• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Аймақтар 06 Қараша, 2020

Қала келбеті қалай өзгереді?

355 рет
көрсетілді

«Түркістан қаласын түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы ретінде дамыту жөніндегі Бас жоспардың тұжырымдамасы туралы» Елбасының Жарлығын іске асыру негізінде әзірленген жобаға сәйкес облыс орталығының бастапқы аумағы 19 627 гектардан шекарасына өзгерістер енгізу арқылы 22 370 гектарға дейін ұлғаяды.

Түркістан қаласы Бас жос­пар­ының жобасы қаралған Үкі­мет отырысында баяндама жаса­ған облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев халық өсімі де ескеріліп отыр­ғанын атап өтті. Нақтырақ айт­сақ, тұрғындар саны алдыңғы жылы 165 мың болған қалада бүгінде 176,2 мың адам тұрады. Бас жоспарға сәйкес қала хал­қының саны 2025 жылға дейін 250 мыңға, 2035 жылға дейін 350 мың адамға дейін өсіп, 2050 жылы 500 мыңға жететіні болжанған. Облыс орталығы Түркістанға көшірілген күннен бастап қаланың негізгі капиталына шамамен 400 млрд теңге инвестиция бағытталды. Қаланың жобасы негізінен әкімшілік-іскерлік, рухани-мәдени орталық, қалыптасқан тұрғын аудандар, жаңа құрылыс аудандары мен алаңдары, өндірістік аймақтар, табиғи-рекреациялық сынды функционалдық аумақтарға бөлінеді.

Бас жоспар бойынша қаланың шығыс бағытында жаңа әкім­шілік-іскерлік орталық орна­ла­­суда. Ол 1450 гектар аумақ­ты қамтиды. Бұл аумақта тұр­ғын­дарға арнап білім беру, ден­сау­лық сақтау, мәдени және спорт нысандары, халыққа қыз­мет көрсету орталықтары, тұр­ғын үй, әкімшілік ғимараттар кешендері, бизнес орталықтары, компаниялардың кеңселері, банк­тер және басқа да нысандарды орналастыру көзделген. Бүгінде әкімшілік-іскерлік орталығында жоспарланған 14 нысан толық аяқталған. Өткен жылдың басында қаланың тұрғын үй қоры 3,8 млн шаршы метрді құрады, оның басым бөлігі – бір қабатты үй-жай түріндегі тұрғын үйлер. Ал 2025 жылы тұрғын үй қорын 6,1 млн шаршы метрге, 2035 жылы бұл көрсеткішті 9,8 млн шаршы метр­ге дейін жеткізу жоспарланған. Жалпы аумағы 290 гектар болатын рухани-мәдени орталықта Әзірет Сұлтан қорық мұражайы (88 га), Керуен сарай (22 га), Тұңғыш Президент саябағы (38 га) тәрізді ірі жобалардың құрылысы жүргізілуде. Жеке салымшылар тарапынан 3 бес жұлдызды қонақүй салынады. Бүгінгі таңда рухани-мәдени орта­лықтағы Бас жоспарда жо­ба­ланған 10 нысанның 6-уы то­лық аяқталды, қалған нысандар осы жылдың аяғына дейін пайдалануға беріледі.

Жобада қаланы жасыл же­лек­­тендіру мәселесіне ерекше көңіл бөлінген. Қазіргі таңда қалада жалпы пайдалану аума­ғын­дағы көгалдандыру 187 гектар болады. Бұл көрсеткіш 1 539 гектар немесе бір адамға шаққанда 44 шаршы метр жасыл желекті құрайды, бұл нормадан анағұрлым жоғары. Климаттық ерекшелік ескеріле отырып, тұжы­рымдамаға сәйкес қала сыртында көгалдандырудың үздіксіз жүйесін және Сырдария өзенінің табиғи өсімдіктер дүниесімен қосылуын қамтамасыз ететін жасыл белдеуді қалыптастыру көзделген. Көгалдандырудың жалпы ауданы 12 973 гектарға дейін жеткізілмек.

Бұдан басқа, қала тұрғын­дарының өмір сүру деңгейі мен сапасын жақсарту мақ­са­тында қажетті инженерлік инфра­құ­ры­лым жүйелері мен талапқа сай әлеуметтік нысандар бой көтереді. Жобаға сәйкес 2025 жылға дейін қалада барлығы 17,2 мың оқушыға арналған 15 мектеп және 44 мектепке дейінгі мекеме жұмыс істейді. Сонымен қатар 10 денсаулық сақтау нысаны, оның ішінде ауысымына 900 келушіге арналған 3 емхана қарастырылған. 2035 жылға дейін барлығы 40 мың оқушыға арналған 28 мектеп және 15 мың орынға арналған 53 мектепке дейінгі мекеме, сондай-ақ ауысымына 3 600 келушіге арналған 9 амбулаториялық-емханалық кешен нысаны жоспарланған.

Бас жоспары жобасында халық санының және туристер ағынының артатыны ескеріле отырып, 2035 жылға дейінгі қаланың тұрмыс-тіршілігін қамтамасыз етудің барлық негізгі параметрлері айқындалған. Бұл орайда көлік ағынын қайта бөлу және бос аумақтарды игеру мақсатында көше-жол желісі қайта салынады. Тозған бір қабатты тұрғын үйлерді ішінара бұзып, тарихи орталықтарды бөліп, халықаралық әуежаймен, темір жол және автовокзалдармен жалғастыратын айналма жолдар салу жоспарланған. Көлік ағынын жақсарту үшін ұзындығы 1 069 шақырым қолданыстағы магистралдық көшелерді кеңейту және жаңадан салу көзделген. Қала аумағы бойынша көлік жол айрықтары мен жол өткелдерінің саны 24-ке дейін ұлғайтылады. Автобус бағыттарының ұзақтығы 533 шақырымнан 850 шақырымға дейін артады. Халықаралық әуежайдың жолаушыларды қа­был­дауы сағатына 250 жолау­шыға, темір жол вокзалы тәу­лі­гіне 5 мың жолаушыға, ал авто­вокзал тәулігіне 15 мың жолау­шы­ға дейін қабылдай алады деп болжанып отыр.

Бас жоспарда қаланы сумен қамту мәселесі де қарас­ты­рыл­ған. Бүгінгі таңда қаланың су тұтынуы тәулігіне 35 мың текше метрге дейін жетеді. Қара­шық, Біресек-Хантағы және Мырғалымсай кен орындарының жерасты суларының жалпы қоры тәулігіне 177 мың текше метрді құрайды. Халық санының 350 мың адамға дейін өсуін ескере отырып, Бас жоспар шеңберінде Иқансу-Қытай кен орнының жерасты сулары есебінен қорлар кеңейтіледі және ұзындығы 163 шақырым су құбыры желі­лері салынады. Бұл ауыз суды күнделікті тұтыну көлемін тәулі­гіне 197 мың текше метрге дейін арт­тырады.

Су бұру мәселесі де өзекті. Бүгінгі таңда қалада қуаты тәу­лігіне 20 мың текше метр кәріз­дік-тазарту құрылғысы жұмыс істейді. Бас жос­пар аясында жобалық қуаты тәулігіне 25 мың текше метр болатын қосымша 3 кәріздік-тазарту құрылғысы салынады, сондай-ақ одан әрі жаңғыртуды ескере отырып, оның қуаты тәулігіне 125 мың текше метр­ге дейін жеткізіледі. Қосымша ұзындығы 139 шақырым болатын кәріз желілері салынады. Қаланы жылумен жабдықтау 2 орталықтандырылған қазан­дық­пен және жалпы қуаты 486 Гкал/сағат болатын 100 шағын қазандықпен қамтамасыз еті­ле­ді. Жобада 2 жаңа бу-газ қондырғысын салу және қол­да­ныс­тағы қазандықтар мен жылыту пештерін табиғи газға ауыстыра отырып, жаңғырту көзделген. Бұл жылумен жабдықтауды 1775 Гкал/сағатқа дейін арттырады. Бүгінде қала Бейнеу – Шымкент магистралдық газ құбырынан АГТС-«Түркістан» және АГТС-«Ескі Иқан» газ тарату стансалары арқылы «кө­гіл­дір отынмен» қамтамасыз етіледі. Ал 2050 жылға қарай бұл стансалардың өнімділігін жы­лына 215 млн текше метрге дейін арттыру жоспарланған. Қала­ны электр энергиясымен қамтамасыз ету мәселесі бойынша да бірқатар шара іске асырылады. Қазіргі уақытта қаланың электр тұтыну көлемі – 83 млн кВт/сағат. Қосымша электрмен жабдықтаудың баламалы көзі ретінде күн электр стансасының құрылысы көзделген. Бұдан басқа көшелерді жарықтандыру, суды жылыту үшін күн панельдері қолданылады.

 

Түркістан облысы