үшін ұлт­­­тық комиссиямен бірге соңғы 5 жыл бойы орталық қалаларда да, өңірлерде де бірталай ғылыми-тәжірибелік конференция­лар өткізіп, мамандар дайындап, осы проблеманы ғылыми жолдар­­­мен төмендетуге атсалысып келеміз.

Осы комиссияның келесі 2014 жыл­ғы ­жос­парына ауыл мек­теп­терінің мұға­­лім­дерінің және медицина қызмет­кер­ле­рі­нің әлеу­меттік тұрмыстық жағдайлары жө­ніндегі мәселелерді қарастыруға ұсыныс жасадым. Жақында туып-өскен ауылыма барғанымда ұстаз­дардың тапшылығын, олар­дың жалақысының аздығын, тұрмыстық жағдайларының әлі шешілмеген мәселе­лері бар екен. Осы жай маған көп ой салды. Жаңа зәулім мектептер салынып жат­қанмен, ондағы ұстаздардың жағдайын ойламасақ, болашақта сауатты, білімді ба­лаларды өсіру мүмкін емес. Ауылдағы ба­лалардың болашағын бүгін ойламасақ, не­гізін қаламасақ, ертеңгі заманның талабына сай мамандарды қалай дайындамақпыз?

Ауыл медицинасының жағдайы да барлық жерде бірдей жақсы деп айтуға болмайды. Дәрігерлердің ауылға барғысы келмейтіндігінің себептерін зерттеп шара қолдан­­басақ, оларға әлеуметтік жағдай жа­самасақ ауылдың ертеңі не болмақ? Ел­басымыз айтқандай, дамыған мемлекеттер қатарына кіру үшін бізге өте сауатты, көзі ашық, өзіне-өзі сенімді маман жастар керек. Бұл мәселелер әр жерлерде айтылып жүр, бірақ ұлттық комиссия тұрғысынан қарал­са, тиімді шаралар қолданылады деп ойлаймын.

Салтанат БАЙҚОШҚАРОВА,

биология ғылымдарының докторы, Президент жанындағы

Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық cаясат

жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі.

 

КӨШ БАСТАҒАН АРУЛАР КӨП

Бүгінде Қостанай өңірі Елбасының басқарушы деңгейдегі әйелдер саны 30 пайыздан кем болмауы туралы тапсырмасын орындауда көшбасшы болып танылып отыр. Бүкіл елдегі сияқты, біздің Қостанай өңірінде де әйелдер саны басым, олар облыс тұрғындарының 52,3 пайызын құрайды. Соған сәйкес, облыс өмі­­­рі­не әйелдердің араласу бел­сенділігі де жақсы. Өңір­де­гі мемлекеттік қыз­мет­ші­лердің 70 па­­­­­йызға жуығы, денсаулық сақтауда жұмыс істей­­­тін­дердің жалпы санының 85 пайызы, білім беру саласында 75 пайыздан астамы әйелдер.

Біздің әйелдердің қолынан бәрі келеді: бала-шағасын тәрбиелейді, бизнеспен шұғылданады, саясатпен айналысады және де ақылына көркі сай жан болып қала береді.

Біздің облысымызда мұның дәлелі көп: облыстық басқармалардың 21-інің 9-ын әйелдер басқарады, 7 әйел қалалар мен аудандар әкімдерінің орынбасары болып жұмыс істейді, 37 әйел – ауылдық округ әкімі.

Облысымызда төрт және одан да көп баласы бар аналар саны – 34 384. Олар отбасында да, қоғамда да ерекше құрметке ие жандар. Өйткені, Қазақстанның қазыналы облыстарының бірі – Қостанайдың еңбекқор, іскер ұл-қыздарын солар тәрбие­леп өсіріп отыр ғой.

Сондай-ақ, отбасын қамтамасыз етіп, бизнесте табысқа жеткен, белсенді өмірлік ұстанымға ие кәсіпкер әйелдердің өзіндік орындары ерекше. Бүгінгі күні шағын және орта бизнестің жұмыс істейтін әрбір бесінші кәсіпорынды әйел басқарады. Әсіресе, әйелдер арасындағы іскерлік белсенділік Қостанай, Лисаков қалаларында, Қостанай және Сарыкөл аудандарында байқалады, мұнда кәсіпкер әйелдер басқаратын шаруашылық жүргізу субъектілерінің үлес салмағы 50 пайыздан жоғары.

Кәсіпкер әйелдердің күш-жігері арқа­­­сында облыста жеңіл өнеркәсіп саласының тігін және тоқыма өндірісі, аяқ киім тігу сияқты кәсіпорындарын сақтап қалу, қолда барын жетілдіру мүмкін болды. Ашылған жаңа жұмыс орындарының саны өткен жылы 18 459, соның ішінде әйелдер үшін 5 112 (38%) болды. 2013 жылғы 1 ақпанға – 715 жұмыс орны ашылды.

Облысымыздың оқу орындарында қыз­мет істейтін ғылым доктор­ла­рының 19%-ы, ғылым кан­дидаттарының 44,1%-ы – ­әйелдер.    

Ерлер мен әйелдердің құқықтары мен мүмкін­діктерінің нақты теңдігін қамтамасыз ету үшін:

– Мемлекеттік органдар туралы ережелерде гендерлік және отбасылық-демографиялық саясатты іске асыру мәселелері қарастырылған және оларды іске асыруға жауаптылар белгіленген;

– 2011-2015 жылдарға арналған Қос­танай облысы аумағын дамыту бағ­дарламасына өңірде гендерлік теңдікті нығайту мәселелері енгізілген.

Атқарушы және өкілді билік органдарында шешім қабылдау деңгейіндегі басқару үдерістерінде гендерлік теңдікке қол жеткізу бойынша:

– облыстық комиссия «Қостанай облысының іскер әйелдер қауымдастығы» қоғамдық бірлестігімен, «Нұр Отан» пар­тиясы Қостанай облыстық филиалымен, Қостанай облыстық мәслихатымен бірлесіп жүйелі түрде әйелдерді саяси кө­термелеу мектебінің жұмысын жүр­гізеді. 2013 жылдың 9 айы ішінде 58 әйел оқытылды, олардың ішінде 30-ы – жаңа­дан тағайындалған ауылдық округ әкімдері.

Отбасы институтын дамыту, әкенің отбасындағы беделін арттыру шеңберінде облыстық комиссия ҮЕҰ-мен бірлесіп, «Менің әкем – ең жақсы әке!», «Отбасы, сүйіспеншілік пен адалдық» қалалық байқауын; «Мөлдір бұлақтан» отбасы шығармашылығының облыстық фестивалін; мүгедек адамдарға арналған «Екі жұлдыз» байқауын; «Жұмыс істейтін аналар мен әкелер үшін үздік кәсіпорын» сияқты іс-шараларды ұдайы өткізіп тұрады.

Облыстың бұқаралық ақпарат құрал­­­­дары арқылы әйелдер мемлекеттің саяси, экономикалық және қоғамдық өміріне қатысуы белсенді түрде насихатталады.

Серік БЕКТҰРҒАНОВ,

Қостанай облысы әкімінің орынбасары.

 

ОТБАСЫЛЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚ ЖАСТАР САЯСАТЫНДАҒЫ БАСТЫ ФАКТОРЛАРДЫҢ БІРІ САНАЛАДЫ

С.Сейфуллин атындағы Қазақ агро­техникалық университетінде Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демо­графиялық саясат жөніндегі ұлттық ко­миссияның 15 жылдығына орай ұлттық комиссияның төрайымы Г.Әбді­қа­лы­қ­ова­мен кездесу өтті.

Кездесу барысында «Отбасылық құндылық және жастар саясаты» тақырыбында дәріс оқылып, студенттер пікір-ұсыныстарын ортаға салды. Кездесуге ұлттық комиссияның мүшелері, танымал қоғам қайраткерлері қатысты.

Шараға С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ-дың басқарма төрағасы, профессор А.Күрішбаев, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық сая­сат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Г.Әбдіқалықова, ұлттық комиссияның мүшесі, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, жазушы-драматург Жұмагүл Солты, «Деловой мир Астана» ЖШС-інің директоры, «Отбасым» журналының бас редакторы Шолпан Сыздықова, Экономика ғылымдарының докторы, ұлттық инженерлік академиясының академигі, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы президентінің кеңесшісі Айзада Аққазиева қатысты.

Жиын барысында сөз алған С.Сей­фул­лин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің басқарма төрағасы Ақылбек Күрішбаев: «Ұлттық комиссия елдегі демографиялық саясатты қалыптастыруда және дамытуда Қазақстан Республикасы Президентінің «Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу» атты Жолдауындағы міндеттерге сай тындырымды жұмыс атқарып келеді» дей келіп, бұл бағытта, әсіресе, жастарға қойылар талаптың айрықша мәнге ие екенін атап өтті.

Ұлттық комиссияның төрайымы Гүл­шара Әбдіқалықова республика бойын­ша «А» корпусына өтуде әйелдер қауы­мының белсенділік танытқанын, байқау­ға қатысқандардың 14 пайызы қыз-келін­шек­терді құрағанын тілге тиек етті. Ал, «А» корпусына өткендердің 18-19 пайы­зын нәзік жандылардың құрауы олар­дың қоғамдағы орны мен рөлінің барынша арта түсуінің тағы бір айғағы болып табылады.

Сонымен қатар, студенттер тарапынан қойылған сұрақтардың дені елдегі зейнетақы реформасы мен демографиялық даму үдерісі туралы мәселелерге арналды. Жастар көпбалалы аналардың бүгінгі жәрдемақысының көлемін сынға алып өтті.

Кездесу барысында ҚазАТУ-дың жас оқытушысы, Қазақстан Суретшілер ода­ғы­ның мүшесі Бақытжан Әріпов ұлт­­­тық комиссия мүшелеріне өзінің «Әлди бөпем» атты авторлық жұмысын та­быстады.

Жетіқара ҚОҢЫР.

АСТАНА.

 

ТАБЫСТЫ ӘЙЕЛ – ҰЛТ МЕРЕЙІ

Қай қоғам болмасын ақылды әрі парасатты азаматтарын, соның ішін­­­де әйелдерді де, елінің шын мәнісіндегі алтын қорына балайды. Мені неғұрлым белсенді, қоғам­да болып жатқан өзге­рістерге немқұрайлы қара­­­майтын, жол бастап, жаңа­­­лықтың бастамашысы болып жүретін әйелдер қа­уымының өкілдері жыл сайын көбейіп келе жат­қаны қуантады.

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың жүргізіп отырған саясатының арқасында бүгінде қазақ­стандық көшбасшы әйелдердің қабыл­данатын шешімдерге ықпал етуі арта түсуде. Бұл ең алдымен еліміздегі Гендер­лік теңдік стратегиясының, әйелдер бас­­тамаларының қолдау табуының, әйел­дер қатарынан кадрлар дайындау мәселесінің назарда ұсталуының нәтижесі.

Қазіргі заманғы даму әйелдерден отбасында да, жұмыста да, қоғамда да белсенді болуды талап етеді. Елбасымыз «Әйел – отбасының тірегі, яғни, мемлекеттің де тірегі» деп Жолдауында атап өткендей, мемлекетіміздің қалыптасуында еңбекқор әйелдердің рөлі ерекше. Бүгінде Қазақ­станның ішкі жалпы өнімінің 40 пайызға жуығын әйелдер қалыптастырады және бұл көрсеткіш жылдан-жылға өсе түсуде.

Қазақстан өз тәуелсіз­дігінің 20 жылдық беле­сінен енді ғана өтті. Та­рихи тұрғыдан алғанда бұл қысқа ғана уақыт. Бірақ осы жылдар ішінде орасан зор жұмыс жүргі­зіліп, еліміз экономикасы серпінді дамыған 50 елдің ішінен берік орын тепті. Ендігі межеміз одан да биік – 30 елдің қатарында болу.

Өткен уақытқа көз жүгіртсек, елі­міздің экономикалық және әлеуметтік қиындықтарды жеңуіне мұнай-газ сала­сының дамуы, соның ішінде «Қаз­Мұнай­Газ» ұлттық компаниясының құры­луы елеулі рөл атқарды. Қазіргі кезде ол – мақ­саттары мен міндеттерін Елбасы қойған жаһандық міндеттерге сәйкес іске асырып отырған көшбастаушы компания.

Кадрлық әлеуеті мықты компанияның көшбасшылық лауазымында әйелдер де аз емес. Компанияда 34 964 әйел жұмыс істейді, бұл қызметкерлердің жалпы санының 32 пайызы. Соның ішінде компания топ-менеджментінің 3 пайызын әйелдер құраса, тағы 9 пайызы орташа буындағы басшы қызметкер болып табылады.

Мұнай саласын «ерлер» саласы деген пікір қалыптасқанмен, бұл саланың қалыптасып, өрлеуіне ерлермен қатар әйелдер де көп еңбек сіңірді десем артық айтқандық емес. Әйел көшбасшы – қашанда орнықтылықтың, тұрақтылықтың негізіндей қабылданады. Ол корпоративтік және ұлттық дәс­түрлерді сақтауда, жас маман тұлғасын қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.

Соңғы жылдарда Қазақстан Респуб­ликасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демо­графиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия қызметінің аясында мұнай-газ саласы әйелдерінің елдің қоғамдық-саяси өміріндегі белсенділігі арта түсті. Сәуір айында ұлттық комиссия төрайымы Г.Әб­діқалықованың қатысуымен Аты­рау облысы мұнай-газ компаниялары өкіл­дерімен дөңгелек үстел өткізілсе, маусым айында мұндай кездесу Павлодар облысында ұйымдастырылды.

Ал қыркүйек айында біз «Қазэнерджи» қауымдастығына қарайтын барша энер­гетикалық сектордың көшбасшы әйелде­рімен мәжіліс өткіздік. Нәтижесінде ТМД елдерінде бірінші болып әйелдер энер­гетикалық клубы құрылды. Біздің клубтың қызметі энергетикалық компа­ниялардағы, мемлекеттік органдардағы, халықаралық ұйымдардағы және қоғамдағы көшбасшы әйелдерді біріктіріп, әлеуметтік-экономикалық, құқықтық, гендерлік және басқа да мәселелерді шешу жолдарын іздестіру.

Меніңше, табысты әйелдердің басты міндеті – әзірше мұндай биіктіктерге жете қоймағандарға өзінің өсу жолын айтып беру, олардың өз күштеріне деген сенімін қалыптастыру. Мұндай қиялы ұшқыр, еңбекқор, іскер әйелдердің билікке келуі қоғамға зор пайда әкелері сөзсіз.

Ұлттық комиссияның 15 жыл бойғы жүйелі жұмысының арқасында біздің қоғамда әйелді көшбасшы ретінде, қоғам­­­­­дық-саяси және экономикалық дамуға үлес қосушы әлеуетті күш ретінде қабылдайтын жаңа мәдениет қалыптасқаны анық.

Айзада АҚҚАЙСИЕВА,

«ҚазМұнайГаз» ҰК президентінің кеңесшісі,

экономика ғылымдарының докторы.

Соңғы жаңалықтар