"Еңбек ресурстарын дамыту орталығы" АҚ сайтында тестілік режимде еліміздің әлеуметтік-еңбек саласының негізгі көрсеткіштері берілетін iac.enbek.kz дашборды іске қосылды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Дашборд халықты жұмыспен қамту, еңбек, көші-қон және әлеуметтік қамтамасыз ету бойынша өзекті статистикалық деректерді көрсетеді, олар Ұлттық статистика бюросының, ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараттық жүйелерінің, сондай-ақ Электрондық еңбек биржасының (enbek.kz) деректері негізінде үнемі жаңартылып отырады.
Дашбордты іске қосудың негізгі мақсаты ашықтықты арттыру, еңбек нарығы мен әлеуметтік сала туралы бірегей ақпаратқа қол жеткізуді жеңілдету болып табылады.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауында: «Ақпараттың ашықтығы азаматтардың кең ауқымын мемлекеттік саясат шараларын іске асыру процесіне тартудың кепілі болып табылады»,-деп атап өткен болатын. Ашықтық пен қоғамға есеп беруді қамтамасыз ету – бұл мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор қызметіндегі басымдық. Осыған байланысты, Еңбек және әлеуметтік қамтамасыз ету нарығы туралы ақпараттың бастапқы көзі ретінде ЕРДО әлеуметтік-еңбек саласы бойынша өзекті және нақты ақпаратты қамтамасыз етуді өз алдына міндет қояды», – деп атап өтті ЕРДО басшысы Дәулет Арғындықов.
Панельде статикалық көрсеткіштер ғана емес, алдыңғы кезеңмен салыстырғанда олардың динамикасы да көрсетіледі. Сондай-ақ, пайдаланушыларға деректерді одан әрі пайдалану үшін соңғы 5 жылдағы динамикамен біріктіре жүктеу мүмкіндігі беріледі.
«Сапалы және сенімді деректер зерттеулер жүргізу, гипотезаларды растау, шешімдер қабылдау процесі, еліміздегі ағымдағы жағдайды бағалау үшін негіз болып табылады. Ақпаратқа шектеулі қол жетімділік бұған кедергі келтіруі мүмкін. Сондықтан біз ЕРДО сайтында БАҚ, сарапшылар қауымдастығы және қарапайым азаматтар үшін ыңғайлы ақпарат көзі болуы тиіс дашборд құрдық. Біз одан әрі оның «пайдалануға жарамдылығын» қамтамасыз ету үшін пайдаланушылардың қажеттіліктеріне қарай қарқынды жұмыс істеуді және жетілдіруді жалғастырамыз», – деп атап өтті ЕРДО Стратегия және жобалық басқару департаментінің директоры Александра Молчановская.
ЕРДО сарапшыларды, талдаушыларды және басқа да мүдделі азаматтарды дашбордтың тестілік нұсқасын жетілдіруге қатысуға шақырады. Сервисті жақсарту бойынша пікірлер мен тілектерді e-mail: a.molchanovskaya@enbek.kz поштасына жіберуге болады.