Қарағанды облысындағы Саран қаласында ресейлік «Татнефть» компаниясы автокөлік шиналарын шығаратын зауыт салмақшы. Бұл туралы аталған компанияның басшысы Наиль Маганов облыс басшылығымен кездесу барысында мәлімдеді.
«Біз бұл жобаны мерзімінде және сапалы жүзеге асыру үшін ең жақсы ресурстарды жібереміз. Қазақстанның, атап айтқанда Қарағанды облысының автомобиль өнеркәсібін дамытуға өз үлесімізді қосуға дайынбыз. Жоба жаңа жұмыс орындарын құру, импортты алмастыру және экспорттық әлеуетті қамтамасыз ету сияқты өлшемдерге сәйкес келеді», деп атап өтті Н.Маганов.
Бірден айта кету керек, қазірдің өзінде ауқымды жобаны іске асыру бойынша жол картасы әзірленген. Аса ірі жобаға салынатын инвестициялардың жалпы көлемі шамамен 111 млрд теңгені құрайды. Жоспар бойынша зауыт құрылысы келесі жылдың наурыз айында басталмақшы.
Ресейлік инвестордың айтуынша, іске қосылуы 2022 жыл деп болжанған кәсіпорын арада үш жыл өткенде өзінің жобалық қуаттылығына толық қол жеткізбекші. Яғни кәсіпорын жылына 3 млн жеңіл көлік шинасы мен 0,5 млн жүк көлігінің шинасын жасайтын болады. Ал жергілікті климаттың ерекшелігіне сәйкес жасалынатын «Мade in Kazakhstan» таңбалы бұл өнімдер ішкі нарықпен қатар шетелдерге де экспортқа шығарылмақшы.
Қарағанды облысының басшылығы шетелдік инвесторға қолдан келген көмектің бәрін көрсетіп жатыр. Мысалы, кәсіпорын құрылысына жер телімі беріліп, оған инфрақұрылымды жеткізу басталған. Қазірдің өзінде ресейлік компания өкілдері өңірдің инвестициялық климатына жоғары баға беріп отыр.
Жергілікті «Сарыарқа» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы бұл жобаға қатысушы ретінде өзіндік үлесін қосады.
Жаңа өндіріс орнының өңір үшін жаңа бағытты дамытуға мүмкіндік беретін маңызды жоба болғалы тұрғаны рас. Ең бастысы, зауыт іске қосылған кезде мыңнан астам жаңа жұмыс орындары ашылады. Инвестор мен жергілікті атқарушы билік арасында өткен кездесуде айтылғандай, кәсіпорында жергілікті мамандар жұмыс істейтін болады. Сондай-ақ жаңа жұмыс орындарынан үміттілерді Татарстанда оқытып алу да даярлық бағдарламасы бойынша қарастырылған.
Жалпы, Қарағанды облысы көршілес Ресей мемлекетінің аймақтарымен көптеген сала бойынша әріптестік тығыз қарым-қатынас орнатқан. Мысалы, қазіргі таңда өңірде 891 бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Ал биылғы тауар айналымының 1 млрд АҚШ долларынан асқаны тараптар арасындағы іскерлік байланыстардың өсе және нығая түскенін байқатады.
Бүгінгі таңда шағын ғана Саран қаласы инвесторларды магнитше тартқан құтты мекен болып тұр. Жоғарыда айтылған шина шығаратын кәсіпорыннан басқа, қаладағы бұрынғы резина-техникалық бұйымдары зауытының аумағында қытайлық Yutong компаниясымен бірлесіп автобус шығаратын жаңа зауыт салынып жатыр. Жоспар бойынша кәсіпорын жыл соңына таман өзінің алғашқы өнімін шығармақшы. Жоба жүзеге асырылғанда 1 100 адам жұмыспен қамтылады деген болжам бар. Зауыт жобалық қуатына сәйкес, жылына 1 200 автобус және 500 арнайы техника шығара алады. Дайын өнім ел аумағында сатылады, сондай-ақ жақын шетелдерге экспортталуы мүмкін.
Жалпы алғанда, Сарандағы бұл жарқын жобалар іске асқанда, шағын қаланың индустриялық аймағын ғана емес, оның әлеуметтік жағдайын да жандандыруға игі ықпалын тигізеді деген үміт бар.
Қарағанды облысы