• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қоғам Бүгін, 12:30

Жасөспірімдер трагедиясы қоғамды ойландырып тұр

20 рет
көрсетілді

Жамбылдықтар кейінгі уақытта жасөпірімдер арасындағы трагедияға қатты алаңдайтын болды. Жергілікті атқарушы билік өкілдері мен құқық қорғау органдары жұмылған жұдырықтай бірлесе іске кіріссе де, араға айлар салып, жасөспірімдер арасында қайғылы оқиғаның тіркелуі тоқтамай тұр.

Жаңа оқу жылы бас­тал­ған уақытта Тараздағы мектеп­тердің бірінде жасөспірім­дер арасындағы жанжал салдарынан өрімдей жас ауыр соқ­қы алып, жарық дүниемен қош айтысқан еді. Шу ауда­ны­на қарасты Көкқайнар елді мекеніндегі трагедия да та­лайдың жанына батқаны мәлім. Бұдан соң жауаптылар жедел іске кірісіп, білім алушылар арасындағы қатыгездік тоқтағандай көрінген.

Алайда біршама уақыт бұрын Қордай ауданында екі бірдей мектеп оқушысының мәйіті табылып, жұрт тағы дүрлікті. Өйткені оқушылар ара­сындағы өлім бір отба­сы­­ның ғана емес, тұтас қоғам­ның өзек­ті мәселесіне айна­лып отыр. Өрімдей жас­өс­пірімдердің өлімі толған­дырмай қоймайды.

«Қордай ауданында бол­ған өз-өзіне қол жұмсау дерегі бо­йынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта оқиғаның бар­лық мән-жа­йын жан-жақты анықтау мақ­сатында қажетті тергеу ша­ралары жүргізіліп жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәй­кес өзге ақпарат жария етуге жатпайды», деді облыстық поли­ция департаментінің өкілі Қор­дайдағы жасөспірімдер өліміне қатысты ресми мәлім­демесінде.

Бала тәрбиесінде ата-ана, қоғам, жергілікті атқару­шы билік пен құқық қорғау ор­ган­дарының мойнына жүк­телген жауапкершілік жүгі ауыр екені анық. Осы орайда қоғам болып балалардың қауіп­сіздігіне жан-жақты бақы­лау жүргізіп отырмыз ба деген сауал туындайды. Енді дерек­ке жүгінсек.

«2026 жыл «Балалар жы­лы» деп жариялануына бай­­ла­ныс­ты жас ұрпақтың қауіп­сіздігі мен құқын қор­ғау мәселесіне ерекше мән беріліп отыр. Осы бағытта кәмелетке толмағандар қауіп­сіздігін қамтамасыз ету бо­йынша ауқымды жұмыс жүр­гізіліп жатыр. Балаларға қатысты қылмыс саны 17,9 пайызға төмендеді. Бүгінде 531 мектеп пен 42 колледжге 700-ден аса полиция қызметкері бекітіліп, қылмыстың алдын алу іс-шаралары күшейтілді. 188 жасөспірім және бала тәрбиесіне салғырт қарайтын 105 ата-ана профилактика­лық есепке алынды. 11 кәмелет­ке толмаған жасөспірім арнайы білім ұйымдарына жолданып, 26 адам ата-ана құқынан айырылды. Кәме­летке тол­мағандар істері жө­ніндегі комиссиялардың 69 отырысы өтті. Қазіргі таңда 309 қолайсыз отбасы, 409 жасөспірім есепте тұр. Рейд­тік іс-шаралар барысында ішкі істер органдарына 3 615 кәмелетке толмаған жет­кізіліп, 3 581 әкімшілік хаттама толтырылды. 3 148 дерек түн­гі уақытта заңды өкілсіз жүр­гені үшін тіркелсе, 443 ата-ананың тәрбиелік міндетін орындамағаны белгілі болды. 115 деректе балалардың ойын-сауық орындарында жүр­гені анықталған. Ұсақ бұза­қы­лық бойынша 90 дерек тір­келсе, алкоголь тұтынған 23 дерек анықталған. 20 буллинг және кибербуллинг дерегі тіркелген. Жүргізілген талдау нәтижесінде кәмелет­ке тол­мағандар арасындағы құқықбұзушылықтардың не­гізгі себептерін айқындады. Олар­дың қатарында ата-ана бақы­лауының жеткіліксіздігі, қа­рау­сыз қалдыру, асоциалды ортаның әсері, бейрес­ми көшбасшылардың ықпалы, әлеу­меттік желілер мен мес­сенджерлер арқылы теріс ақпараттың таралуы, тұр­мыстық жанжалдар, сондай-ақ жекелеген отбасылардың материалдық жағдайының төмендігі секілді себептер бар», деді облыстық Полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Манас Абдукармиов.

Әрине, ата-ананың жауап­кершілігі қайткен күнде де бі­­рінші орында тұратыны анық. Алайда өңірде мұндай жан­түршігерлік оқиғаның тір­ке­луі жергілікті билікті де тол­ғандырмай қоймаса керек. Өйт­кені биыл балалардың қа­уіп­­сіздігін қамтамасыз етуге ай­рықша басымдық беріліп отыр.

Жаңа оқу жылының ба­­сын­­­дағы қайғылы оқиға­лар өңір билігіне сын болды. Облыс бас­шысы Ербол Қарашөкеев сол кезде жоғары лауазымда отырған бірнеше жауаптыларға тәртіптік жаза қолданған еді. Ал Қордайдағы оқиға бойын­ша әлі тергеу жүргізі­ліп жатыр. Алайда толыққан­ды мәлімет жоқтың қасы.

Үш жыл бұрын Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мем­лекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев жас ұр­пақтың қауіпсіздігіне айрықша назар аударғаны белгілі. Содан бері жасөспірімдер арасында­ғы қылмыс пен өлімге қатысты жұмыс өңірлерде жүйелене бастады. Әйтсе де, жүрекке жара салатын оқиғалар оқ­тын-оқтын қайталанып жататыны ауыр тиеді.

«Тағы бір назар аударатын мәселе – жас ұрпақтың қауіпсіздігі. Балаларға қа­тыс­ты жантүршігерлік қыл­мыстар жиілеп кетті. Мұн­дай оқиға­лар мектепте, көше­де, тіпті үйде болып жа­тыр. Сорақы жағдайлар оқушы­лардың өзі­не қол жұмсауына себепкер болып отыр. Тіпті ата-ана­лардың өздері баласына қор­лық көрсетіп, оның арты қай­ғылы жағдайға ұла­сып жатады. Отбасындағы зор­лық-зом­былықтың алдын алу жұмысы әлсіз. Жауапты мекемелер мен құқық қорғау органдарының қызметі ойда­ғыдай нәтиже берген жоқ. Тұрмыстық зорлық-зомбы­лықтың алдын алу саясатын қайта қарауымыз керек», деген Президент сөзін барлық жауапты азамат назардан тыс қалдырмағаны жөн.

Қалай болған күнде де, жас­­өспірімдер арасындағы өлімнің жиі тіркелуі – қоғам үшін орны толмас трагедия. Жамбылдық жастардың қауіпсіз ортада өмір сүруін қамтамасыз ету жер­гілікті би­лікке үлкен сын бо­лып тұр.

 

Жамбыл облысы 

Соңғы жаңалықтар