Таңертең ояна сала немесе жұмысқа кірісер алдында Instagramды бір шолып өтетін әдетіңіз болса, демек сіз – тұрақты қолданушысыз. Әлемде дәл сіз сияқты миллиардтаған адам бар. Өйткені әлеуметтік желілердің арасында ең табысты, әрі ең танымалдарының бірі инстаграм екені даусыз. 2010 жылдың 6 қазанында әлем өзін алғаш рет инстаграм көзімен көре бастады. Содан бері бақандай 10 жыл өтіп, диджитал әлемінде ерекше орын алған осы бағдарламаның өзектілігі артып келеді.
Ең көп жүктелетін қосымша
Инстаграм – Apple қосымшалар дүкеніндегі көп жүктелетін екінші қосымша. Google іздеу жүйесіндегі ең танымал ондыққа кіреді. 2018 жыл Instagram қолданушыларының саны 10,1% өсті. Өткен жылы өсімі күрт баяулап, 6,7%-ды ғана құрады. Ал биыл, карантиндік шараларға байланысты көрсеткіш 2019 жылмен салыстырғанда айтарлықтай өскен. Мәселен, жыл басынан бері Instagram-ды қолданушылар саны миллиардтан асты.
Желідегі ең танымал әрі көпшіліктің сүйікті қолданбасы – Stories. Күн сайын 500 млн адам 15 секундтық қысқа видеолар түсіреді екен.
Инстаграмды ең көп пайдаланылатын ел АҚШ болса, (110 млн пайдаланушы), Бразилия 70 млн қолданушымен екінші орында тұр. Ал Үндістанда – 69 млн, Индонезияда – 59 млн және Ресейде 40 млн адам тұрақты қолданушы екен.
Инстаграмда халықты қамтудың ең жоғары пайызы Брунейде – 60%, Исландияда – 57%, Түркияда – 56%, Швецияда – 55% және Кувейтте – 55%. Қазақстандықтар да инстаграмды тұрақты пайдаланғанымен, әзірге еліміз бұл рейтингтегі ондыққа да кірмей тұр.
Бір қызығы, сырт көзге әйелдер қауымы ғана инста-стори түсіріп, күнделікті лента жаңартып отыратындай көрінгенмен, әлемдік пайдаланушылар арасында ерлердің үлесі 48% және әйелдердің үлесі 52%-ды көрсетіп тұр. Демек, пайыздық үлесте екі жақты, қолдануы шамамен бірдей. Ал жалпы пайдаланушылардың 71%-ы – 24 жастан кіші. Ал «инстаграмшылардың» 63%-ы күніне кемінде бір рет әлеуметтік желіге кірсе, 42%-ы бірнеше рет бас сұғады. Бағдарламаны тек 16% қолданушы ғана аптасына бір реттен қарап отырады екен. Қолданушылар күніне орта есеппен инстаграмға 28 минут жұмсайды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда бір минутқа ғана көп.
Жарнама алаңы
Инстаграмдағы әлеуетті тұтынушылар арасында жарнаманың қамтылу аясы – 849,3 млн адам. Бұл 13 жастан жоғары қолданушылардың 14%-ын құрайды. Көрсеткіш 2019 жылдың үшінші тоқсанымен салыстырғанда, 5,9% өскен. Ай сайын әлеуметтік желіде 2 млн аккаунт жарнамаланады.
Брендтер инстаграм блогерлеріне жарнама үшін орта есеппен 100-ден 2 085 долларға дейін төлейді. Олар бейнематериалдар үшін 114 доллардан 3 138 долларға дейін, ал Stories үшін 43 доллардан 721 долларға дейін төлеуге дайын. Американдық маркетологтар өз бюджетінің 69%-ын инстаграмға ықпал етушілерге жұмсайды.
2020 жылы әлеуметтік желі жарнамадан 12,32 млрд доллар табады. 2019 жылы бұл көрсеткіш 9,08 млрд долларды құрады.
Әлеуметтік желілердегі жарнама ойындарға орналастырудан 8,3 есе, жұмыс үстелдеріндегі жарнамалардан 5,4 есе тиімді. Бір жыл ішінде #ad (жарнама) хэштегімен посттар саны 48% өсті. Stories-те жарнамалайтын маркетологтардың 96%-ы мұны алдағы 6 айда жалғастыруды жоспарлап отыр.
Инстаграм контентін кімдер жасап отыр?
Әлеуметтік желіде аккаунты бар кез келген адам үшін оны қандай контентпен толтыру маңызды. Instagram алғашқы жылдардан бері қолданушылардан контенттің аса сапалы болуын талап етпегеннен кейін де қолданушыларының саны азаймайды. Мәселен, инстаграм тарихында ең көп лайк жиналған пост – жұмыртқаның суреті. 54 млн лайк жинаған жарияланым айналасы бірнеше күннің ішінде аккаунт иесін миллионер атандырған. Ал әлем бойынша күн сайын инстаграмға 95 млн жазба жүктеледі. Тағы бір айта кетерлігі, инстаграм пайдаланушыларының қарапайым жазбалары танымал брендтердің жарияланымдарына қарағанда көбірек оқылады екен.
Instagram – қазіргі уақытта ең маңызды әрі ең танымал жарнама алаңы. Көзін тапқан адамға тиімді бизнес орта екені де айтылып келеді. Десе де он жылда оң өзгерістерге бет бұрған бұл әлеуметтік желі үшін зерттеуші мамандар алда үлкен қауіп барын да жасырмайды. Инстологтардың пайымынша, енді жарнама арқылы табыс табу қиындайды. Бұл жаңа қолданушылардың жарнама ағымына ілесе алмауымен байланыстырылып отыр. Жалпы, басқа баламалардың көбеюіне байланысты, алдағы уақытта Instagram қолданушылардың өсімі баяулайды деген де болжам бар. Бірақ платформа ең тиімді онлайн-жарнамалық арналардың бірі болып қала бермек.