• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Аймақтар 04 Қараша, 2020

Мал терісінен қолөнер бұйымдарын жасайды

1732 рет
көрсетілді

Маңғыстау ауданының Үштаған ауылында қазақ халқының қолөнері мен тұрмыста жиі қолданылатын бұйымдарын жасаудың ерекше үлгісі дамып келеді. Ауылдың байырғы тұрғындары Мұсахан мен Елейхан Егізбаевтар білгендерімен бөлісіп, жастарға үйретіп жүр.

Шеберлердің айтуынша, киіз үй жабдықтарын тоқу, киіз басу мен қамшы өру олар үшін күнделікті жұ­мыс. Ескірген жабдықтарды жа­ңар­туға, өрмек тоқу мен көрпе тігу жұ­мы­сына қыз-келіндері мен немере-жиен­дері де қолғабыс етеді. Бірі ұр­шық иір­се, бірі тоқыма тоқиды, енді бірі киіз басу үшін жүн сабайды.

«Малдың терісінен төсеніш дайын­дау үшін, алдымен теріні дайындап аламыз. Әуелі сойылған малдың те­рісін тұздап алу қажет. Содан соң кептіреді. Кейін ыстық су және айранмен жуып, лас терісін алып, иісін кетіреміз. Кеуіп, жұп-жұмсақ тері да­йын болғанда пайдаланады. Малдың терісі, жүні, сүйегі, ішегі бәрі пайдаға асады. Терісінен кезінде тымақ, ішік пішетінбіз. Қазір жұмсақ, адам ағза­сына пайдалы теріні балаларға жылылыққа төсеймін. Бұдан бөлек, түйе жүнінен көрпе тігіп, қойдың жүнінен киіз басамыз. Жүнді тазалап жуып, жіп иіріп шұлық, жемпір, ешкі жүнінен түбіт орамал тоқимыз. Кезінде ішегін домбыраға ішекке пайдаланатынбыз. Қазір бұл құндылықтарды үйренуге ниетті жастар аз. Осындай қолдан жасалатын табиғи  дәстүрлі қолөнер бұйымдарын кейінгі ұрпаққа үйрету мақсатымыз», дейді Елейхан Егізбаева.

Ал отағасы Мұсахан Егізбаев бол­са қамшы өріп, сүйектен сабын жа­сайды.

«Алдымен түйенің терісін тұздап, тазартып, айранмен илеп, пайдаға асатындай жұмсарған соң алты, сегіз тіпті он екі өрімге қарай тілінеді. Жың­ғыл ағашын жонып, бес тұтам етіп дайындап, төрт тұтам басына теріден қамшы етіп өреді де тарамыс­пен тігеді. Тарамыс дегеніміз – ірі қараның сіңірінен алынған берік жіп. Тарамыс әзірлеу үшін күзде соғымға сойылған ірі қараның желке, жіліншік сіңірлерін етсіз сылып алу керек. Сылынған сіңірлерді көлеңкеге іліп қойып, бабымен кептіреді. Әбден кепкен тарамысты балғамен жұмсартады. Қамшы секілді теріден жасалатын бұйымдарды осы тарамыспен тігеді. Ал, малдың сүйегін әбден қайнатып сабын дайындайды. Сүйек майы толық қайнаған соң сүйекті алып тастап, итсигек шөбін қосып қоюланғанша қайнатып, әртүрлі қалыппен сабын жасауға болады, деді Мұсахан Егіз­баев.

Малдың терісін лақтыра салмай, кәдеге жаратып жүрген үштағандық отбасының тірлігі – көпке, әсіресе жас­тарға өнеге.

 

Маңғыстау облысы