Орта салмақтағы IBF және IBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы, отандасымыз Геннадий Головкин польшалық Камил Шереметамен желтоқсан айында жұдырықтасатын болды. Бұл туралы танымал инсайдер Майк Коппинджер мәлімдеді.
Оның айтуынша, екі боксшының жекпе-жегі 18 немесе 19 желтоқсанда АҚШ-та өтеді деп жоспарланған. Ал кездесуді DAZN тікелей эфирде көрсетпек. Сондай-ақ Коппинджер қазақстандық боксшы келесі жылдың көктемінде бұдан да маңызды жекпе-жек өткізетінін айтты.
«Геннадий Головкин 18 немесе 19 желтоқсанда екі бірдей белдігін қорғайтын болады. Оның бұл жолғы қарсыласы – Камил Шеремета. Егер бұл айқаста Головкин атақтарын сәтті қорғаса, 2021 жылдың көктемінде титулды жекпе-жек өткізеді», деп жазды Майк Коппинджер.
Айта кетейік, Головкин кәсіпқой шаршы алаңдағы ең кейінгі жекпе-жегін 2019 жылдың қазанында украиналық Сергей Деревянченкомен өткізіп, ұпай санымен басым түскен-ді. Дәл сол бокс кешінде өнер көрсеткен Шеремета мексикалық Оскар Кортесті нокаутпен жеңген болатын.