Кеше Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы, ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының вице-президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан-Франция инвестициялық және сауда-экономикалық ынтымақтастығын одан әрі кеңейту мүмкіндіктерін зерделеу мақсатында Астанаға келген Франция Сенаты жанындағы Қаржы комитетінің басшысы Жан Артюс бастаған Франция Сенаты делегациясын қабылдады, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі.
Кездесу барысында Қ.Тоқаев еліміздің Еуропадағы жетекші әріптесі ретінде қарастырылатын Франциямен қатынасының қарқынды дамуын атап өтіп, жоғары деңгейдегі Қазақстан-Франция байланыстарының қорытындыларын жоғары бағалады. Ол, сонымен қатар, Франция тарапына Қазақстанның ЕҚЫҰ төрағалық ету жолы мен үстіміздегі жылы Ұйымның Саммитін өткізуге қатысты қазақстандық бастаманы қолдаулары үшін алғыс білдірді.
Франция парламенттік делегациясының басшысы Жан Артюс өз кезегінде еліміздің әлеуметтік-экономикалық жетістіктері мен халықаралық аренадағы Қазақстан және оның лидерінің жетекші рөлін жоғары бағалап, Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы жемісті болатындығына нық сенім білдірді.
Бірқатар халықаралық мәселелер төңірегінде мүдделі пікір алмасулар болды. Қазақстан Сенатының басшысы Қырғызстанда қалыптасқан күрделі жағдайға алаңдаушылық білдіріп, әлемдегі жетекші елдер көшбасшылары мен халықаралық ұйымдардың басшылары осы елде қалыптасқан жағдайды реттеу үмітін тәжірибелі әрі беделді саясаткер ретінде Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың атымен байланыстырып отырғандарын жеткізді.
Ол сондай-ақ ЕҚЫҰ тарапынан жүзеге асырылып жатқан шаралар туралы айта келіп, Ұйымның Іс басындағы төрағасы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев Қырғызстанға өз өкілін, Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары Жәнібек Кәрібжановты жібергендігін және ол миссияның жемісті болатындығына сенімін білдірді.
Иран мәселесіне тоқтала келіп, Қ.Тоқаев ахуалдың әлі де толық шешім таппай отырғандығын мәлімдеді және Қазақстан басшысы Н.Назарбаевтың Вашингтондағы Жаһандық саммитте “атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану және оны дамытуға қатысты МАГАТЭ-нің талаптарын толықтай орындау негізінде барлық мемлекеттердің заңды әрі ажырамас құқықтары бар”, деген пікірін жеткізді. Ол сондай-ақ аталған мәселені күш қолдану арқылы шешуге болмайтындығын атап көрсетті.
Кездесу соңында Қ.Тоқаев франция парламентшілеріне таяуда Алматыда өтетін парламентшілердің трансазиялық жиынына белсенді қатысу ниеті үшін ризашылығын білдірді.