Жексенбінің таңында елордада көлікке жәшік тиеген бір топ жігітті байқасаңыз, қайырымдылыққа асыққан жастар деп біліңіз. Аралбек Берікұлының достарымен бірге ай сайын азын-аулақ ақшаға азық-түлік пен көмір сатып алып, мұқтаж отбасыларға қамқорлық танытып жүргеніне бірнеше жыл толды. Smart bilim орталығының негізін қалаушы ұстаз қоғамға пайдалы болудың маңызы туралы әңгімелеп берген еді.
– Көріп отырғанымыздай, қолғабысқа келгендер саны аз емес. Студенттер де жүр. Бұл топ қалай құрылды? Демеушілеріңіз бар ма?
– Әуелде өз отбасыммен шамамыз жеткенше 1-2 мұқтаж отбасыға бірнеше жыл бойы азық-түлік алып беріп жүрдік. Одан кейін бұл ойымды достарыма айтып, 10 шақты жігітпен 12 отбасыға көмек береміз деп шештік. Мешіттен тізім алдық, әр отбасының үйіне барып жағдайымен таныстық. Аталған тізімнің ішінен көмекке мұқтаж дегендерді іріктеп, күріш, қант, май, ұн, ет, жеміс-жидек пен көкөніс сияқты азық-түлікті жеткізіп беріп отырдық. Жер үйде тұратындарға көмір жеткізіп береміз.
Әдетте біздегі көп акциялар – бір реттік. Жетімдер үйіне белгілі бір акция не шара шеңберінде барып, одан кейін ат ізін салмайды. Осыны ескеріп, бұл игі істі ай сайын ұйымдастыратын болып келістік. Мұның өзімізге де пайдасы бар. Өйткені, адам салыстыруға бейім. Мұқтаждарды көргенде өз өміріңе шүкір етесің. Адамның жүрегі жіби түседі, тағы да көмектессем деп тырысасың.
Кейінірек басқа да таныстарымыз естіп, ортамыз кеңейіп, 17 отбасыға, қыс айларында тіпті 30 отбасыға жәрдем көрсеттік. Менің достарымның да жағдайы керемет емес. Біреуі жалдамалы пәтерде тұрады, тағы біреуі бір айлыққа қарап отыр. Ең бастысы ниет қой. 500 теңге жіберетін адам да бар, 200 000 теңге жіберетін кісі де табылып жатады. Кейбір адамдар аз бергеніне ұялады. Бұл жерде ренжитін де, ұялатын да ештеңе жоқ. Тіпті ақшалай көмек бермесе де, жеткізу, тиеу сияқты жұмыстарға қолғабыс ете алады. Мысалы, студенттер тамақтарды бөлуге, оны көліктерге тасуға көмектеседі. Студенттер де мүмкіндігінше көмектесіп, достарына айтып 50 отбасына дейін қол ұшын берген кезіміз болды. Былтыр сәуірде тіпті 104 отбасына азық-түлік жеткіздік. Алайда кеңсеміз кішкентай, жиналатын адам қарасы да көп болған соң, мұндай көлемді еңсере алмайтынымызды түсініп, ай сайын 50-60 отбасыны азық-түлікпен қамтимыз деп шештік.
– Отбасылар тізімі ай сайын жаңара ма?
– 50 отбасының жартысы жүйелі түрде көмек алады. Мәселен, бүгін 30 отбасыға екінші рет бара жатырмыз, ал қалған 30-ы – жаңадан қосылғандар. Пәтер жалдап тұратындардың мекенжайы жиі өзгеріп тұрады. Кейбірі жағдайы түзеліп, тізімнен шығады.
– Мұндай көмек «халықты дайын асқа тік қасық» деген сияқты масылдыққа жаман үйретпей ме?
– Көмектесетін жігіттердің арасында да мұндай көмек дайынға үйретеді дейтіндер бар. Олар балық емес, қармақ беруді ұсынады. Бірақ біздің басты мақсатымыз – балалардың таршылық көрмеуі. «Балалар тойып тамақ жесе, алаңсыз сабақ оқыса» деген ой. «Біз де біреуге көмектессек» деп, бұл жағдайдан шығуға тырысар. Әлбетте, басты ниетіміз – Алланың разылығы. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) да «Сендердің ең жақсыларың – өз қоғамына пайдалы болғандарың» деген екен. Адам қоғамсыз өмір сүре алмайды. Кейбірі өзімнің өмірім, не істесем де өзім білемін деп ойлайды. Осылайша, әлеуметтік желіде ерсі, ұят нәрселерді таратады. Мұны көрген адамдар қайталауы мүмкін. Кішкентай балалар да ересектердің әрекетін қызық көріп, есеюге ұмтылады, қайталағысы келеді. Сондықтан өз басым жамандықты тыя алмасам да, жақсылықты таратуға тырысамын. Өйткені Алланың тағы бір әмір еткені жақсылықты таратып, жамандықты тыю. Әркімнің жұмысы болған соң, бір демалысымызды игі іске арнаймыз.
– Азық-түлікті сатып алатын арнайы орындарыңыз бар ма?
– Астанадағы Фурманов көшесінде базар бар. Сол жердегі ағалар жеңілдікпен әкеп береді. «Астаналық» базарында да тұрақты қолдаушыларымыз бар. Кей кезде олар да өздері бір-екі қабын тегін береді. Барлық серіктесіміз жеңілдік жасайды. Етті де халал дүкеннен аламыз. Өйткені Алла «Ішкендерің адал болмайынша, тілектеріңді қабыл етпеймін» деген. Жаңағы отбасыларда өсіп жатқан 300-дей бала бар. Олар адал тамақ жесін дейміз.
– Қор құруға не түрткі болды? Бұдан да үлкен топ құру жоспарда бар ма?
– Достарымызбен бірге 30 отбасыны ғана қамти алар едік. Содан кейін әлеуметтік желілерде бөлістім, топтағы жігіттер де басқаларды шақыра бастады. Адам көбірек жиналғаннан кейін қоғамдық қор құруды жөн көрдік. Осылайша, Commune bonum деген қор өз жұмысын бастады. Латын тілінен аударғанда «ортақ игілік» деген мағына береді. Цицерон өз заманында «Ортақ игілік – әр адамның міндеті» деген. Қордың атауын латын тілінде қоюымыздың себебін түсіндірер болсам, азық-түлікпен шектелмей, келешекте балаларды шетелге оқуға жіберсек деген ойымыз бар. Бұл істі бастап та кеттік. Брянск қаласында аграрлық университет бар, Ресейдің 5 үздік университетінің қатарында. Университет жанында шаруа қожалығы бар, яғни балалардың жұмыс істеп, тәжірибе жинауына мүмкіндігі мол. Тоғыз баланы киіндіріп, ұшаққа билет алып, қолдарына 30 мың теңге көлемінде ақша беріп, оқуға аттандырдық. Талапкерлер Ресей үкіметінің грантымен оқуға түсті, ай сайын шәкіртақы алып тұрады. Олардың арасында жетім балалар бар. Байланысып, хал-жағдайын біліп тұрамыз. Университет ректорымен де байланыстамыз. Сондықтан оқушылардың үлгерімінен хабардармыз. Бүгінде Канададағы университетпен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Ақылы оқуға түсе алмайтын балаларға мүмкіндік берсек деген арманымыз бар. Осылайша, мұқтаж адамдарға балық қана бермей, қармақ беруді де жолға қойдық.
– Қайырымдылық жасауға не түрткі болды? Біреулер әуелі өз жағдайын дұрыстап алып кірісемін дейді. Сіз қалай ойлайсыз?
– Өзім де көпбалалы отбасында өстім. Төрт қыздың ішіндегі жалғыз ұлмын. Жетінші сыныпқа дейін бір бөлмелі пәтерді жалдап жүрдік. Әлі есімде, бес бала қатарынан тізіліп жататынбыз. Бала болған соң, сыныптастарыңнан ұяласың. Содан кейін басқа балалар ұялмасын деген ой туған шығар. Біз азық-түлік алып берсек, әке-шешесі киімін алып берер деп ойлаймыз. Өйткені бір етікті екі баласы кезекпен киіп, сабаққа баратын отбасылар да бар. Олар қашанғы олай жүрмек? Басында киіммен де көмек бермек болдық. Дегенмен, бұл ұзақ процесс. Нұр-Сұлтанда Сығанақ көшесінде «Қарқын.кз» деген әлеуметтік киім дүкені бар. Тапсырған киімді ретке келтіріп, дүкендегідей сөреге қояды. Қажет деп тапқандар тіркеліп, белгілі бір мөлшерде киім таңдап ала алады. Бұл да – тегін.
Адамда қанағат болмайды. Мәселен, бір көлігіңіз болса, одан да жақсысын алуға ұмтыласыз. Біз жұмыла көмектесетін 60 отбасыны бір өзі-ақ қамти алатын кәсіпкерлер бар. Бірақ мұндай көмекті жасамауы мүмкін. Әртүрлі сылтау айтқанымен, мұның сараңдық екенін мойындауымыз керек. Дұрыс айтасыз, көбі алдымен өз отбасымды жарылқап алып көмектесемін дейді, алайда 100 теңгесін бөлісе алмаған адам миллионды да бөлісе алмайтынын түсінбейді. 60 отбасына азық-түлік алса да қалтасына салмақ түспейтін азаматтар неге қайырымдылық жасамайды? Өйткені кезінде мың теңгесін бөлісуді үйренбеген.
– Атқарып жүрген қайырымды істеріңе отбасыңыздың көзқарасы қандай?
– Анамның ойынша, қайырымдылыққа жұмсаған уақытымды балаларыма арнауға болады. «Балаларыңа көңілің жетпейді, балаларыңа қара» дегенді жиі айтады. Менің ойымша, олардың қасында ертеден кешке дейін жүргеннен, күніне 15 минут болса да сапалы уақыт арнасам жетеді. Ер адамның жұмысы түзде ғой. Ер азамат қоғамды да ойлауы керек. Өйткені бала тек үйден емес, қоғамнан да тәрбие алады. Мен оған үйде мейлінше жақсы тәрбие беріп, шектеу қойсам да, көп уақыты қоғамда өтетінін ескеру керек. Сондықтан қоғамның да дұрыс болуын ойлауымыз қажет. Әр ата-ана осыны ескерсе, баланы далаға қорықпай жіберер едік.
– Қайырымдылық деген не?
– Қайырымдылық деген бүгін қолыңнан не келсе, сонымен пайдалы болу. Сонымен қатар әр ер адам өз отбасын қалай асыраса, дәл солай тағы бір отбасыны асырай алуға ұмтылуы тиіс деп ойлаймын.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Светлана ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»