Измирдегі зілзала құрбандарының саны 114 адамға жетті. Бұл туралы Түркия үкіметі жанындағы Төтенше жағдайлардың алдын алу және салдарын жою басқармасы мәлімдеді.
Сондай-ақ 30 қазандағы жер сілкінісінен кейін жалпы саны 1 713 афтершок тіркелген. Зілзала салдарынан 114 адам қаза болып, 1 035 адам жарақат алған. Оның 898-і медициналық көмек көрсетілген соң үйіне жіберілген, 137-сі емделіп жатыр. Измирдегі 17 ғимараттың 15-інде іздеу-құтқару жұмыстары аяқталды. Құтқарушылар қалған 2 ғимаратта іздеу жұмыстарын жалғастыруда.
Түркия үкіметі жанындағы Төтенше жағдайлардың алдын алу және жою басқармасының хабарлауынша, зілзала жергілікті уақытпен 14.51-де тіркелген. Дүмпу ошағы Эге теңізінің жағалауында, 16,5 шақырым тереңдікте орналасқан көрінеді. 15 секундқа созылған жер сілкінісі Измир қаласынан бөлек Түркияның батысындағы көптеген ауданда сезілген.
Дүмпулер Грекия қалаларында да сезілген. Карловасидегі Теотокос шіркеуінің бір бөлігі қираған. Сонымен қатар Грекияның Самос аралында қатты жер сілкінген.
Бұған дейін Грекия мен Түркия арасында Жерорта теңізіне байланысты дау туған болатын. Элладалар елінің премьер-министрі Кириакос Мицотакис туиттердегі парақшасында «Айырмашылықтарымызға қарамастан, бүгін халқымыз апатпен бірге күресетін сәт келді», деп жазды.
Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған да туиттердегі парақшасында барша грек халқының қайғысымен ортақтасып, кез келген қиын сәтте көмектесуге әзір екенін жеткізді. «Көрші елдердің қиын кезеңде көмек қолын созуы өмірдегі басқа нәрселерге қарағанда әлдеқайда құнды», деп жазды Р.Ердоған.