Солтүстік Қазақстандағы эпидемиялық ахуал тұрақсыз болып отыр. Жергілікті билік бұған дейін де бірқатар шектеу шараларын жүргізгенімен жағдай оңалмады. Облысқа Ресейден жиі келетін жолаушылардың жаман індетті әкелу үдерісі жалғасып отыр. Ол бүгінгі таңда барлық дертті адамдардың 40 пайызына жуығын қамтыған.
Солтүстіктегі ахуал Үкіметті де алаңдатып отыр. Кеше COVID-19-дың таралуына жол бермеу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның төрағасы, Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов жұмыс сапарымен облыста болды. Вице-премьердің сапары туралы ақпарат журналистерге Премьер-Министрдің баспасөз қызметімен бірлесіп берілді. Онда Е.Тоғжанов алдымен облыстық Көпсалалы балалар ауруханасында болып, өңірдің коронавирус инфекциясының екінші толқынына дайындығы бойынша жұмыстарын тексергені айтылған.
Сондай-ақ елдің оңтүстік және батыс өңірлерінен келген жас медицина қызметкерлерімен кездесу өткізді. Вице-премьер өңірдегі эпидемиялық жағдай бойынша облыс басшылығымен кеңес өткізіп, облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың, жергілікті мемлекеттік органдар басшыларының қабылданып жатқан шаралар туралы есебін тыңдады. Өзінің сөзінде Ералы Тоғжанов өңірде тіркелген СOVID-19 фактілері санының артып отырғанын атап өтті. Кейбір аудандарда ол өткен аймен салыстырғанда 4,7 есе өскен. Сондықтан вице-премьер жергілікті билік органдарының аймақтағы эпидемиялық жағдайды тұрақтандыруға күш жұмылдыру қажеттігін атап өтті.
Cонымен қатар СOVID-19-ды шетелден жұқтырып келу жағдайларының жалғасып жатқанын ескере отырып, ведомствоаралық комиссия биылғы 9 қарашадан бастап Солтүстік Қазақстан бойынша халықаралық екі жақты және транзиттік жүк тасымалдарын жүзеге асыратын жүргізушілер үшін теріс нәтижесі бар ПТР тестілеу туралы анықтаманы міндетті түрде ұсыну жөніндегі талапты енгізу туралы шешім қабылдады. Қазақстан азаматтарының мұндай анықтамасы болмаған жағдайда, жүк тасымалдаушылар ПТР-тест нәтижелері дайын болғанға дейін 2 тәулікке карантинде болады.
Ведомствоаралық комиссия облыс әкімдігіне осы жылдың 9 қарашасынан бастап бірқатар шектеу шараларын қабылдауды, атап айтқанда, Петропавл қаласының периметрі бойынша блок-бекеттер орната отырып карантин енгізуді; күн сайынғы өсімі 10-нан астам жағдайды құрайтын елді мекендерде санитарлық блок-бекеттер орнатуды; Петропавл ‒ Алматы бағыты бойынша темір жол тасымалдарын аптасына 7-ден 3 ретке дейін қысқартуды; облыс ішінде жолаушылар темір жол құрамдарының аялдауына тыйым салуды; Петропавл қаласынан шығатын әуе жолаушылары үшін теріс нәтижесі бар ПТР анықтамасының болуын міндеттеуді; діни объектілердің, театрлардың, кинотеатрлардың, мәдениет объектілерінің қызметін тоқтата тұруды; жұмыс күндері үй-жайлардағы қоғамдық тамақтандыру объектілерінің жұмысын бір мезгілде 30-дан аспайтын келушілер болған жағдайда, 30-дан кем орынды объектілер үшін есептік орындардың 50%-ынан аспайтын жағдайда сағат 8.00-ден 21.00-ге дейін шектеуді; сауда үйлері, сауда орталықтары, ауданы 500 шаршы метрден астам азық-түліктік емес дүкендер жұмысын сағат 10:00-ден 20:00-ге дейін шектеуді; демалыс күндері қоғамдық тамақтану объектілерінің жұмысын тапсырыс берушіге жеткізу нысанына ауыстыру арқылы сағат 08:00-ден 21:00 сағатқа дейін шектеуді; демалыс және мереке күндері сауда үйлері, сауда орталықтары, ауданы 500 шаршы метрден асатын азық-түліктік емес дүкендер жұмысын шектеуді; жексенбі күндері сұлулық салондарының, шаштараздардың, бассейндердің, фитнес-клубтардың, жаттығу залдарының жұмыстарын шектеуді; офлайн кеңестер өткізуге тыйым салуды; қызметкерлердің кемінде 80%-ын қашықтан жұмыс істеу форматына ауыстыруды; әуежайларға, темір жол вокзалдарына күтіп алатын және шығарып салатын тұлғаларды кіргізуге тыйым салуды (билет болған жағдайда ғана өткізуді); 65 жастан асқан адамдарға азық-түлікті, бірінші кезекте қажетті тауарларды, дәрі-дәрмектерді және медициналық бұйымдарды сатып алу жағдайларын қоспағанда, аса қажеттіліксіз тұрғылықты жерінен шықпауды ұсынуды; сондай-ақ карантин режімін сақтау жөніндегі мониторингтік топтардың жұмысын, атап айтқанда, Петропавл қаласы, Айыртау, Аққайың, Ақжар аудандарында күшейтуді; карантин режімін сақтау қажеттілігі туралы халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтуді; облыс тұрғындарын ПТР тестілеумен қамту көлемін арттыру тапсырды.
Сапар барысында Премьер-Министрдің орынбасары 200 орындық жаңа модульдік инфекциялық аурухананың ашылуына қатысты.
Солтүстік Қазақстан облысы