Сенатта өткен Үкімет сағатында депутаттар Қазақстандағы су қауіпсіздігіне төнген қатерлер мен проблемаларды талқылады. «Қазақстанның су қауіпсіздігі: қазіргі кездегі қауіп-қатерлер және оларды шешу перспективалары» тақырыбында өткен шараға орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың басшылары, сондай-ақ су мәселелері жөніндегі сарапшылар қатысты.
Ауыз су жөніндегі бағдарламалар нәтижесіз
Сенат Төрағасының орынбасары Асқар Шәкіров өз сөзінде көтерілген тақырып әрбір қазақстандық үшін өмірлік маңызы бар әрі ұлттық қауіпсіздіктің ажырамас бөлігі ретінде қарастырылатынын атап өтті. Адамдардың өмір сүру сапасы мен экологиялық су жүйесінің сақталуы – сапалы ауыз судың қолжетімді болуына, гидроқұрылыстардың жай-күйіне, су ресурстарын ұтымды пайдалануға байланысты.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы ақпанда Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне «су ресурстарын басқару жөніндегі тиісті бағдарламаларды әзірлеу кезінде еліміздің су қауіпсіздігінің барлық мәселелерін мұқият талдауды» тапсырды. Қазіргі кезде жаңа Экологиялық кодекстің жобасы Парламент Мәжілісінің қарауында жатыр. Мемлекет басшысының ол тапсырмасы осы құжатта тиісті көрініс тапты деп үміттенеміз», деді Асқар Шәкіров.
Қазақстан су тапшылығы бар мемлекеттердің қатарына кіреді. Су ресурстарына қажеттіліктің өсуіне байланысты сумен қамтамасыз етудің жыл сайынғы төмендеуі байқалады. Осыларды еске салып өткен Сенат Төрағасының орынбасары А.Шәкіров жоғарыда айтылған мәселелер былтыр парламенттік тыңдауда жан-жақты талқыланғанын жеткізді.
«Тәуелсіздік жылдары су мәселелерін шешуге тек бағдарламалық құжаттар шеңберінде 790 млрд теңгеге жуық мемлекеттік қаражат бөлінді. Алайда көріп отырғанымыздай, ауыз су жөніндегі бағдарламалар айтарлықтай нәтиже берген жоқ. Орталықтандырылған сумен жабдықтау көздерінен ауыз сумен қамтамасыз ету көрсеткіші Қазақстан бойынша 77 пайызды құрады.
Трансшекаралық суды пайдалану мәселелері біздің еліміз үшін аса маңызды. Бүгінде су ресурстарының тек 56 пайызы Қазақстанда. Ал 44 пайызы Қытай, Ресей, Қырғызстан және Өзбекстан арқылы келетін трансшекаралық өзендер есебінен қалыптасатыны белгілі. Бұл саладағы халықаралық-құқықтық негіз қазіргі заман шындығын ескере отырып, одан әрі өзектендіруді талап етеді», деді А.Шәкіров.
Сонымен қатар Қытаймен арадағы мәселелерге байланысты Іле және Ертіс өзендері бойынша ағыны азайып, бұл Балқаш көлінің су деңгейіне әсер еткенін, ел индустриясының негізін құрайтын ірі өнеркәсіптік объектілердің жұмысына қауіп төндіретініне тоқталды. Сондай-ақ суармалы кезеңде аграрлық сектордың жұмыс істеуіне Өзбекстан және Қырғызстан тарапымен жасалған мемлекетаралық уағдаластықтар тікелей қатысты.
«Су шаруашылығы объектілері мен құрылыстарын толық ауқымды паспорттауды жүргізу, олардың техникалық жай-күйін есепке алу ерекше назар аударуды талап етеді. Су ресурстарына, ирригациялық жүйелерге және сумен қамтамасыз етудің барлық инфрақұрылымына толық аудит жүргізу қажет.
Жыл сайын су тасқыны кезеңінде дренаж жүйесі мен нөсерлік кәріздің қараусыз қалуына, жекелеген жағдайларда – олардың мүлдем болмағанына бетпе-бет келеміз. Көптеген елді мекен зардап шегіп, адамдар баспана мен мүліктерін жоғалтады. Мемлекет экономикалық шығынға ұшырайды. Биыл Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстары су апатына тап келді.
Гидрометеорологиялық қызметтерді толық қаржыландырмау, гидротехникалық құрылыстар салуды жеткіліксіз жобалау, су басу қаупі бар учаскелерде объектілерді заңсыз салу және басқа да мәселелер Үкімет пен жергілікті билік органдары тарапынан тұрақты бақылауға алынуға тиіс.
Су қауіпсіздігі мәселелеріне Сенат депутаттары ерекше назар аударады. Жақында Сенатта Қарағанды облысының және төтенше жағдайлар министрлігінің басшылығымен кездесу өтті. Онда төтенше жағдайлардың салдарын жоюға емес, алдын алуға көңіл бөлінді. Басқаша айтқанда, бар проблемаларды нақты талдау, жағдайдың дамуын болжау және міндеттерді кешенді шешу қажет», деді А.Шәкіров.
Жиын барысында трансшекаралық су пайдалану мәселелерінің маңызын ескере отырып, осы саланың халықаралық-құқықтық негізін қалыптастыру ұсынылып отыр. Сондай-ақ су шаруашылығы объектілері мен құрылыстарын толық көлемде паспорттауды жүргізу, олардың техникалық жай-күйін есепке алу қажеттігі атап өтілді.
Үкімет сағатын жүргізіп отырған Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мұхтар Құл-Мұхаммед судың тасуы мен топан су жыл сайынғы проблема екенін атап өтті.
«Мемлекет деңгейінде табиғи апат зардаптарымен күрес және оның салдарын жоюды негізгі міндетіне алған жеке министрлік құрылды. Өткен аптада ғана азаматтық қорғау мәселелері бойынша кеңейтілген отырыс барысында алдын алу жұмыстарының басымдыққа ие екені атап өтілді», деді Мұхтар Құл-Мұхаммед.
Көрші елдер келісімді орындамай отыр
Үкімет сағатында негізгі баяндаманы жасаған Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев су туралы заңнаманы жетілдіру мәселелеріне екпін берді. Қазақстандағы су ресурстарының қазіргі ахуалына тоқталған ведомство басшысы трансшекаралық өзендер төңірегінде әңгіме қозғады.
«Қазақстан мен Қытай арасындағы су қатынастары Трансшекаралық өзендерді пайдалану және қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы үкіметаралық келісіммен реттеледі. Қазіргі негізгі проблема – Трансшекаралық өзендердің су ресурстарын бөлу жөніндегі келісімнің болмауы. Негізі келісім бойынша жұмыс 2015 жылдан басталған. Кіріспеден және 31-баптан тұратын бірыңғай құрылым келісілді.
Қытаймен өте күрделі келіссөздер өтеді. Қытай шекара маңындағы ешбір елмен су бөлу жөнінде келіссөздер жүргізбейтінін ерекше атап өткім келеді. Қазақстан – Қытаймен келіссөздер жүргізіп жатқан алғашқы және жалғыз ел.
Жалпы Келісімге трансшекаралық өзендердің экожүйесін сақтау мәселелерін енгізуді талап етіп отырмыз. Қытай тарапы бұған мүдделі емес. Соған қарамастан отандық сарапшылардың табандылығының арқасында өткен жылы тараптардың су ресурстарына құқықтарын кешенді қарау және трансшекаралық су объектілерінің экожүйелерін сақтау бойынша қытай тарапымен уағдаластыққа қол жеткіздік», деді министр.
Бұдан кейін М.Мырзағалиев Өзбекстанмен арадағы мәселелер төңірегінде әңгіме қозғады. Оның айтуынша, Кеңес өкіметі тұсында бұзылған Сырдария өзенінің бассейнін қолдану тәртібі әлі толыққанды реттелген жоқ.
«Қазақстан төменгі ағысында орналасқан ел ретінде вегетация кезеңінде суармалы судың тапшылығын қатты сезінеді. Осыған байланысты, суармалы судың қажетті көлемін алу үшін тараптардың әрқайсысымен жеке келіссөздер жүргізуге мәжбүрміз.
Биыл Өзбекстанмен елеулі келіссөз өтті. Осы жылдың жаз айында проблемалық мәселелердің барлық спектрін қамтитын және олардың шешу мерзімдерін айқындайтын су қатынастары саласындағы ынтымақтастық мәселелері жөніндегі жол картасына қол қойылды. 1991 жылдан кейін салынған және қайта жаңартылған су шаруашылығы құрылыстарына бірлескен тексеру жүргізілді. Сондай-ақ Трансшекаралық су объектілерін бірлесіп басқару, пайдалану және қорғау туралы келісім жобасы талқыланды», деді ведомство басшысы.
М.Мырзағалиевтің сөзіне сүйенсек, Қырғызстаннан бастау алатын өзендердің де түйіні әлі толыққанды тарқамаған. Мәселен, Талас және Шу өзендерін пайдалану жөніндегі ереже 1983 жылы бекітілген. Ал 2000 жылы Шу және Талас өзендерінде су шаруашылығы құрылыстарын пайдалану туралы үкіметаралық келісімге қол қойылған.
«Қырғызстан тарапы Қазақстанға негізінен Шу өзенінің бассейнінде орналасқан мемлекетаралық арналар арқылы су беру кестесін мерзімді түрде сақтамайды. Оған қоса, біздің өңір қазір суы аз табиғи кезеңге тап болды. Су беру кестесін сақтамаудың барлық себебі қараша айының соңында өтетін Комиссия отырысында талқыланбақ.
Қазіргі уақытта су беру кестесінің бұзылуына жол бермеу мақсатында келесі жылдарға нақты шаралар қабылданып жатыр. Қазақстан тарапы Киров су қоймасындағы (Қырғызстан) жөндеу жұмыстарын аяқтады. Бұл су қоймасын жинақтау режиміне өткізуге мүмкіндік берді. Өз кезегінде осы жайт келесі вегетациялық кезеңге қажетті су көлемін жинау үшін үлкен септігін тигізеді», деді М.Мырзағалиев.
Ресейден келетін өзендерде су деңгейінің азайғанына қарамастан, екіжақты келісім аясында оны реттеуге мүмкіндік бар. Мәселен, Омбы қаласында өткен Қазақстан мен Ресейдің XVI өңіраралық ынтымақтастық форумы барысында Жайық өзені бассейнін сауықтырудың бірлескен бағдарламасын әзірлеу туралы келісімге қол жеткізілді.
Бұдан кейін министр өзен бассейндері бойынша жүргізілген талдау қорытындысымен таныстырды. Ведомство басшысының сөзіне сенсек, Қазақстан суы аз табиғи кезеңге кіріп отыр. Былтыр оның көлемі 83 шақырым текше метрге теңескен. Бұған дейін бұл көрсеткіш 90-100 шақырым текше метр деңгейінде еді.
«Осыған байланысты, суармалы жерлердегі жағдай қиындады. Әсіресе елдің оңтүстік облыстарында қатты сезілді. Өйткені елдегі суармалы алқаптардың 90 пайызы осы жақта орналасқан. Республика бойынша қолданысқа алынатын судың 97 пайызы оңтүстік өңірге тиесілі.
Вегетациялық кезеңнің қорытындысы бойынша Алматы облысында өткен жылдармен салыстырғанда қар 35 пайызға аз түсті. Жамбыл облысында жауын-шашын орташа көрсеткіштен 15-20 пайызға төмендеді.
Мұндай проблемалар Түркістан және Қызылорда облыстарында да бар. Бірақ су шаруашылығының қолайсыз жағдайына қарамастан, Мемлекет басшысы бұл мәселелерді шекаралас елдердегі әріптестерімен кездесу кезінде көтергендіктен, су беру жоспары 90-100 пайызға орындалды. Сонымен қатар коллекторлық-дренаждық суларды қайта пайдалану практикасы жүргізілді», деді министр.
Суару желісі әбден тозған
Ведомство басшысы ирригациялық инфрақұрылымның жай-күйіне де тоқталды. М.Мырзағалиев келтірген деректерге сай, олардың басым бөлігі кеңес заманында салынған және қазіргі уақытта олар физикалық жағынан да, моральдік жағынан да тозған. Осыған байланысты 2023 жылға дейін екі мың шақырымнан астам суару желісін қайта жаңарту жоспарланып отыр.
«Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламада 41 авариялық су қоймасын қалпына келтіру көзделген. Оның ішінде 2017-2019 жылдар кезеңінде 10 нысан пайдалануға берілді. Екеуі осы жылы аяқталады. 2021 жылы тағы 8 нысанды аяқтау жоспарланған. Қалған 21 нысан 2025 жылға дейін іске асырылады. Бұдан басқа, 9 өңірде жалпы көлемі жылына 3,6 млрд текше метрлік 39 жаңа су қоймасын салу жоспарланған. Оларды іске асыру үшін 115 млрд теңге қажет.
Су қоймаларын салу 70 елді мекен үшін су тасқыны құбылыстарының қаупін азайтуға, 394 мың гектар жаңа суармалы жерлерді айналымға енгізуге және ауыл шаруашылығында 129 мыңнан астам жұмыс орнын құруға жағдай жасайды. Сонымен қатар трансшекаралық өзендердің су көлеміне тәуелділікті алып тастауға мүмкіндік береді. Атап айтсақ, Қырғызстаннан 30 пайызға дейін, Өзбекстаннан 25 пайызға дейін, ал Ресейден 15 пайызға дейін тәуелділікті арылтады», деді министр.
М.Мырзағалиев Үкімет алдында ауылдық елді мекендерді 2023 жылға дейін 100 пайыз таза ауыз сумен қамтамасыз ету туралы нақты тапсырма қойылғанына назар аударды. Осы міндетті орындау Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне жүктелген.
«Бүгінде республика бойынша жалпы ұзындығы 15,5 мың шақырымдық 74 топтық су құбырлары бар. Оның 37-сі – республикалық меншікте, ал қалған 37 әкімдіктердің меншігінде тіркелген. 2019 жылы Павлодар облысында Май және Беловод топтық су құбырлары, сондай-ақ Қарағанды облысында Жәйрем-Қаражал су құбырлары пайдалануға берілді.
Биыл Алматы облысында Қаскелең, Қызылорда облысында Талап және Жиделі, Солтүстік Қазақстан облысында Пресновтің екінші кезегі, Батыс Қазақстан облысында Жымпиты топтық су құбырлары бойынша жұмыстар аяқталады. Нәтижесінде 37 ауылдық елді мекеннің 46 мыңға жуық тұрғыны таза ауыз сумен қамтамасыз етіледі. Бұдан басқа, 1 қала мен 39 ауылдық елді мекеннің ескі су беру жүйесі қайта жөндеуден өтіп, ауыз судың сапасы артады. Өз кезегінде, бұл 287 мың тұрғынды қамтиды.
Биыл үш топтық су құбырының құрылысы басталды. Олар: жаңадан салынып жатқан Ақмола облысындағы Макинск пен Ақтөбе облысындағы Жаныс би топтық су құбырлары. Сонымен қатар Қарағанды облысындағы Есқұла топтық су құбырының жаңа бөлігі салынуда. Аталған топтық су құбырлары 2021 жылы пайдалануға беріледі. Нәтижесінде 3 ауылдық елді мекенде тұратын 1,3 мың адам сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар 3 қаланы сумен қамтамасыз ететін құбырлар жаңартылады. Яғни 94 мың тұрғын үшін берілетін ауыз судың сапасы жақсарады», деді Мағзұм Мырзалғаиев.
Сондай-ақ жиын барысында министр су заңнамасын жетілдіру жөнінде пікірін білдірді. Оның айтуынша, көптеген сарапшылардың бағалауы бойынша су заңнамасы одан әрі жетілдіруді талап етеді.
Іс-шара барысында БҰҰ Бас хатшысының Орталық Азия бойынша арнаулы өкілі, БҰҰ-ның Орталық Азияға арналған превентивті дипломатия жөніндегі өңірлік орталығының басшысы Наталья Герман сөз сөйледі.
«Орталық Азия өңірінде толыққанды әрі тұрақты экономикалық және әлеуметтік даму тұрғысында су және экологиялық проблемалар өзекті болып қала беретінін атап өткім келеді. Соңғы жылдары БҰҰ Бас Ассамблеясында Орталық Азия елдерінің бастамасы бойынша ынтымақтастықты нығайтуға, соның ішінде су-экологиялық мәселелерге бағытталған бірқатар маңызды қарарлар қабылданды», деді ол.
Сонымен қатар сөз алушылар еліміздегі су ресурстарының жай-күйі, азаматтық қорғаныс саласындағы алдын алу жұмыстарын жақсарту мәселелеріне тоқталды. Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Өзбекстандағы бөгеттің бұзылуынан зардап шеккен Мақтаарал ауданындағы елді мекендерді қалпына келтіру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы хабарлады.
Отырыс қорытындысы бойынша сенаторлар орталық және жергілікті атқарушы органдардың ақпаратын, депутаттардың, халықаралық ұйымдар өкілдерінің, ғалымдар мен мамандардың сөздерін тыңдай келіп Үкіметке жіберілетін және олардың орындалу мәселелерін тұрақты бақылауда ұстайтын ұсынымдар әзірледі.
Атап айтқанда, халықаралық ынтымақтастықты кеңейту керек. Мәселен шекаралас мемлекеттермен трансшекаралық өзендер бойынша халықаралық шарттарды жетілдіру, трансшекаралық өзендер бойынша келіссөздер комиссиясын құру, оған ерекше мәртебе беру, сондай-ақ шекаралас мемлекеттермен қол қойылған халықаралық шарттардың орындалуына мониторинг жүргізуді ұсынды.
Бұдан бөлек, нормативтік құқықтық негізді жетілдіру, сумен қамтамасыз етуге кететін шығынды азайтып, су шаруашылығы инфрақұрылымын мемлекеттік бюджет есебінен ғана емес, сондай-ақ мемлекет-жекеменшік әріптестікті дамыту есебінен де жаңғырту және реконструкциялауға кеңес берілді.