Хромтау – өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығы тең дамыған экономикалық әлеуетті аудан. Мұнда соңғы жылдары жаңа өндіріс орындары ашылып, ауылдарда әлеуметтік игіліктерге қол жеткізіле бастады. Әсіресе, автожолдарды жөндеу облыс орталығы ғана емес, аудандарда да қарқын ала түсті. Магистралдарды техникалық қайта жарақтандыру, автомобиль жолдарының өткізу мүмкіндігін арттыру, уақыт талабына сай көлік инфрақұрылымын дамыту жүйелі жүргізіліп келеді.
Хромтау – өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығы тең дамыған экономикалық әлеуетті аудан. Мұнда соңғы жылдары жаңа өндіріс орындары ашылып, ауылдарда әлеуметтік игіліктерге қол жеткізіле бастады. Әсіресе, автожолдарды жөндеу облыс орталығы ғана емес, аудандарда да қарқын ала түсті. Магистралдарды техникалық қайта жарақтандыру, автомобиль жолдарының өткізу мүмкіндігін арттыру, уақыт талабына сай көлік инфрақұрылымын дамыту жүйелі жүргізіліп келеді.
Осындай ірі нысандардың бірі – Хромтау ауданындағы Ор өзенінің үстінен салынған жаңа көпір құрылысы. Бұл көпір Көктау мен Көктөбе ауылдарының арасын жалғап тұр. Бұрын бұл екі ортаға көктем мен күзгі лайсаңда қатынас болмай қалатын. Сондай-ақ, аудан тұрғындарының ғана емес, осындағы Ақтөбе мыс компаниясы сияқты ірі кәсіпорынның жұмысына да қолайсыздық туғызып, жауын- шашынды күндері қатынас үзіліп қалатын. Бұл мәселе жақында оң шешімін тапты. Республикалық бюджеттен бөлінген 419 миллион теңгеге тұрғызылған көпірдің ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімі Архимед Мұхамбетов көлік инфрақұрылымын жақсарту облыстың дамуына ықпал ететінін жеткізді.
– Еліміз жыл өткен сайын өркендеп, дамып келеді. Біздің облыстың да әлеуметтік-экономикалық жағдайы жақсара түсуде. Мұның барлығы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының нәтижесі деу орынды. Осы көпірмен бірге 29 шақырым Самара – Шымкент – Аққұдық автожолына қатты жамылғы төсеу жұмыстары аяқталды. Бұл жұмысты Ақтөбе мыс компаниясы жүзеге асырды. Алдағы жылы қалған 20 шақырымын асфальттауды да осы компанияның күшімен атқару көзделуде, –деді облыс басшысы көпірдің салтанатты ашылуында сөйлеген сөзінде.
Ауыл тұрғыны Тұрар Батыров та осындай игілікті істі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көрегендік саясатымен сабақтастырды. Жаңа көпірдің пайдалануға берілуі ауылдықтардың біраз тірлігін жеңілдеткенін жеткізді, көршілес ауылдармен қатынастың жақындай түскенін тілге тиек етті. Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов пен ауыл тұрғыны Тұрар Батыров жаңа көпірдің лентасын қиды. Ауыл ақсақалы Сертай Досаналин батасын берді.
«Қаздорқұрылыс» ЖШС бас мердігерінің жоба жетекшісі Болат Қосалиевтің айтуынша, көпір құрылысы жоспардағы он бір айдың орнына алты айда салыныпты. Жаңа нысанның осыншама тез мерзімде бітуіне жаз айларында құрылысшылардың екі ауысымда қарқынды жұмыс істеуі себепші болыпты. Көпірдің ұзындығы 173 метр, ені 7 метр. Мұнда пайдаланылған материалдардың барлығы қазақстандық мазмұнға ие.
«Жол – экономиканың күре тамыры» деп бекер айтылмаса керек. Соңғы үш жылда жол құрылысына, оны күтіп ұстауға және жөндеуге 18 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген екен. Тек биылдың өзінде бұл мақсатқа 8 миллиард теңгеден астам қаржы қаралған. Соның 76 пайызы жергілікті бюджеттің үлесінде.Үстіміздегі жылдың аяғына дейін тағы да 55 шақырым жол жөнделіп, үш жаңа көпір іске қосылады деп күтілуде.
Өңір басшысы Архимед Мұхамбетов атбасын бұрған Майтөбе ауылында да ақжарылқап қуаныштың лебі есіп тұрды. Облыс әкімі ауылға тартылған газ құбырын іске қосып, майтөбеліктердің ыстық ықыласына бөленді. Көгілдір отынның игілігін көруге қолдары жеткен ауыл тұрғындарының көңілдері көтеріңкі екені жүздерінен аңғарылады.
Майтөбе ауылына тартылған және ауыл ішілік газ құбыры облыс әкімдігімен жасалған меморандумға сәйкес Ақтөбе мыс компаниясы бөлген 224,8 миллион теңге қаржыға салынған. Енді осы ауылда тұратын 104 шаңырақ от жағып, күл шығармайды, көгілдір отынның игілігін көреді.
– Бүгінгі бұл тұрмыстық игілік Елбасы тапсырмасының орындалуының нақты көрінісі. Майтөбеге газ әкелу көптен шешімін таппай келіп еді, міне, бүгін сәті түсті. Газ құбырының ұзындығы он шақырымнан асады. Газ құбыры құрылысына керекті қаржыны түгелдей Ақтөбе мыс компаниясы мойнына алды. Бұрын отынның қай түрін пайдаланса да олар мектептер мен балабақшаларға газға қарағанда жеті есе қымбатқа түсетін. Енді арзан көгілдір отынды пайдаланады. Мұның өзі тұрмысымыздың уақыт өткен сайын жақсара түскенін аңғартады. Яғни, ісімізде ілгерілеу бар, экономикамыз нығая түсті. Бұл бағытта алда да жүйелі жұмыс жүргізілетін болады. Аудандарды газдандыруды екі бағытта жүргізуді қолға алып отырмыз. Бірінші бағыт бойынша бюджеттен қаржы бөлінсе, екінші бағыт бойынша «Көркейе бер, туған жер!» акциясы аясында ірі кәсіпорындар мен шағын және орта бизнес нысандары ауылдарға газ жеткізуге атсалысуда, – дей келіп облыс әкімі Архимед Мұхамбетов ауыл тұрғындарын қауынышты сәттерімен құттықтады. Ол газ тарату бекетінің тетігін бұрап, газ жіберу құрылғысын іске қосты. Ауыл ақсақалы Қуаныш Әйтемғұлов бата беріп, ақжаулықты әжелер шашу шашты.
Сөйтіп, Хромтау ауданындағы екі ауылда бір сәтте қос қуаныш болды. Өңір басшысы жұмыс сапарын Хромтау қаласында жалғастырып, негізінен моноқалаларды дамыту бағдарламасы аясында жасалып жатқан жұмыстармен танысты. Қала жолдарын жөндеу, спорт алаңдарын салу, көшелерді жарықтандыруға назар аударды. Атқарылған ауқымды жұмыстарды атап өте отырып, алдағы уақытта шешімін күткен шаруаларды да назардан тыс қалдырмады. №4 орта мектеп ауласындағы жаңадан ашылған спорт алаңында моноқалалар бағдарламасы бойынша гранттарды жеңіп алған кәсіпкерлермен кездесті.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Ақтөбе облысы.