АҚШ президенттігіне Демократиялық партия атынан үміткер Джо Байден дауыстарды санау бойынша сайлауда жеңіске жететініне еш күмән келтірмейді, деп хабарлайды Egemen.kz
Джо Байден "Америкада дауыс беру кезі қасиетті" екенін айтып, америкалықтарды сабырға шақырды.
"Сондықтан мен бәрін сабырға шақырамын. Барлық адамды. Процесс жүріп жатыр. Санау аяқталуға жақын", деді Байден.
Джо Байден сайлауда берілген әрбір дауысты санау керегін және оны қамтамасыз етуге тырысатынын атап өтті.
"Әр дауысты ескеру керек. Біз мұны қамтамасыз етеміз. Осылай болуы да керек. Санау аяқталған кезде сенатор (вице-президенттікке кандидат, Камала) Харрис екеуміз жеңімпаз ретінде жарияланатынымызға күмәніміз жоқ", деді бұрынғы вице-президент теледидарда айтқан үндеуінде.
Еске салайық, сейсенбіде АҚШ-та президент сайлауы өтті, республикашыл Дональд Трамп пен демократ Джо Байден Ақ үйдің басшысы болуға үміткер. Бірқатар штатта дауыс беру нәтижелері әлі белгісіз. Ал Трамп сәрсенбіге қараған түні өзінің жеңетінін мәлімдеді және демократтарды "сайлауды ұрлауға" тырысты деп айыптады. Америкалық жетекші телеарналардың есептеулеріне сәйкес, әзірше Джо Байден көш бастап тұр.