Жатақхана жайлы болса, білім қуған жастардың пәтер жалдап, ата-ананың ақшасын бекер шашпасы белгілі. Бұл бағытта Арқа төсіндегі альма-матерлердің соңғы жылдары қолға алған жобаларының сәтті болып жатқанын айта кеткен жөн.
Таяуда Jas Otan Жастар қанаты Қарағанды облыстық филиалының белсенді мүшелері Қарағанды медициналық университетінің, академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің және Қазтұтынуодағының экономикалық университетінің студенттері тұратын жатақханалардың жағдайымен танысты.
Қарағандылық жасотаншылардың жетекшісі Ержан Хамитов рейд жасардың алдында аталған жоғары оқу орындарының басшыларына хабардар еткендерін айтады.
– Біз жатақханалардың жай-күйімен танысып, жастардың қалай өмір сүріп жатқанын көрдік. Оларды қандай мәселелердің мазалайтынын сұрап білдік. Мониторинг нәтижелері бойынша жатақханалардағы жағдай оқу орындарының басшыларына баяндалды, – деді ол.
Мониторинг барысында ЖОО басшыларының студенттердің тұрмысына ерекше назар аудара бастағандары байқалған. Мысалы, рейд жүргізілген жатақханалардың басым бөлігінде студенттердің тұрмыстық жағдайы жақсы деңгейде болып шыққан.
Jas Otan Жастар қанаты Қарағанды облыстық филиалының белсенді мүшелерінен құралған мобильді топ алдағы уақытта облыстың жатақханаларына түгел рейд жүргізіп, студенттердің тұрмыстық жағдайымен тереңірек танысуды жоспарлап отыр.
ҚАРАҒАНДЫ