Соңғы жылдары Марсқа жетудің түрлі амал-тәсілдері жасалып жатыр. Бірі сол ғаламшарды игермек болса, бірі Жерді қорғау мақсатында аянып қалмауда. Әсіресе соңғы бірнеше жылдың ішінде Жер мен Марстың арақашықтығы айтарлықтай жақындаған.
Еуропаның ғарыш агенттіктері ғаламшарға әзірге еш құрылғысын қондырған жоқ. Себебі осыдан төрт жыл бұрын олардың алғашқы тәжірибесі сәтсіздікке ұшыраған еді. Дегенмен алдағы іс-тәжірибелерге АҚШ пен Ресей көмекке келмек.
Осы орайда Илон Маск ExploreMars.org Twitch-те сөйлеген сөзінде 2024 жылы адамдарды қызыл ғаламшарға аттандыруға ниетті екенін айтты. И.Маск Марсқа ұшатын SpaceX ғарыш кемелерінің билеттерінің бағасын жариялады. Оның айтуынша, билет бағасы ғарыш кемесінің көлеміне байланысты болмақ. И.Маск өзінің Twitter парақшасында «Билет құны 500 мың долларға жетуі мүмкін, бәлкім 100 мың долларға теңесуі ғажап емес. Жолдама құны экономикасы дамыған елдер тұрғындарының Жердегі үйін сатып, билет алуына жеткілікті», деп жазды.
SpaceX компаниясы Марсқа 2020 жылдың ортасында Starship пен Super Heavy ғарыш кемелерін жіберуді жоспарлап отыр. И.Маск Марста 2025 жылға қарай өзін өзі қамтамасыз ете алатын қалашықтың пайда болатынына сенімі мол. Бұл процестің жүзеге асуы қиынға соғатынын, алайда жоспарлы түрде әрекеттер іске асатынын мәлімдеді.
И.Маск тоғыз жыл ішінде адамдарды Марсқа апаратын мыңға жуық жұлдыздық кемені дайындап шығаруды қолға алды. Әрине, мұндай мерзімде орындала ма, жоқ па белгісіз. Алайда жаһандық проблемалардың өрістеуі күн сайын артып жатқандықтан, асығу керек екенін алға тартты.
Сонымен қатар Біріккен Араб Әмірліктері ғарыш зондын Марсқа жіберген алғашқы араб мемлекеті болды. «Әл-амал» аппаратын 20 шілдеде Танэгасима аралындағы ғарыш айлағынан жапондық зымыран-тасығышы аспанға ұшырған болатын.
Бастапқыда ұшыру 14 шілдеге белгіленді, бірақ ауа райының қолайсыздығына байланысты ұшу барысын екі рет ауыстырды. Дубайдағы Мухаммед бин Рашид ғарыш орталығында Колорадо университетінің атмосфералық және ғарыштық физика зертханасымен бірге әзірленген ғарыштық зонд жеті айдан кейін қызыл планетаға жетеді деп болжануда.
БАӘ-нің Марс миссиясының мақсаты − атмосфераны, климаттық жағдайларды және жыл мезгілдерінің ауысуын зерттеу. Аппарат орбитада бүкіл Марсиандық жыл бойы қалуы керек. Яғни, оның ұзақтығы жердегі жылмен салыстырғанда екі есе көп.
Бұдан бөлек ғарыштық зонд алғаш рет атмосфераның төменгі қабаттарын және марстық ауа райын, соның ішінде шаңды дауылдардың қалыптасуын зерттейді. Кеменің арнайы инфрақызыл және ультракүлгін диапазондарында Марс атмосферасын бақылауға мүмкіндік беретін үш камерамен жабдықталған.