• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 04 Қараша, 2020

Көшпелі медициналық кешендер шалғай ауылға қалай жетеді?

329 рет
көрсетілді

Өз еліміздегі «СарыарқаАвтоПром» ЖШС кәсіпорнында жасалған мобильді медициналық орталықтар өңіріміздегі шалғай аудандарға жіберілді. Бұл медициналық кешендер көшпелі жағдайда диагностикалық зерттеулердің кең спектрін жүргізуге мүмкіндік береді.

«Расында, бұл – жақсы мүмкіндік. Өңірі­мізде облыс, аудан орталықтарынан шалғайда орналасқан ауылдар бар. Мысалы, біздің тау баурайындағы шалғайда жатқан ауылдар үшін көшпелі мобильді жылжымалы медициналық кешендер өте тиімді болмақ. Енді дәрігерлер скрининг, тексеру және кәсіби тексеру жүргізу үшін ауылдықтарға бара алады, сондай-ақ сол жерде барлық қажетті көмекті көрсете алады. Бұл медицинаның қазіргі тұжырымдамасына сәйкес келеді және алғашқы медициналық көмек көрсетудің қолжетімділігі мен ыңғайлылығын көрсетеді», дейді Баянауыл аудандық ауру­ханасының бас дәрігері Серікжан Арынов.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, өңірге берілген мобильді медици­на­лық орталықтар қазіргі кезде Баянауыл, Же­лезин, Ертіс, Павлодар және Шарбақты аудандарына жіберілген. Кешендердің негізінде науқастарды қабылдауға арналған салалық дәрігерлер құрамы да бекітілген.

Енді цифрландыру жүйесі арқылы жедел же­лілік байланыста, яғни, жедел жәрдем, бар­лық қала­лық, ауылдық, аудан орталығындағы фельд­­шерлік пункттер, емханалар мен ауруха­налар бірлескен өзара іс-қимыл бағытында қыз­мет атқарулары тиіс. Ауылдық жерлерде тұр­ғындардың диагностикалық жағдайын жақсарту, ауыр науқастарды ертерек анықтап, оларды облыс орталығына мамандандырылған медициналық көмек алуға жіберу маңызды.

Кезінде Елбасының тапсырмасына сәйкес елімізде денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақ­стан» мемлекеттік бағдарламасы жүргізіл­ді. «Денсаулық пойыздарының» ауылдарды аралағанын білеміз.

Ал енді облыстық денсаулық сақтау басқарма­сының мәліметінше, бұрынғы «Денсаулық пойыздарының» орнына енді әрбір ауылға тіке­лей баратын кешендердің көмегімен созылмалы инфекциялық емес ауруларды ерте анықтау, денсаулық жағдайының тобын анықтау, алдын алу, емдеу, оңалту және сауықтыру іс-шара­ларын жүргізу үшін денсаулық жағдайына те­рең зерттеу жүргізуге болады. Барлығы да ци­фр­лы жабдықпен жарақталған жалпы тәжірибе дәрігерінің және талдауларды қабылдау аймақтары, дәріхана пункті, жалпы қабылдау кабинеттері, акушер-гинеколог, ультрадыбыстық және рентгенологиялық зерттеулер жасайтын 7 мамандандырылған кабинеттерден тұрады. Рентген және флюрография арнайы бөлмеде жасалады. Әрбір кешенде ерекше қажеттіліктері бар адамдарға арналған құрал-жабдық жүйесі орнатылған.

Бұған дейін жаз айында «Жаңа Павлодар» қоғамдық қоры құрылып, індетке қарсы шараларды қаржылай қолдау үшін жұмыс істей бастады. Облыстың ауруханаларына меценаттар мен кәсіпкерлер алып берген құрал-жабдықтар жеткізілген-ді. Бұл қоғамдық қор жанынан құрамында қалалық депутаттар бар «Қамқоршылар кеңесі» құ­рылды. Кеңес жиналған қаражаттың өз орнымен жұмсалуына бақылау жасайды.

Сөйтіп осы мақсатқа өңірдегі медициналық мекемелерге 214 млн теңгеге жуық қаражат бөлініп, медициналық ұйымдар көмек алған. Қор бөлген қаражаттың көмегімен облыс орта­лығындағы Туберкулезге қарсы балалар сана­торийінде, Екібастұз қалалық ауруханасында, Павлодардағы №1 қалалық ауруханасында, Баянауыл аудандық ауруханасында орта­лық­тандырылған газбен жабдықтау жүйесін қам­тамасыз ету үшін құрал-жабдықтар орнатып, ма­те­риалдары сатып алынды. Қор қаражаты Екібастұз қалалық ауруханасының жұқпалы ауру­лар бөлімшесі қарамағындағы Жедел жәрдем стансасын қайта құрып, қайта жарақтандыру үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге бөлінді. Тағы 103 млн 125 мың теңге 300 оттегі концентратын сатып алуға жұмсалды. Облыс­тағы үш қала мен аудандарындағы 15 меди­циналық аурухана, емханаларға құрал-жабдықтар алынды.

Ал жаңадан жеткізілген кешенді медициналық орталықтарды, жедел жәрдем көліктерін аралап, көріп шыққан облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов өңірімізге жеткізілген медициналық арнайы кө­лік­терді бірден пайдалана бастау қажеттігін ай­тып, күзгі-қысқы кезеңде күтіп ұстауға қатыс­ты бар­лық мәселені шешуді тапсырды.

Өзі де бұрын денсаулық сақтау саласында қызмет жасаған Әбілқайыр Сқақовтың мұн­дай ескерту айтуының өзіндік себебі де бар. Өйткені бұған дейін аурухана, емханаларға алын­ған қымбат шетелдік медициналық құрал-жаб­дықтардың бос тұратыны, жаңадан алынған медициналық көліктердің көрінбейтіні, ескі жедел жәрдем көліктерін сырлап, бояп ауылдарға жіберілетіні, шетелдік дүниемен жұмыс жасай алатын мамандардың жоқтығы жиі айтылып қалып жүрді. Яғни модульды медициналық ке­шендер сатып алынған соң үнемі қозғалыста болуы керек деген сөз. Бірақ осы жерде тағы бір мәселе көрінеді. Бұл – ауылдарға алып бара­тын кешендердің жүріп баратын жолдарының жоқ­тығы. Мысалы, өзіміз көрген, жолдары әбден тоз­ған Баянауылдың Жаңатілек, Мұрынтал сияқ­ты ауылдарына су жаңа жарқыраған мо­биль­ді медициналық кешен бара ала ма? Басқа аудандарда сондай жағдай. Осыдан кейін «Жар­қыраған қымбат кешендеріміз сынып қалуы мүмкін, өздеріңіз аудан орталығына келіп қара­лып-тексеріліп кетсеңіздер қайтеді?» деп ауыл тұрғындарын шақырармыз бәлкім?

Екіншіден, біздің өңірде жан басына шаққан­дағы ем-шара көрсету тарифі – еліміз бойынша ең төмен көрсеткіште. Өйткені ауылды тастап, қала­ға көшіп кетіп жатқандар саны бойынша облыс алдыңғы орында тұр. Урбанизация деңгейі өте жоғары. Сондықтан ауылдарда адам саны аз болғандықтан, аудандардағы медициналық мекемелер өз шығындарын толық жаба алмайды.

Үшіншіден, көліктік кешенді емхана ауыл­ға көктем мен күз аралығында бармаса, солтүс­тік өңірлердің қысқы ауа райы қатал. Қар құрсауында жатқан ауылдардың қарлы жолын табудың өзі бір қиын.

Төртіншіден, кешенді көліктерді сақтау керек. Кешендер «YUTONG» маркасымен шыға­рылып, Қостанай облысының «Сарыарқа Авто­өнеркәсіп» кәсіпорнында құрастырылыпты. Әрі қарай енді бұл кешендердің жұмыс жасау тиімділігі қандай өзі деген сауалды өзіңіз бағам­дай беріңіз. Қозғалмай бір орнында тұ­рып қалмасын деген мәселенің мәнісі осында. Қон­дырғылары көп, бұл кешендердің бағасы қымбат. Бір жылжымалы медициналық кешеннің құны – 156 млн 700 мың теңге. Сондықтан аудандарға оны күтіп ұстайтын мамандар қажет болады.

Мысалы, мобильді кешендерден басқа жедел жәрдем қызметі 22 жаңа реанимобиль алды. Оның 16-сы – «С» жедел жәрдем тобы. Ол «Hyundai H350» автомобильдерінің базасында жаб­дық­талған. «JacSunrau» негізінде тағы 6 «А» класты реанимобиль бар. Арнайы көліктер рес­публикалық бюджет есебінен сатып алынды. Бір «Hyundai H350» бағасы 41 млн 300 мың теңгені, «JacSunrau» бағасы 27 млн 910 мың теңгені құрайды.

Станса басшысы Қанадан Ахметжановтың айтуынша, әрбір автомобиль зембілдермен, шиналармен және алғашқы көмек көрсетуге арналған басқа да қажетті заттармен жабдықталған. Реани­мобильдерде диагностика және реанимация жүр­гізу үшін электрокардиограф, ӨЖЖ аппараты, инфузомат, пациент мониторы, дефибриллятор және желіге шығу үшін қажетті басқа да медициналық жабдықтар қарастырылған.

«Мен жедел жәрдем стансасында 30 жыл қызмет жасап жүрмін. Бірақ дәл осылай жарақ­талған реанимобиль ешқашан болған емес. Қазір біздің стансада індет кезінде көмек көрсету үшін барлық жағдай жасалды. Машиналарда оттегі аппараты орналасқан. Минутына 6-дан 10 литрге дейін оттегі беріп, ауа көлемін едәуір арттырады. Балалар, әйелдер, ерлер үшін оттегін берудің өзіндік бағдарламасы бар», дейді 103 қызметінің дәрігері Айман Темірғалина.

Қ.Ахметжановтың айтуынша, жыл соңына дейін 103 қызметіне тағы 87 жаңа реанимобиль келеді. Осылайша облыстық станса автопаркі толық жаңартылады. Жаңа санитарлық автокөлік қалалар мен аудандардағы барлық жедел жәрдем қосалқы стансаларына таратылады. Бұл күндері қыз­метке жаңадан 24 дәрігер, 34 фельдшер қа­былданған.

Біздің жазып отырған мәселе қаржының тиім­ді жұмсалуы. Жоба-жоспарлар жасар кезде алдымен еліміздің әр өңірінің, ауылдарының әлеу­мет­тік-эко­номикалық мүмкіндіктерін, ауа райын, жол­да­рының күйін ескере отырып, мобильді медици­налық кешендерді құрастыру керек пе еді деп ойлаймыз.

Облыстағы ауылдардың, әсіресе, Баянауыл, Екібастұз, Ақсу, Ертіс және басқа аудандар ауыл­дарының әлеуметтік жағдайлары өте төмен, қарапайым қоңыр күй кешумен отыр. Жолдың жыры өмірі бітпейді. Су бірде бар, бірде жоқ.

Ал облыстық денсаулық сақтау басқарма­сында бір жылда 3 басшы ауысты. Осыдан-ақ ауылдарға баратын, мобильдің кешендердің жөн-жобасының алдағы уақытта қалай боларын өзіңіз бағамдай берсеңіз болады.

Керісінше, бір өзі 150 млн теңге тұратын кешен­ді жасап берген мұндай ауқымды қаржыға «Ди­плом­мен – ауылға!» бағдарламасымен келетін жас ма­мандарға қаз-қатар тізіп үй салған әлде­қайда арт­ық болар еді.

Иә, қазір жалғыз біздің өңір ғана емес, басқа облыс әкімдіктері де «ауылдарымыздың тұр­ғын­дары енді ем іздеп қалаға бармайды, меди­ци­налық көмек көрсететін емхана көліктер өз­дері ба­рады» деп қуануда. Әрине, жаппай диагностика, ауыл тұрғындарының денсаулықтарын тексеру қазіргідей індет тараған кезде керек екені түсінікті. Сөйтіп біздің Денсаулық сақтау министрлігі биыл­дан бастап көліктік кешенді емханалар шалғай ауыл­дардағы ағайындар үшін сапалы медициналық қызметті қолжетімді етпек. Кешендер аудан орта­лықтарынан 100 шақырымнан аса қашықтықта ор­на­ласқан ауылдық аумақтарда медициналық қыз­меттерді жоғары деңгейде көрсетуге мүмкіндік береді.

Көліктер ауылдарды аралап, кестеге сай жы­лына 3-4 рет жолға шығып, ауылдықтардың денсаулықтарын қарайды деген жоспарлар орта жолда қалмаса игі.

 

Павлодар облысы