Білім іздеп, арман қуып шетелге аттанған жастарымыз көп. Олардың еңбегі еленіп, аты шығып жатса, апыр-ай қазақтың баласы ғой деп, сырттан сүйсініп отырамыз. Сондай дарынды жігіттің бірі Ержан Байымбетов 10 жылдан аса Еуропада қызмет етеді. Еңбек жолын дербес компьютерлер шығарушы IBM компаниясынан бастаған ол түрлі жетекші компанияларда жемісті қызмет етіп келеді. Бүгінде Мюнхенде тұратын оны көбі BMW-ның «миын» жазып шыққан қазақ деп біледі. Әңгімеге тартпақ болып, келіскен уақытта хабарласқанымызда дәл немістер секілді тура уақытында қоңырау шалдыңыз десіп әңгімесін бастап кетті.
– Ержан, біз сіздің оқушы кезіңізден математика мен физикаға құштар болғаныңызды естідік. Сол қызығушылық сізге үлкен мүмкіндіктерге жол ашты, бүгінде шетелдік алпауыт компаниялар жарыса жұмысқа шақыруда. Бәрі неден басталған еді? Қарапайым университет оқытушысы әйгілі дербес компьютерлер шығарушы IBM компаниясына қалай жолдама алды?
– IBM – дербес компьютерлерді алғаш шығарған әлемдегі ең мықты технологиялық компания. Оның ғылыми орталықтары әлемнің бірнеше қаласында орналасқан. Мен Цюрих қаласындағы орталықта өндірістік тәжірибеден өттім. Ол үшін ең әуелі IBM компаниясы жыл сайын ұйымдастыратын Great Mind Challenge атты сайысына қатысқам. Додада бағым мен бабым қатар шауып бірінші орынды қанжығаға байладым. Кейінірек жарыс ұйымдастырушылары мені IBM-ның Швейцарияда орналасқан ғылыми орталығына Edison атты жобасы аясында тәжірибеден өтуге шақырды. Онда Балтық теңізінде орналасқан Дания Корольдігіне тиесілі арал тұрғындарын жаңғыртылған энергиямен қамтамасыз ететін жобаға эксперимент жасадық. Мен сол жобаның бағдарламасын жаздым. Бұл ғылыми орталықта білікті профессорлар, ғалымдар және шетелдің түрлі мықты мамандары әр апта сайын бізге дәріс оқитын, соңғы трендтерден хабардар ететін. Аталған орталықтың басты миссиясы инновацияға жақын ақылды адамдарды әлемнің түпкір-түпкірінен бір орталыққа жинау еді.
Кейінірек 5 айға жуық уақытқа созылған тәжірибем аяқталған соң Қазақстанға оралып, ҚБТУ-дағы оқытушылық қызметімді әрі қарай жалғастырдым. Одан кейін Аустрияның Линц қаласында орналасқан Иоганн Кеплер атындағы университетке докторантураға түстім. Онда мобильді телефон арқылы адам эмоциясын анықтау тақырыбы бойынша зерттеу жүргіздім.
– Ақылды көліктер құрастыру ісінде де тәжірибеңіз бар екен. Көлік жасау индустриясындағы жетекші компаниялардың бірі BMW-ның Мюнхен қаласында орналасқан штаб-кеңсесіне қалай жұмысқа қабылдандыңыз?
– Қазір әлемде барлық автокөліктерді автоматтандыру үрдісі жүріп жатыр, олардың көптеген сервисін интернетке қосу қолға алынған. Яғни, сіз интернет арқылы өзіңіздің машинаңызды басқара аласыз. Ол көлік ішінде орналасқан сенсор арқылы басқарылады. Таяу болашақта осы ақылды сенсорлар көмегімен көліктер өздігімен жүретін күнге жетеді. Ол уақытта сіз машинаңызды қосып қойып, өзіңіз телефонмен сөйлесіп, кітап оқып немесе сол сияқты кез келген басқа да әрекеттерді істей аласыз. Ал машина өздігімен жүре береді. Бұл ретте түрлі мобильді қосымшалар бар. Мысалы сенсорларды интернетпен басқарудан бөлек, машинаның қайда орналасқанын білуге болатын функция да кездеседі.
Бүгінде машина құрастырушы компанияларға IT-бағдарламашылар мен инженерлер ауадай қажет. Жаңа заманда барлық дүние цифрландырылып жатқанда кез келгені трендтен қалып қалмауды ойлайды. Сол үшін қазір IT инженерияға көңіл бөлу маңызды. Ол болмаған жағдайда индустриядан кетіп қалудың қаупі жоғары. Қазіргі уақытта IT департаменті оған өте көп көңіл бөліп жатыр. Солардың бірі – BMW компаниясы. Көлікті пилотсыз жүргізумен қамтамасыз ететін көптеген сенсор бар, мен сол сенсорларға арналған бағдарлама жаздым. Қазақша айтқанда BMW-ның «миын» жазып шықтым. Бұл мен үшін өте қызықты тәжірибе болды, өйткені бұрын-соңды көліктерге арналған бағдарлама құрастырып көрмегенмін әрі мұның қалай іске асырылатыны мен үшін қызық болды. Мұнда жұмысқа орналасуымның себебі – осы. Маған компания аты емес, жоба идеясы маңыздырақ еді. Сөйтіп Линцтағы оқуды бітіргеннен кейін Headhunter-ден BMW компаниясының ІТ-маман іздеп жатқанын біліп, онда құжаттарымды тапсырдым. Компанияның кадр бөліміндегілер мені Мюнхен қаласына әңгімелесуге шақырып, жұмысқа қабылдады.
– Германиядағы ең үлкен CHECK24 атты компанияға жұмысқа шақырылғаныңыздан да хабарымыз бар. Онда қандай қызмет атқардыңыз?
– BMW компаниясынан кейін бірнеше шетелдік компанияда жұмыс істедім. Оның әрбірінде тамаша тәжірибе қорын жинақтадым. Олардың әрқайсысы бір-біріне ұқсамайды, бағыттары бөлек. ІТ-саласында бағдарламалар жиі жаңарып отыратындықтан бізге білімімізді үнемі дамытып отыру маңызды. Егер өз-өзімізді жан жақты дамытпасақ, екі жылдан кейін біз технологиялардан қалып қоюымыз бек мүмкін. Сол себепті тағы бір жаңа технологияны игеру үшін жұмысымды басқа бағытқа ауыстырмақшы болдым. Сөйтіп жүргенімде мені fintech саласы бойынша Германиядағы ең үлкен компания CHECK24 жұмысқа шақырды. Бұл елде 600-дей банк бар, несие алуға мәжбүр тұрғындар банкке бармай-ақ, біз құрастырған жүйеге кіріп, 2 минутта несие ала алады. Қолданушыларға тиімді болу үшін біз ол жүйенің мобильді қосымшасы мен сайтын жасағанбыз. Адамдар сол платформаға кіру арқылы кез келген уақытта өзіне қажетті несие, сақтандыру, заттар сатып алу, демалысты жоспарлау сынды көптеген нәрсені жылдам, онлайн ала алады. Мен осы жүйенің жұмысына жауапты болдым. Мұнда екі жарым жылдай қызмет еттім. Ал қазір Мюнхен қаласында орналасқан, жылдық айналымы 25 млрд еуроны құрайтын Еуропадағы ең ірі ритейлер компания – Saturn Mediamarkеt-ке жұмысқа орналасып жатырмын. Меніңше, технологияға қызығатын маман әртүрлі техноалаңдарды көру қажет. Өйткені ІТ мамандарына бір жерге бірнеше жылға тұрақтау тиімсіз, себебі жоғарыда айтып өткендей, жаңа технологияны меңгеріп алған соң өзге де тың нәрсені үйрену керек.
– Шетелдік ірі компаниялардың кадр бөлімдері бірінші кезекте қызметкердің қай қасиетіне көңіл бөледі? Қызметкерлерді жұмысқа алу тәртібі қандай? Біздегідей сынақ мерзімі бар ма?
– Мұнда жаңадан жұмысқа қабылданған қызметкер 3 айдан 6 айға дейін сынақ мерзімінде жүреді. Кадр бөліміндегілер бұл аралықта қызметкердің бірнеше қасиетіне мән береді. Ең бірінші кезекте оның кәсіби біліктілігі назарға алынады. Оның жаңа технологияларды қаншалықты білетіндігіне немесе игеріп кете алуына қарайды. Бұдан соң оның әріптестерімен қарым-қатынасы маңызды. Бұл салада белгілі бір дүние жасау үшін бір ғана адамның жұмысы аздық етеді. Күрделі технологиялық қызметтердің әр тетігін әр адам жасайтындықтан мұнда командамен жұмыс істеу маңызды. Сол үшін олармен жақсы қарым-қатынаста болу керек. Ағылшын тілінде мұны soft skills дейді. Яғни, оның кәсібилігі мен мінез-құлқы арасындағы үйлесім тапқан тандемді айтады. Бұл технологиялық жұмыс болғанмен де коммуникация, адамдармен жақсы қарым-қатынаста болу, өзінің креативті ойын жеткізе алу деген сынды адамның жеке қасиеттері ескеріледі. Сондай-ақ әр жұмыста талап етілетін маңызды бір пункт – жауапкершілік. Батыс елдерінде кәсіби және кәсіби емес маманның айырмашылығы – жауапкершілікте. Мұнда кез келген істе жауапкершілікке мән беріледі.
– Қазақстандағы IT-индустрия мен батыстағы жағдайды алып қарасақ, бізге қандай дүниелер жетіспейді?
– Бізге бірінші кезекте Назарбаев Университет, ҚБТУ сынды мықты жоғары оқу орындар санын көбейту керек. Сапалы университеттерді көбейту арқылы онда білім алып шығатын мықты ғалымдардың санын арттырамыз. Сондай-ақ студенттер тәжірибе алмасу үшін шетелге барып келе алатындай жағдай жасау маңызды. Екіншіден, бізге ашық ғылымға шығу керек. IT-индустриясында шекаралар жоқ. Сол себепті біздің ғалымдар шетелге барып, ондағы инвесторлар бізге еркін келіп тұру керек. Сондай-ақ аутсорсинг ісін жаңғыртуға болады. Мысалы бүгінде көптеген компания өз өнімдерін, идеяларын екінші бір басқа компанияға сатып жатады. Батыс Еуропада бірқатар компания өз өнімдерін Шығыс Еуропаға әрі қарай дамыту мақсатында жиі береді. Осындай аутсорсингпен айналысуға Қазақстанның да әлеуеті бар. Біздің елімізде өте жақсы бағдарламашылардың барын мен жақсы білемін. Неге бізге де шетелдік компаниялар сияқты өз өнімдерімізді аутсорсинг арқылы дамытпасқа? Бұл үшін біз Еуропа және Америкамен арадағы байланысты нығайтуымыз қажет. Бұдан соң елдегі бизнес климатты дамытуға болады. Қалталы азаматтар қазақ компанияларына инвестиция жасап жатса, ол арқылы жастардың түрлі стартаптары көбейер еді.
– Қазір IT саласының бағыты тарам-тарам екенін көзбен көріп, құлақпен естіп жүрміз. Бірі темір-терсектен теңдесіз дүние құрастырады, бірі мобильді қосымша ойлап табады, енді бірі ақпараттық технологияның жілігін шағып, майын ішеді. Соның ішінде табысы мол бағыты қайсы?
– Мобильді қосымша болсын, сайт жасау бар, тағысын тағы мұның бәрі IT-саласындағы құрал ғана. Олардың әрбіріне қазір сұраныс жоғары екені белгілі. Кез келгені адамның өмір сүру тәртібін жеңілдету үшін қызмет атқарады. Қоғамда оларға сұраныс бар болғандықтан, табысы да соған сай келеді. Алайда сөзіңіздің жаны бар. Бұл салада бірегей бағыттар да баршылық. Мұнда, әсіресе жасанды интеллект пен Big data-да жұмыс істейтіндердің болашақта жұмысы көбірек болады. Өйткені индустрия осы дүниелерге бет бұрып келеді. Болашақ IT-инженерлер осы бір сұранысқа ие трендтегі бағыттарды көбірек меңгерсе болады.
– Қарап отырсақ, түрлі салада тәжірибе жинақтап жүр екенсіз. Белгілі бір білім мен біліктілік қорын жинақтаған соң, жұмыс күшіңізді қай арнаға бұрасыз? Елге оралып, өз жобаларыңызды дүниеге әкелу ойда бар ма?
– Жақын арада әлі де болса тәжірибе жинақтаймын. Өзімді әрі қарай да жан-жақты дамытқым келеді. Технологиялар үнемі жаңарып отырған соң олармен ілесе жүріп даму біз үшін маңызды. Осы уақытқа дейін түрлі бағытта қызмет етіппін. Бір ғана қалыпта, бір орында тоқтап қалғым келмейді. Біраз білім қорын жинақтаған соң оны өзгелермен бөлісу ойымда бар. Осыдан екі жыл бұрын өзімнің семинарларымды өткізгенмін. Алда мұндай дәрістерді әлі де жасап тұруға тырысамын. Білген-көргенімнің басқаларға пайдасы тиіп жатса, мақсаттың орындалғаны деп білемін.
– Меніңше, бізде табиғатынан дарынды мамандар өте көп. Өкініштісі, олар шетелге тәжірибе жинақтауға кетіп, отанына қайта оралмайды. Бұған не себеп? Әлде олар үшін бізде қолайлы орта жоқ па?
– Әр сала маманының өзіндік себебі болуы мүмкін. Менің ойымша, бұл көбінде индустрияға байланысты болады. Мысалы, IT-саласын алып қарасақ, кейбір бағыттар бойынша оқыған адамдар үшін Қазақстанда жұмыс табылмай жатады. Өйткені IT-индустриясында жаңалықтар мен өзгерістер көп. Олар – үнемі ізденістің адамдары. Сол сияқты елдегі мұнай, газ, машина және тағы басқа индустриялар дамыған сайын олармен қатар жүретін ақпараттық технологиялар саласының адамдарын да дамытып отыру керек.
Мен танитын жастардың көбі елге оралатынын айтады. Отанымыз Қазақстан ғой. Сыртта білім алып, жұмыс істеп жүрген әр жастың бойында патриоттық сезім берік екеніне шүбәм жоқ. Олар мүмкін 5 жылдан кейін, мүмкін 10 жылдан кейін оралуы мүмкін. Белгілі бір тәжірибе қорын жинақтап болған соң елге келіп мүмкін өз компаниясын аша жатар. Оның барлығы – уақыттың еншісінде. Бүгінде елге келуге асықпайтын жастардың жай-күйін дұрыс қабылдау керек. Одан кейін біздегі талантты жігіттер мен шетелдегі жастар арасында байланыс орнату қажет. Өйткені көп жағдайда сыртта жүрген қыз-жігіттер елдегі IT индустрияның жай-күйінен бейхабар болып жатады. Елде не болып жатқанын көп біле бермейді.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Маржан ТІЛЕУБЕК,
«Egemen Qazaqstan»