Бұл сұраққа бірден бар деп жауап бере отырып, оның мәнісін қалың бұқараға жеткізу, әрі айтылмыш мәселеге жылқы өсірумен айналысатын халықтың, мал мамандарының және ауыл шаруашылығы министрлігінің наразын аудару мақсатында ойымызды еліміздің аға басылымында жариялауды жөн көрдік.
Бұл сұраққа бірден бар деп жауап бере отырып, оның мәнісін қалың бұқараға жеткізу, әрі айтылмыш мәселеге жылқы өсірумен айналысатын халықтың, мал мамандарының және ауыл шаруашылығы министрлігінің наразын аудару мақсатында ойымызды еліміздің аға басылымында жариялауды жөн көрдік.
Елімізде жылдан-жылға жылқы саны өсуде, айталық соңғы он жылда1060 мың бастан, 1637 мың басқа жетіп, 65 пайызға көбейген.
Даламызда мыңнан тұлпар, жүзден жүйрік баптап, аузымен құс тістеген сәйгүліктерді дөп басып тани білген, тұлпар дүбірін күншілік жерден естіген ата-бабаларымыздың өнегелі дәстүрін жалғастырушылар, егемендік алған елімізде көбейе түсуі қуанарлық жәй.
Біраз жылдар бұрын баспасөз беттерінен бір зерттеушінің, «Егемен Қазақстан» газетінде болуы керек, әлемдік нарыққа жылқы өнімдерімен шауып шығуымызға болады деген тұжырымы ойымнан кетпей жүретін.
Түбінде, ата-бабамыз қадірлеген жылқының еті мен қымызын әлем мойындайтыны анық. Құнарлылығы, шипалылығы мен қатар басқа да түрлі қасиеттерін зерттеуде академик Шармановтың ғылыми дәлелді еңбектері бар.
Жылқы шаруашылығы – Елбасының «Қазақстан-2050» Стратегиясында көрсетілген сын-қатерлердің бірі, – әлемдік азық-түлік қауіпсіздігі проблемасын шешуде, ел экономикасын дамытуда ұлттық мақтанышымызға айналуға тиісті ерекшелігі мол біден-бір сала.
Егемендігімізбен бірге ерекше қарқынмен дамыған ат спорты бір төбе.
Жылқы түлігі шөбі шүйгін, суы тұнық жайылымдарда емін-еркін табиғи жағдайда жетілетіндіктен, қоршаған ортаның сынағына төзімді келеді де, әдетте көп нәрсе жылқының өсуіне бөгет бола алмайды. Жалпы, халық та осы пікірде.
Дегенмен, осы бір қасиетті саланы өркендетуде қандайда бір кедергі кездесуі мүмкін бе? Болса ол не?
Ол – кейінгі жылдары жер-жерлерде жаппай бой көрсетіп жүрген жылқы тұмауы. (Грипп, парагрипп лошадей, инфлюэнце).
Бұл аурудың емі күні бүгінге дейін жоқ.
Міне, сондықтан да ауру шыққан жерінде жылқы түлігін жаппай зақымдап, жүдетіп, өлім – жітімге соқтырады. Әсіресе, бұл індеттің көбінесе жаздың соңы, күз мезгілінде бой көрсетіп, аурудан аман қалған бастың қысқы тебінге жарамай қалатындығында.
Ал, ауруды емдеу – дүниежүзілік ветеринариялық медицинаға әлі күнге дейін сырын ашпай жұмбақ күйінде қалуда.
Дегенмен, осы бір күрмеуді ғылыми практикалық тұрғыда Қазақстанда шешуді қолға алсақ, емдеу тәсілдерін ойлап тауып, оны ғылыми тәжірибе арқылы негіздеп, өмірге жолдама беруге болатындығына тоқталмасқа болмайды.
Мысалға, бұл аурудың емдеу жолын Жезқазған өңірінде, 1990-1994 жылдары, 4-5 мың бас жылқыға пайдаланып шешкен болатынбыз. Емдеу тәсілін өзіміз ойлап таптық. Ал оның жоғары тиімділігін көздерімен көрген шаруашылық басшылары, мамандары қазір де бар. Ол дәріні жасау құпиясы бізге мәлім.
Бұл әдісті жаңғыртып, жаңартуға толық негіз, ғылыми әл-қуатымыз жеткілікті.
Жылқы ауруларын зерттеуде Аблай Сансызбаев салған мектеп, іс-тәжірибе жүзінде дәлелдеуші ғалымдар елімізде бар.
Ол үшін ашығын айтсақ, қаржы жағынын қолдау керек.
Мысалға, елімізде кеңінен қолданыла бастаған ғылыми жобалар гранттық қаржыландыру жүйесі арқылы басымдылық бағытпен жеделдете қаржыландырылса аталмыш мақсатқа қиналмай жетіп, оны ел игілігіне айналдырып, оның үстіне шетелдік әріптестер алдыда үлкен беделге де ие болар едік.
Бұл мәселені Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбековке жеткізген де болатынбыз. Министр хатты алған күні-ақ, шұғыл тапсырманы қарамағындағыларға беріп-ақ тастап еді, бірақ орындалу жағы әлі іске аса қойған жоқ.
Осы мақалаға халық та, Үкімет те үн қосады деп сенеміз.
Мұның барлығын айтып отырғанымыз, қалың жұртшылық, мамандар, бұрындары осы ауру түрі кездескен жылқы шаруашылықтары, саланы реттеуге міндетті мемлекеттік органдар осы маңызды проблемаға үн қосса, сөйтіп жылқы тұмауымен күресуде елімізде, жер жүзінде ең алғашқылардың бірі болып бір жақсы, тиімді тәсілді дүниеге әкелсек деген ізгі ниет бар және де бұл ғылым жетістіктерін іс жүзіне асыру, еліміздің индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына қосар үлес болар еді.
Шүкірбай ТӨКЕЕВ.
Астана.