Елордада 18-23 қараша аралығында «Жастар кадрлық резерві-2013» жобасы аясында Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен екінші оқу модулі өткізілуде. Бұл шара жастардың өз орнын табуына ықпал ету мақсатында ұйымдастырылған.
Елордада 18-23 қараша аралығында «Жастар кадрлық резерві-2013» жобасы аясында Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен екінші оқу модулі өткізілуде. Бұл шара жастардың өз орнын табуына ықпал ету мақсатында ұйымдастырылған.
Бірінші оқу модулінің қорытындылары бойынша конкурстық комиссия республика деңгейінде 2,5 мың адамның ішінен жобаға қатысуын жалғастыратын ең үздік 32 қатысушыны таңдап алған. Жалпы қатысушылар жеке жобаларды қорғау, тестілеуден өту және тұлғалық даму тақырыптарына арналған тренингтерді тыңдау бағыттары бойынша іріктеліпті. Сайысқа түскен жобалар негізінен өзектілігімен, мәнімен және жан-жақты ойластырылғандығымен ерекшеленуі тиіс-ті. Мұндай үдеден шыққандар көп. Алайда, А.Рахметованың «Волонтер», Г.Жетпісованың «Online үлгісіндегі «Кеңес орталығы» және Б.Үстемірованың «Жас маманға – баспана!» атты жобалары топ жарғандығын айта кету керек. Ал екінші оқу модулінің бағдарламасы бойынша қатысушылар шешендік өнерді қалыптастыруға, қоғамдық-саяси үдерістерді модельдеу дағдыларын дамытуға, даулы жағдайлардың шешімін табу жолдарына үйретуге бағытталған оқулардан өтеді.
Осылайша, ең үздіктердің арнайы оқу дәрістерінен өтуіне, жеке жобаларын жасауына, мемлекеттік органдарда, ұлттық компанияларда немесе өзге де жұмыс орындарында тәжірибеден өтуіне септігін тигізетін бірден-бір алаң жасалып отыр. «Нұр Отан» партиясының Саяси менеджмент мектебі «Аса тиімді адамдардың 7 дағдысы» және «Табысты бизнесті қалай бастауға болады: 2 миллион теңгеден 2 миллион долларға дейінгі жол» деген тақырыптарда тренингтер өткізуде. Аталған тренингтерді М.Біләлова, Ж.Сариева және Р.Карымов сынды дәріс оқушылар өткізетін болады. Сонымен қатар, қатысушыларға Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында екі күн бойы дәріс оқылды және көптеген саясаткерлермен, танымал кәсіпкерлермен кездесулер ұйымдастырылды.
Негізінен жоба жастардың қызметте өсуіне немесе өзін дамытуға бағытталған. Осы орайда жобада мемлекеттік қызметкерлер, мұғалімдер, ауылдан келген жастар да қатысып отырғандығы белгілі болды. Оған қатысу үшін жоғары білімімен қатар, бірқатар жетістіктері де болуы тиіс, дейді «Жас Отан» жастар қанатының атқарушы хатшысы Нұрлан Сыдықов. Жалпы, бес жылдың қорытындысы бойынша 10 мыңнан астам жастың ішінен іріктелген 300-і әртүрлі салаларда еңбек етуде. Олардың ішінде мәслихат депутаттары болғаны да бар екен. Оқуын жалғастырамын дегендер де жеткілікті көрінеді.
Қорыта айтқанда, оқу модульдері еңбексіз қалған жастарға жұмыс тауып беруге емес, ал талпынысы бар талаптыларының бойындағы қабілеттерін шыңдауға түрткі болатын жоба саналады. «Талаптыға нұр жауар», деп осындайда айтылса керек.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».