Біздің жақта қыс ұзақ әрі қатал. Кей жылдары қар да қалың түседі. Облыс орталығында қазір қатал сыншының сынына қапысыз дайындық жұмыстары қауырт жүргізілуде. Бұл орайда, ең алдымен керегі – коммуналдық мекемелердің қала көшелерін қардан тазартатын техникаларының дайындығы. Таяуда бірнеше жаңа қондырғылар сатылып алыныпты.
Қыр астынан мысықтабандап келе жатқан қыс лебі сезілген сайын коммуналдық шаруашылық мамандары қолда бар техникаларының кем-кетігін жөндеп, ақ қармен алысуға дайындық жұмыстарын ширата түсуде. Негізінде облыс орталығының көк мұз бен ақ қардан тазалығына екі серіктестік жауап береді. Оның бірі «Зерен плюс - 2006» кәсіпорны.
Кәсіпорын өткен жылдардың сабағын ескере отырып, бүгіннен қам жасауда. Бұл орайда, техниканың кейбірі ескіргендігін, жаңартуды қажет ететіндігін айта кетуге тиістіміз.
– Серіктестікте 80-ге жуық адам жұмыс істейді. 40-тан астам техникамыз бар. Жұмысшылардың барлығы қажетті қысқы киімдермен қамтамасыз етілген. Биыл жаңадан техника алынған жоқ. Келер жылы бірқатар техника аламыз деп межелеп отырмыз,–дейді серіктестік жетекшісінің міндетін атқарушысы Дулат Әміров.
Көкше қысының қатал екендігін әркім де жақсы біледі. Сондықтан, осы бастан жауапты кәсіпорындарда тиісті шаралар жүзеге асырылуда.
– Екі кәсіпорынмен тиісті келісім-шарт жасалды. 89 млн теңге қаражат бөлінді. Егер қыс қатты болса, «Көкше жылу» мен «Көкшетау су арнасы» кәсіпорындарының техникалары да жұмылдырылады,–дейді Көкшетау қаласы әкімінің орынбасары Ербол Төлеуов.
«Көкшетау су арнасы» кәсіпорны да қысқа науқанға мықтап дайындалуда. Бір айта кетерлігі, материалдық-техникалық базасын жаңғыртып, бірқатар заманауи қондырғылар сатып алған. Олар қала бойынша 60 мың тұтынушыға қызмет көрсетеді.
– Бізде 78 техника бар. Олардың 69-ы жұмысқа толық дайын. Барлық техникалар арнайы тексерістен өтті. Биыл дизельді генератор сатып алдық. Өзге де құрал-жабдықтарды жөндеп, сапқа қойдық,–дейді «Көкшетау су арнасы» кәсіпорнының қызметкері Иван Данчев.
Облыста қысқы маусымда қар тазалауға 376 техника, 600-ден астам адам жұмылдырылмақ. Қазір қыс сынағына төтеп беру үшін лайықты қам жасалуда.
Көкшетау қаласы