Батыс Қазақстан облысында "Ашық бюджет" жобасы жүзеге аса бастады. Жоба аясында мекемелердің мемлекеттік сатып алу жоспарына мониторинг жасалып, бюджет қаржысын үнемдеуге мүмкіндік туды. Осындай жолмен жақында Шыңғырлау аудандық мәдениет бөлімі 57 мың теңгеден астам қаржы үнемдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Бұл жөнінде Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Батыс Қазақстан облыстық департаменті Превенция және парасаттылық басқармасының басшысы Біржан Хайруллин хабарлады.
"Халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасын қалыптастыру және дамыту жолында мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғамның күш-жігерін біріктіру өте маңызды", дейді басқарма басшысы.
Биыл қыркүйек айында Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, Нидерланд Корольдігінің Қазақстан Республикасындағы елшілігі, "Қазақстандағы парламентаризмді дамыту қоры" қоғамдық қоры және "Талап" қолданбалы зерттеулер орталығы 2020-2021 жылдарға арналған "Ашық бюджет" жобасының Жарғысы бекітілген болатын.
Осы орайда "Ашық бюджеттердің" интерактивті картасы www.publicbudget.kz электрондық жүйесі бюджет қаражатының тиімді жұмсалуына қоғамдық мониторинг жүргізу үшін қолайлы құрал болған.
Мәселен қазір "Ашық бюджеттердің" интерактивті картасында Батыс Қазақстан облысындағы 1030 мемлекеттік мекеменің бюджеті жарияланған.
Бұл бюджет құжаттарын сыбайлас жемқорлыққа қарсы департамент қызметкерлері зерделеп, қарап отырады. Мониторинг барысында сатып алынатын тауар бағалары қадағаланады.
"Шыңғырлау аудандық мәдениет, тілдерді дамыту және дене шынықтыру бөлімі қараша айында кеңселік қағаз сатып алу үшін 164 300 теңге қарастырған екен. Атап айтқанда аудандық бөлім 106 бума кеңселік қағаздың әрбумасын 1550 теңгеге сатып алуды жоспарлаған. Өңірдегі қағаздың көтерме бағасы зерделенген соң, бюджет жоспарына өзгеріс енгізілді. Қағаздың 1 бумасының бағасы 1 071 теңге деп белгіленді. Сатып алынатын тауар саны да 106-дан 100-ге азайтылып, нәтижесінде 57 200 теңге бюджет қаражаты үнемделді", делінген департамент таратқан баспасөз парағында.
Бүгінде кез келген адам www.publicbudget.kz сайтынан өзін қызықтырған мемлекеттік орган немесе ұйымның бюджет қаражатын бөлуі, оны игеруі туралы мәліметпен таныса алады.
Батыс Қазақстан