Осы айдың басында Тәжікстанда президент сайлауы өткені белгілі. Онда қазіргі президент Эмомали Рахмонның жеңісіне ешкімнің күмәні болған жоқ. Солай болды да. Жаңа ескі президенттің қызметіне кірісу салтанаты да даңғазасыз өтті. Мұның өзі қалыпты жағдайдай көрінген.
ҚИЫН КЕЗДЕ ЕЛІН ЕР БАСҚАРСА ИГІ
Осы айдың басында Тәжікстанда президент сайлауы өткені белгілі. Онда қазіргі президент Эмомали Рахмонның жеңісіне ешкімнің күмәні болған жоқ. Солай болды да. Жаңа ескі президенттің қызметіне кірісу салтанаты да даңғазасыз өтті. Мұның өзі қалыпты жағдайдай көрінген.
Сол сайлау науқаны басталар шақта Эмомали Рахмонға қарсы тұратындай оппонент жоқтығы, оның қайта сайлану мүмкіндігі және халықтың оған неге дауыс беретіндігі жайында сөз еткенбіз. Ол қайта сайланады десек, ол әсте де біздің сәуегейлігіміз емес-ті. Қалыптасқан жағдай, халықтың менталитеті соған апаратынын аңғаруға болар еді. Бұл елде басқа бір жерлердегідей әсіре саяси белсенділік күшті емес, сонымен бірге, халық саяси популизмге, арандатуға ере қоймайды. Бұл елде халық оппозицияның іс-әрекетін, бет-бейнесін өз көздерімен көрген. Қан төгудің қайталануын қаламайды.
Әрине, сайлау өткен соң, онда бұрмалаушылық орын алды деп өрекпігендер табылған. Ондайлар бұрын да болған, алда да болады. Бірақ халықаралық, сондай-ақ, ішкі де байқаушылардың қатысуымен өткен сайлауда, жеңістің ауылы көрініп тұрғанда, қандай да бұрмалаушылыққа барудың билікке қажеті жоқ еді. Қалай болғанда да, Рахмонның 86,6 пайыз дауыс жинағанын оған халық ықыласының көрінісі деп бағалау жөн болар.
21 жыл елде билік тізгінін ұстап келе жатқан Эмомали Рахмонның басқару стилі, бұл елдегі саяси жүйе көпшілігімізге, әсіресе, батыстағыларға ұнамауы мүмкін. Ал тәжіктер оны құп көрсе, басқалардың оған неге өкпелеуі керек? Айталық, президент даңғаза, астатөк тойларға шектеу жасаса, шетелдерде радикалдық исламдық оқу орындарында оқығандарды елге қайтарып алса, оларды бітіргендердің экстремистік насихаты мен әрекеттерін тежесе, біреулер оны адам құқын шектеу деп қабылдағанмен, халық негізінен қолдаған.
Оның жаңа жеңісінен кейін де түрлі сын айтушылар ел ішінде де, сыртта да жетерлік. Таяу жылдарда ел алдында тұрған күрделі жағдайларды алға тоса отырып, содан елді алып шығу да Рахмонның қабілетіне күмән келтірумен қатар, тіпті, халықтың оған қарсы көтерілуі мүмкіндігін де сөз етеді. Ал тәжік қоғамы дәл бүгін қазіргі президенттен қабілеті жоғары адамды көріп отырмағаны да шындық. Ал оған бүкілхалықтық қарсылық көрсетілуі мүмкіндігінің негізділігіне күмәнмен қарайсың. Оған жақында өткен сайлау куә.
Расында да, алдағы жылдарда елді үлкен қиындықтар күтіп тұр. Оның ең бастысы – Ауғанстандағы жағдай. Ол елден коалициялық күштердің әкетілуі күрделі жағдай туғызуы мүмкін. Бірақ ол көрші елдерге аса үлкен қауіп төндіреді деп жұртты үрейлендіру де ұшқарылау пікір. Ондағы ішкі саяси және қарулы күрес бұл елдің көршілеріне ықпалын мықтап шектейді. Одан негізсіз үрей тудыру ең алдымен белгілі топтардың, тіпті, сыртқы күштердің ықпал жасау әрекеттерінің көрінісі. Тіпті, солай болған күнде де, бұл мәселеде президент Рахмонның үлкен тәжірибесі бар. Ол радикалдық оппозициялық исламистермен де күрескен, керекті жерінде тіл де табысқан.
Бұрынғы туыс ел Өзбекстанмен арадағы қарым-қатынастың күрделілігі тәжіктерге ауыр тиетіні анық. Соған Рахмонды кінәлаудың да жөні жоқ. Алда жағдайды дұрыстауға бетбұрыс жасалса, тәжік президентінің бұл мәселенің оң шешілуіне күш салатыны да жұртқа белгілі.
Тәжік елі үшін алдағы жылдар айтарлықтай күрделі болмақ. Тәжік халқы осы кезеңде елді басқар деп Эмомали Рахмонға аманат тапсырды. Аса ауыр, жауапты да аманат. Бәлкім, бұл жүкті басқа бір тұлға көтерер ме еді дегенде, көңілге ешкім орала қоймайды.
КӨРМЕЙТІН, ЕСТІМЕЙТІН НӘРСЕ ҚАЛМАҒАНДАЙ
Қазіргі технология біреудің үйіндегі әңгімесін мыңдаған шақырым жерден естиді екен. Космостағы қаптаған аппараттар жердегінің бәрін көреді. Естімесін, көрмесін десең, өзіңе өзің сақ бол дегеннен басқа амал қалмағандай.
Адамның жеке басының өмірі де қоғамдық сипатқа ұласып бара жатқандай. Жай пендені былай қойғанда, қорғанышы мықты деген мемлекет басшыларының өзі қазір қорғансыздай көрінеді. Әсіресе, ол АҚШ Орталық барлау басқармасының қызметкері Эдуард Сноуденнің өз еліндегі біраз құпия мағлұматтарды жария еткенінен кейін бүкіл әлем елдеріндегі үлкен қызмет адамдарының, белгілі қайраткерлерінің үстінен үлкен бақылаудың барлығы анықталып отыр.
Адамның жеке өмірі бар, оған қол сұғуға болмайды – бұл демократияның бір талабы. Қылмыскер болмасаң, жай пенденің ішкі ісіне араласпау керек – сырттай бақылау жасама, сөзін тыңдама, есігінен сығалама. Қазіргі заман адамның сол жеке басы құқынан ажыратып барады. Жай пенде емес, Германиядай алып державаның басшысы Ангела Меркельдің де сөзін тыңдағаннан кейін АҚШ-қа басқалардың шағым айтуы артықтау да көрінеді. Сөйтсе де, Еуропаның біраз елі өз басшыларына бақылау жасалғанына наразылықтарын да білдірген.
Иә, қазірге дейін көпшілік жұрт, АҚШ барлау басқармасының құрығы ұзын, бақылау жасаса, солар жасайды деп келсе, бұл көп елдің қолынан келетін шаруа екен. «Эй-би-си» телекомпаниясы Австралияның арнаулы қызметі 2009 жылы 15 күн бойы Индонезия президенті Сусило Бангбанг Юдойононың қарауындағылармен, жақын-жамағаттарымен телефон арқылы сөйлескен сөзін тыңдапты. Мұны да жұрт Сноуденнің жариялаған құжаттарынан білді. Ал Австралия үкіметі оны мойындауға мәжбүр болды.
Мұның жұртты таңдандырған бір жайы бар – осынау әдепке сыймайтындай әрекеті үшін Австралия үкіметі, оның басшысы Тони Аббатты Индонезиядан кешірім сұраған жоқ, қалыпты жайдай сипаттады. «Өз еліміздің қорғанысы үшін бұған дейін де, қазір де жасап жатқан әрекеттеріміз үшін Австралияның кешірім сұрауын күтудің реті жоқ», – деді ол. Сонымен қатар, премьер-министр Индонезияға үлкен құрметпен қарайтынын, оның басшысын Австралияның ең жақын досы санайтынын мәлімдеді.
Мұның есесіне, Индонезия жағы қатты кейістік білдірді. Австралиядағы елшісін шақырып алды. Президенттің өзі бұл ел тағы кімдердің үстінен бақылау жүргізгенін анықтап, шара қолдануды тапсырды.
Қалай болғанда да, бүгінгі техника заманында жеке адамның, қоғамның жасырын, өздеріне тән өмірі жоқтай. Барлау бәрін естиді, бәрін көретін сыңайлы. Барлау АҚШ-ты ғана емес, бәрінде де бар. Оған Австралия мысалы куә. Айталық, Ресейдегі барлау олардан әлсіз дегенге ешкім сенбейді. Сонда мемлекеттер, жеке адамдар менің үстімнен неге бақылау жасайсың деп басқаларға өкпе айтудың да уақыты өткендей. Ендігі – өзіңе өзің сақ бол, орынсыз әңгімеге, лайықсыз әрекеттерге барма деу ғана қалғандай. Саған құлағын тосқан, көзін тіккендер көп. Естиді, көреді.
Мамадияр ЖАҚЫП,
«Егемен Қазақстан».