Ақтау қаласының автобус паркі 18 заманауи үлгіде жасақталған қоғамдық көлікпен толықты. Автобустар Қостанай облысының «СарыАрқаАвтоПром» АҚ зауытында құрастырылған.
Сыйымдылығы 70 жолаушыға арналған «Yutong» маркалы көлік экологиялық таза дизель отынымен жүреді. Еуро-5 стандарттарына сәйкес келетін газ қозғалтқыштарымен жабдықталып, мүмкіндігі шектеулі жандарға ыңғайлы болу үшін төмен еденді етіп құрастырылып, арнайы көтергіш құралы орнатылған. Жаңа қоғамдық көліктерде қауіпсіздік шарасы да қарастырылған. Яғни көлік бейнебақылаумен жабдықталған. Жазда тұрғындарға ыңғайлы болу үшін салқындатқыш қойылған және алдағы уақытта GPS қондырғысы қойылмақ.
Облыс әкімі Серікбай Трұмов қала халқын қуанышты сәтпен құттықтап, жаңа қоғамдық көліктер ақтаулықтардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған маңызды қадам екенін атап өтті.
«Өңірде қоғамдық көлік мәселесін шешу мақсатында «Каспий» ӘКК ҰК» АҚ бастамасымен 2018 жылы «Ақтау қаласы автобус паркін жаңарту» бағдарламасы жасақталды. Сондай-ақ бұл Nur Otan партиясының сайлау алдындағы бағдарламасына да енгізілген. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл басында Үкіметтің кеңейтілген отырысында жолаушылар тасымалы мен оларды субсидиялау мәселесін жүйелі түрде шешуді тапсырған болатын. Міне, бүгін Ақтау қаласына елімізде құрастырылған отандық өнім қала тұрғындарын тасымалдайтын болады», деді Серікбай Трұмов.
Автобустардың жалпы құны 721,8 млн теңге, оның 30%-дық алғашқы жарнасы мемлекет тарапынан төленді, ал қалған 70%-ы «Қазақстан Даму Банкі» АҚ-ның лизингтік бағдарламасы арқылы төленеді.
Бұдан кейін көлік табыстау шарасы денсаулық сақтау саласында жалғасты. Медицина басқармасының материалдық-техникалық базасы тағы 2 жылжымалы медициналық кешенмен толықты. Отандық автокөлік негізінде құрастырылған және көшпелі жағдайда азаматтардың денсаулығын тексерудің кең спектріне арналған техникалар Түпқараған мен Қарақия аудандық ауруханаларына табысталды.
Созылмалы ауруларды ерте анықтау, денсаулық жағдайын, алдын алу және емдеу рәсімдерін анықтау үшін қажетті заманауи цифрлы құралдармен жабдықталған жылжымалы диагностикалық медициналық кешендер Yutong қалааралық автобусы негізінде құрылған. Бұл көліктердің автономды жылыту, кондиционерлері және бірнеше кабинеті бар. Гинекологиялық қарау кабинеті, биохимиялық қан алу учаскесі, дәріханалық пункт, жалпы қабылдау кабинеті, рентген-бөлмесі бар кешенде медициналық тексерулер, диспансерлік тексерулер, консультациялық-диагностикалық медициналық көмек көрсету, медициналық және зертханалық зерттеулер, саламатты өмір салтын үгіттеу және қалыптастыру қызметі жүргізілмек. Сондай-ақ қорғасын бөлмесінде қауіпсіз рентген және флюорография жасауға болады. Арнайы жасақталған көлік медициналық көмек көрсету, скринингтер өткізу, білікті мамандардың консультацияларын жасау арқылы ауылдық жерлердегі халыққа медициналық қызметтерді жоғары деңгейде көрсетуге мүмкіндік береді.
Қарақия аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Гүлшара Сақтап Сенек, Құланды және Бостан ауылдарына барып, диагностикалық-медициналық кешен қандай қызмет атқаруға қауқарлы екенін, тұрғындарға сапалы медициналық көмек көрсетуде ешқандай кедергі жоғын айтты. Ал Түпқараған аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Гүлшат Шалабаева, республикалық бюджет есебінен сатып алынған кешеннің көмегімен жұмыс едәуір жеңілдей түсетінін айтады.
Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жамал Жаманбаева жылжымалы медициналық кешенімен жеке танысып, медицианлық көліктердің шалғайдағы ауыл тұрғындарына дер кезінде сапалы медициналық көмек көрсетілетініне сенімді екенін жеткізді.
Маңғыстау облысы