Сенатор Ольга Булавкина жетім балалардың тәрбиесі мен күтіп-бағу мәселелеріне жетекшілік етіп келеді. Ол интернаттардың басшыларымен онлайн түрде жүздесу өткізіп, балалар үйлері түлектерінің өмір сапасын жақсарту жөніндегі шараларды талқылады, деп хабарлайды Egemen.kz Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сенатор мамандармен әңгіме барысында балалар құқықтарының бұзылуы, қиын жағдайға тап болғандарға материалдық және құқықтық көмек көрсету сияқты мәселелерді қозғады. Балалар үйінің түлектері де психологиялық түрде қолдау мен ілгерілетуді, әлеуметтендіру мен жұмысқа орналастыруды қажет етеді. Жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың бос уақыты туралы да естен шықпауы керек.
Сенат депутаты Ольга Булавкина Шығыс Қазақстан облысындағы "Үміт" балалар үйінің қамқоршылық кеңесінің құрамында болып отыр.
"Үміт" балалар үйінің өз балалар лагері бар. Мен балаларға осы лагерьде жыл бойы демалуына, спортпен шұғылдануына, күзгі-қысқы кезеңде демалудың жаңа түрлерін ашуға көмектескім келеді. Осыған байланысты мен лагерьді жылытуға қаражат бөлуге көмектесу үшін Шығыс Қазақстан облысы әкімінің атына өтініш дайындап жатырмын", - деді Ольга Булавкина.
Онлайн түрдегі жүздесуге білім және ғылым министрінің орынбасары Бибігүл Асылова, адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова, бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин, сондай-ақ халықаралық және отандық ҮЕҰ өкілдері, балалар үйлері мен жасөспірімдер үйлерінің қамқоршылық кеңестерінің мүшелері қатысты.