Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев еліміздегі ескек есу жəне желкен спорты бойынша оқу-жаттығу жиындары өтетін Бадам су-қоймасы спорт базасының жұмысымен танысып, спортшылармен кездесті. Әмбебап оқу - жаттығу базасы 130 адамға арналған. Сегіз гектар аумақты алып жатқан спорт базасында жасанды көл, екі спорт алаңшасы, қайықтарды қажетті температурада сақтайтын қойма мен жөндеу орындары да бар.
Түркістан дербес облыс атанғанда, облыстық спорт кешені Шымкент қаласының үлесіне өткен. Қазір мұнда Түркістан облысы мен шымкенттік спортшылар жаттығуда. Халықаралық дәрежедегі ескек есу каналы Түркістан қаласында келер жылы салынады.
Олимпиадалық су кешенінің эскиздік жобасын облыс әкімі Өмірзақ Естайұлы мақұлдады. Ескек есу жəне байдарка спорты бойынша олимпиадалық стандартқа сай орталық 80 гектар алқапқа жайғасады. Осылайша Қазақстанда су спорт түрлерінің дамуына ықпал етіп қана қоймай, Түркістанда жоғары деңгейдегі жарыстар өткізуге мүмкіндік туады. Сапбординг, су шаңғысы, флайбординг, вейксерфинг, канополо, драгонбот және жағажай ойындар футболы, волейбол, гандбол, теннис, регби секілді су және жағажай спортының танымал түрлерін дамытуға септігін тигізетін спорт кешенінде кеңселер, қонақүй, сауда орталықтары, аквапарк, балалар аттракциондары және тағы бас нысандар орналасады.
Айта кетелік, Токио олимпиадасының жолдамасы үшін лицензиялық турнирлерге Түркістан облысынан ескек есуден Ирина Клинова мен академиялық ескек есуден Владислав Яковлев, сонымен қатар параконоэден еліміздің дарынды спортшылары Жалғас Тайкенов пен Бибарыс Спатай қатысады.
Түркістан облысы