Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, опера әншісі Төкен Ілиясов көпбейінді Ақмола облыстық ауруханасына коронавирус жұқпасымен күресуде аса қажетті, адамдарды дезинфекциялап, дене температурасын өлшейтін мобильді аппарат сыйлады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Есімі әнсүйер қауымға етене таныс әнші қалталы кәсіпкер емес. Тамаша талантымен туған еліне талмай қызмет етіп жүрген өнерпаз. Осы уақытқа дейін сұлу сазды үнімен көп көңілін баурап, рухани байлық сыйлап келсе, бұл жолы індетті сейілтуге қол ұшын беріп отыр.
"Қытайдан жеткізілген ақылды аппарат қазіргі заманға сай технологиямен жасақталған. Дене қызуының өлшемін бір секундтың ішінде анықтауға мүмкіндігі бар. Ешбір жуу құралынсыз, тозаңдандыру арқылы қолды зарарсыздандыру тетігі де бар. Аппараттың ішкі дәлізіне кіргенде адамды басынан аяғына дейін тозаңмен дезинфекциялап шығарады. Қазір басқа мемлекеттерде індет қатты дендеп барады. Біздің облыста да індет біртіндеп белең алып келеді, жағдай күрделене түсіп жатқанын естіп, біліп жүрміз. Сондықтан, шамам жеткенше осы бір аппаратты әкелдім. Егер елім деген қалталы азаматтар осындай пайдалы аппаратты білім және денсаулық сақтау мекемелеріне орнатуға алып бергісі келсе, онда мен Қытайдан жеткізіп беруге көмектесуге дайынмын", деді Төкен Ілиясов әңгімеге тартқанымызда. Аталған аппарат 2 миллион теңге көлемінде тұрады екен.
Сөз арасында асқақ дауысты әнші Көкше топырағына осыдан 18 жыл бұрын Қытайдан көшіп келгендігін айта кетелік. Абайша айтқанда, "сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан" демекші, қазіргі қиын кезеңде еліне пайдам тисе деген ниетпен осы ақылды аппаратты сатып әперіпотыр. Әншінің айтуына қарағанда, мұндай аппарат Қытайдың барлық білім және медицина мекемелерінде жаппай орнатылып жатыр екен.
Ет жүрегі елім деп соғатын әр азамат қысылтаяң кезеңде дәл осылай көмек қолын созатын болса, төрткүл дүниені тегіс түршіктіріп тұрған індеттің ізі сұйылар еді.
Көкшетау қаласы