Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жалпы сипаттағы жүйелі проблемалар әлі де шешімін таппай келеді. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz
"Біріншіден, өрт сөндіру бөлімдерінің елді мекендерден қашықтығы. Қысқы кезеңде жеке тұрғын үйде өрттің шығу қауіп-қатері артады, ауа райы жағдайлары (көктайғақ, жолды қар басу, боран және т.б.) күрделенеді, бұл өрт сөндіру топтарының келуі уақытына әсер етеді", деді министр Үкімет отырысында.
Ведомство мәліметінше, өрт қауіпсіздігіне қойылатын жалпы талаптарға сәйкес, бірінші өрт бөлімшесінің шақыру орнына келуінің нормативтік уақыты қалаларда − 10 минутты, ауылдық жерлерде 20 минутты құрайды. Бұл ретте қазіргі кезде қалаларда аталған іс-қимылдар уақыты шамамен 11 минутты, ауылдық аудандарда 30 минут және одан да көп уақытты қамтып тұр. Республика бойынша ТЖМ-нің 413 өрт сөндіру бөлімі бар. Олар жыл сайын орта есеппен өрт шарпыған нысандардағы 40 мыңға жуық шақыртуға барады. Өрт сөндіру топтарының уақтылы келуін қамтамасыз ету үшін 122 өрт сөндіру депосы қажет.
"Өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп, біздің бөлімшелеріміз жоқ елді мекендерде өрт сөндіру бекеттерін құру арқылы мәселені шешуге тырысып жатырмыз. Үш жылда 153 бекет жасақталды. Қазіргі кезде еліміз бойынша барлығы 396 бекет қызмет етуде, бұл жалпы халық саны бір миллионнан (1,2 млн) астам 1 200 (1 189) ауыл мен кенттің қорғалуын қамтамасыз етті. Сонымен қатар, соңғы үш жылда жоспарлы көрсеткіштер 60 пайыздан аспайды. Өңірлердің әкімдеріне өрт сөндіру бекеттерінің тиімді географиялық орналасуын ескере отырып, оларды құруды қамтамасыз ету талап етіледі", деді Ю. Ильин.