• RUB:
    5.51
  • USD:
    475.37
  • EUR:
    514.97
Басты сайтқа өту
Қоғам 05 Қараша, 2020

Әли Бектаев: Түркістанның инженерлік инфрақұрылымын дамытуға қаражат қажет

514 рет
көрсетілді

Сенатор Әли Бектаев Түркістан қаласының инфрақұрылымын дамыту бойынша бірқатар мәселелерге қатысты Үкімет басшысы Асқар Маминге депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Egemen.kz Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сенат депутаты соңғы жылдары Түркістан қаласы қарқынды дамып келе жатқанын ерекше атап өтті. Дегенмен шешімін күткен бірқатар мәселелер бар екенін де айтты.

«Түркістан қаласында салынып жатқан көркем ғимараттардың көпшілігін ауыз сумен, кәріз жүйесімен, электр желілерімен, жылу жүйелерімен қамтамасыз ету шешілмеген. Қала көшелерінің ирригациялық жүйелері мен инженерлік-инфрақұрылымдарына қаржы жеткілікті деңгейде қаралмаған. Инфрақұрылымы шешілмеген ғимараттарға, тұрғын үйлерге тұрғындарды қалай орналастыруға болады, сол ғимараттардың жұмыс істеуі мүмкін бе? Ертең инфрақұрылымдарды қайта жүргізген уақытта салынған жолдар мен көшелер қайта бұзылмай ма?» - деп сауал тастады депутат.

         Ол қаланы абаттандыру жұмыстарын да құрылыс жобаларымен бір мезгілде жүргізуді ұсынды. Сондықтан 2021-2023 жылдарға арналған Республикалық бюджетті қарау барысында «Turkistan» арнайы экономикалық аймағының инфрақұрылымына; көпқабатты тұрғын үйлерді сумен қамтамасыз ету мен кәріз жүйелеріне; электр қуатымен қамтамасыз ету үшін қосалқы станция салуға; тұрғын үйлерді жылумен қамтамасыз етуге; жаңадан салынып жатқан қала аумағын абаттандыруға; қаладағы жаңа тұрғын үй алабына инженерлік-инфрақұрылымдарды жүргізуге; «Әзірет Сұлтан» қорық-мұражайының айналасын абаттандыруға қаражат бөлуді сұрады.