• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Спорт 09 Қараша, 2020

«Испания Вуэльтасы»: Нәтиже жаман емес

244 рет
көрсетілді

Кеше велоспорттан әлемдегі ең маңызды үш ірі жарыстың бірі саналатын «Испания Вуэльтасы» гранд-турының биылғы бәсекесі аяқталды. Сондай-ақ велоспортшылар да биылғы маусымды дәл осы веложарыспен қорытындылады. Енді үздіктер жыл соңына дейін ешбір жарысқа қатыспай, жаңа жылдан бастап келесі маусымға дайындықтарын бастайды. Ал жас спортшылар өзін көрсетуі үшін әлі де шағын турнирлерде бақ сынап, көзге түсуді көздейді.

Италия тас жолдарында өткен «Джиро д’Италия» додасында «Астана» велокомандасының бірде-бір спортшысы кезең же­ңімпазы атанбаса да, жарыс қорытындысы бойынша ең үздік 10 велоспортшының қатарынан көрінген-ді. Ал «Испания Вуэль­тасының» 18-кезеңінде қазақ­стандық команданың бір спортшысы кезең жеңімпазы атанып, тоғызы әр кезең сайын үздік он­дық­тың қатарынан көрінсе де, жалпы жарыс қорытындысы бо­йын­ша ешбір спортшымыз үздік­тер қатарына ене алмады.

Десе де 75 жылдық тарихы бар әйгілі додада талай мықты велоша­бандоздармен бір қатарда өнер көрсетіп, бір кезеңде мықтылардың арасынан суырылып шы­ғып, кезең жеңімпазы атанудың өзі үлкен жетістік деп есептейміз. Оның үстіне «Астана» велокомандасы Ис­па­ния­ға ең негізгі құрамын емес, әлемдік деңгейдегі жарыс­тарда аса тәжірибесі жоқ аралас құрамын жіберді. Өйткені әлемдегі барлық жарыс пандемияға байланысты жоспарланған уақытынан кеш ұйымдастырылып жатқаны белгілі. Сол себепті биыл бірін­ші мәрте велошабандоздар ара­сындағы ең мәртебелі екі жарыс – «Испания Вуэльтасы» мен «Джиро д’Италия» додасы тарихта алғаш рет бір уақытта дерлік өткізілді. Сөйтіп Александр Винокуров бастаған қазақстандық команда екі жарысқа да аралас құраммен қатысуға мәжбүр болды. Атап айтар болсақ, «Вуэльтада» Александр Власов, Йон Исагирре, Горка Иса­гирре, Луис Леон Санчес, Омар Фраиле, Алекс Аранбуру, Дми­трий Груздев және Мерхави Кудус секілді спортшылар бақ сына­ды. Ал Италиядағы жарыста Якоб Фульсанг, Мигель Анхель Лопес, Юрий Натаров, Вадим Прон­ский, Мануэле Боаро, Фабио Фел­лине және Оскар Родригес өнер көр­сеткенін тағы бір рет айта кетейік.

Сонымен биылғы «Испания Вуэль­тасында» «Астана» велокомандасынан ең үздік нәтижені Александр Власов тіркеді. 24 жас­тағы ресейлік велошабандоз 16-кезеңнің қорытындысы бойын­ша жалпы есепте тоғызыншы орында келе жатқан-ды. Алайда 17-кезеңде мәреге 14-ші болып келіп, жалпы есептегі жағдайын нашарлатып алды. Сөйтіп биылғы доданы 11-орынмен түйіндеді.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, Испания Гранд-турында қазақ­стандық команданың велоспортшысы тоғыз мәрте әр кезеңде үздік ондықтың қатарынан кө­рінді. Жеке-жеке атап өтер бол­сақ, үшінші жарыс күнін тамаша өткізген Александр Власов Ла Лагуна Негра де Винуэса шы­ңына дейін бір шақырым қал­ғанда шабуылға шығып, нәти­жесінде 5-орынға ие болды. Сондай-ақ ресейлік велошабандоз жарыс соңына дейін тағы төрт мәрте үздіктер қатарынан кө­рінді. Мәселен, 8-кезеңде мәреге төртінші болып жетсе, 11-кезеңде ал­тыншы болды. Ал 12-кезеңде мәреге сынық сүйем қалғанда сүрінді. Корольдік таулы кезеңнің соңғы шақырымында көш басына шыққан Власов жарыс соңына дайын үстемдігін сақтай алмады. Нәтижесінде EF Pro Cycling өкілі бри­таниялық Хью Карти алға жіберіп, өзі екінші орын алды. 16-кезеңде Александр Власов мәре сызығын пелотонмен бір уақытта кес­кенімен, жарыс соңында 10-орын­нан көрінді.

Сонымен қатар жарысты бесінші кезеңде мәреге қалың топ­пен бірге жеткен испаниялық Алекс Аранбуру спринтті жақсы өткізіп, сол топ арасынан 3-орын­ға, жалпы кезеңде 6-орынға қол жет­кізді. Сондай-ақ 10-кезеңді төр­тінші орынмен түйіндеді.

Алтыншы кезең «Астана» командасы үшін өте сәтті күн болды. Өйткені Йон Исагирре атақты Арамон Формигаль шыңында же­ңіске жетсе, Горка Исагирре мәре сызығын тоғызыншы болып кесті. Йон бұл жарыс күнінде мәреге 3 шақырым қалғанда шабуылға шықты. Айтарлықтай басымдыққа ие болған Исагирре шабуы­лын соңына дейін жеткізіп, «Испания Вуэльтасында» алғаш рет жеңіске жетті. Сондай-ақ Иса­гирре велоспорт тарихында үш Гранд-турда жеңіске жеткен 100-ші велоспортшы болды. Бұған дейін ол 2012 жылы Euskaltel-Euskadi командасымен «Джиро д’Италияның», 2016 жы­лы Movistar Team ұжымымен бірге «Тур де Франстың» бірінші кезе­ңінде топ жарған. Сонымен қатар Йон Исагирре жарыстың ең соңғы 17-ші таулы кезеңінде бәсекені үздік үштіктің қатарында түйіндеді.

Сонымен қатар жарыстың жетінші кезеңінде де екі бірдей спортшымыз үздік ондықтың қата­рынан көрінді. Пуэрто де Ордунья асуын екінші мәрте жү­ріп өту барысында Омар Фраи­ле Майкл Вудс, Алехандро Валь­верде, Нанс Петерс және Гийом Мартандардың шабуылына ілесіп, нәтижесінде бес шабандоздан тұратын көшбасшы топ арасына қосылды. Мәреге шамамен 3 шақырым қалғанда «Астана» өкілі шабуылға шығып көрген-ді. Алайда мәреге 1,3 шақырым қалғанда Вудс шабуыл­дап, ке­зеңде жеңіске жетсе, Омар Фраиле 2-орынға иек артты. Алекс Аранбуру көшбасшылардан кейінгі топпен көмбеге бірге келіп, бұл кезеңде 7-орынға ие болды.

«Астана» велошабандоздары осылайша жылдың ең негізгі үш додасын аяқтады. Қыркүйекте өткен «Тур де Франста» Мигель Анхель Лопес жалпы есепте алтыншы орынды иеленсе, жуырда ғана аяқталған «Джиро д’Италия» додасын Якоб Фульсанг та алтыншы орынмен қорытындылаған-ды.

Айта кетейік, «Испания Вуэль­­тасында» 2006 жылы Алек­сандр Винокуров бастап берген жеңісті Альберто Контадор (2008) мен Фабио Ару (2015) сәтті жалғаған болатын. Сонымен қа­тар былтырғы додада Мигель Ан­хель Лопес пен Якоб Фульсанг кезең жеңімпазы атанса, «Астана» коман­далық есепте үздіктер қата­рынан көрін­генін айта кетейік. Жа­рыстың соңғы күнін­дегі нәтижені газетіміздің ертеңгі нөмірінен оқи аласыздар.