Індеттің екінші толқынынан қауіптенген ел үкіметі жаппай сақтық шараларын күшейтіп жатқан тұста Шымкент қаласындағы Наурыз алаңында жастардың қатысуымен думанды концерт өтті. Бұл дәстүрлі «U:hack» жаңашыл идеялар фестивалінің қорытынды концерті болатын.
Негізінде ұйымдастырушылар барлық карантиндік талапты қатаң сақтай отырып онлайн жобаның жабылу салтанатын офлайн режімде өткізуге шешім қабылдаған екен. Осылайша арақашықтық сақталған, тек көлік ішінде отырып тамашалайтын іс шара деп жоспарланған. Алайда бұл талап сақталмады.
Жуырда Шымкент қаласы Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Әбдіманап Түлебаевтың жаңа қаулысы жарияланды. Онда қаладағы карантин мен шектеу шаралары 9 қараша сағат 00:00-ге дейін ұзартылғаны жазылған. Қаулыда «Көрмелер, ойын-сауық, спорттық, отбасылық, салтанатты естелік іс-шараларды, форумдарды, конференцияларды, семинарларды және адам көп жиналатын өзге де іс-шараларды қоғамдық орындарда, оның ішінде үйде өткізуге тыйым салынсын», деп көрсетілген.
Аталған концерттің видеосы әлеуметтік желіде таралысымын, ел-жұрт төтенше жағдай кезінде карантин талаптарын өрескел бұзған ұйымдастырушыларды сынға алды. «Карантин уақытында мынау не концерт? Ипподромда ұлттық спорттан өтетін турнирге рұқсат бермей, даңғаза рэперлерді тайраңдатқандарың қалай? Ұлттық құндылығымыз жоғалып, орнын #uhack басқан заман-ай», деп жазды қала тұрғыны Мақсат Шағырбаев.
Енді бір топ жас аталған шараның қалаға пайдасы мол жоба екенін мақтап, халықтың мәдениетін сынға алды. «...Қалайша, сіздер, әкімдік пен ұйымдастырушыларды кінәлай аласыздар? Олар жағынан барлығы жақсы ұйымдастырылып, жұртқа мүмкіндік бере алды. Бұл жерде кінәлі – тек халық мәдениеті. Жеке басым сол концертке қатыстым. Концепция бойынша барлығы көліктерінде отырып, радиоларын қосып, тыңдап отырулары қажет еді. Шымкенттің жастарын жамандайын десем, өзіме тиеді. Алайда шыны керек – жабайымыз», деп ашынды «U:hack» қатысушы Елнұр Дүйсенбеков.
Дейтұрғанмен жастардың «Uprojects» жобасына Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов тікелей қолдау көрсетіп, онлайн шараның бейнебаянына түсіп, сәттілік тілеген екен. Сондай-ақ жексенбіде өткен кешкілік думанға Шымкент қалалық полиция департаментінің қызметкерлері, жедел жәрдем көліктері шақыртылған.
«Қалада жедел жәрдем көлігі жетіспей жатқан шақта қайдағы бір концертке қызметтік көлікті ұстап отыру қаншалықты заңды? Ал көшелердегі кептелісті реттеуі тиіс полиция қызметкерлері бұл концертте не істеп жүр?», дейді медицина саласының маманы Гүлдана Талғатқызы.
Негізінде «Uprojects» қоғамдық бірлестігі концерт өткізуге арнайы рұқсат алмаған жағдайда құқық қорғау қызметкерлері бұл жиынды тоқтатар еді. Бірақ кешкілік думан ұзаққа созылып, қорытындыланған.
Біз осы мәселе бойынша қалалық Полиция департаментінің өкілдеріне хабарласқан едік.
«Халық арасында коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу мақсатында Шымкент қаласы Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің №41 қаулысына сәйкес карантиндік режім ұзартылған. Алайда көрсетілген шектеулерге қарамастан, карантин талаптарын өрескел бұзып, 2020 жылдың 1 қарашасында Бәйдібек би даңғылы бойында орналасқан «Наурыз» алаңында «Uprojects» қоғамдық бірлестігі «U:hack» фестивалін сақтық шараларын ескерусіз ұйымдастырып, азаматтардың автокөліктерінен шығып, алаңға жиналуына жол берген. Осыған байланысты аталған ұйымның басшысына ӘҚБтК-нің 425 бабымен шара қолдану үшін жинақталған құжаттар Әл-Фараби ауданы Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасына жолданды», дейді Шымкент қалалық Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Рәбиға Жүніс.
Көп ұзамай «Uprojects» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Тоқтар Әлімбеков өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жоба қорытындысы бойынша ойымен бөлісті.
«Барлық карантиндік шараларды қатаң сақтай отырып жабылу салтанатын офлайн режімде өткізуге шешім қабылдадық. Біздің команда қонақтарға қазіргі кезде әлемнің барлық дерлік астаналарында қатаң ережелермен өткізілетін, адамдар арасындағы байланысты азайта отырып, марапаттау рәсімін автомобиль кинотеатры стилінде өткізу арқылы барлық қолайлы жағдайларды жасауға тырысты. Алайда іс-шара соңына таяған сәтте аздаған адам музыкалық кештің атмосферасына, іштегі эмоцияға беріліп, көліктерінен еріксіз шығып кетті. Біз бірден тексеріп тоқтата алмадық. Сол үшін айыппұл төлеп те үлгердік», деді ол.
Өкініштісі, жаз басында жергілікті биліктің салғырттығынан төтенше жағдай кезінде қаншама тұрғын жақындарынан айырылды. Осыған байланысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қала әкімі Мұрат Әйтеновке сөгіс жариялаған еді. Ал енді осындай көпшілік шараларға қала әкімдігі дер кезінде тыйым салмаса, бас санитардың қаулысына құлақ аспаса, мәселенің соңы ушығып кетпесіне кім кепіл?
Әзірге елде той тойлайтын емес, өмірді қалай сақтап қалу туралы ойланатын кезең. Себебі бүгін топтасып концертке қатысқан жұрттың барлығы тест сынағынан өткеніне ешкім жауап бере алмайды. Сондықтан кез келген тұрғын сақтық шараларын барынша күшейтіп, үйде болуы керек.
ШЫМКЕНТ