Еуразиялық экономикалық комиссияның алқасы аталған одақтың аясында ортақ биржалық кеңістікті қалыптастыру жөніндегі жол картасын бекітті.
Ортақ биржалық кеңістік одақ елдерінің ұйымдасқан нарықтарында бағалы қағаздар мен қаржы құралдары арқылы биржалық сауданың келісілген рәсімдері және технологиялар негізінде өзара біріктіріліп, байланыстырылған жүйе ретінде құрылады. Сондай-ақ комиссия мүшелері ЕАЭО-ның ортақ қаржы нарығын дамытуға ықпал ететіне сенімді.
«ЕАЭО шеңберіндегі ортақ биржалық кеңістік капиталдың еркін қозғалысын қалыптастыруға, қордың сапасын арттыруға, халықтың инвестициялық және жинақ мүмкіндіктерін кеңейтуге, сондай-ақ трансшекаралық операциялардың жүргізу тетіктерін құруға мүмкіндік береді. Жол картасын іске асыру нәтижесінде мүше мемлекеттер эмитенттерінің трансшекаралық белсенділігі артып, биржалық саудаға қатысушылардың өзара іс-қимылы кеңейтіліп қана қоймай, инвесторлардың ЕАЭО-ның қаржы нарықтарына сенімі артады», деді Еуразиялық экономикалық комиссияның Экономика және қаржы саясаты жөніндегі алқа мүшесі Тимур Жақсылықов.
Жол картасы бірқатар халықаралық шарт негізінде әзірленген. Атап айтқанда, мүше мемлекеттердің брокерлері мен дилерлеріне одақтық мемлекеттер биржаларының сауда-саттығына қатысуға рұқсат беру, мүше мемлекеттердің биржаларына бағалы қағаздарды шығаруды қамтамасыз ету, ақпаратты берудің біріздендірілген форматтары мен арналары бойынша электронды өзара іс-қимылды, корпоративтік және қаржылық ақпаратты ашудың бірлескен жүйесін құру, бағалы қағаздар нарығындағы теріс әрекеттерді алдын алып, инвесторлардың құқығын қорғауды, сондай-ақ біріктірілген есеп айырысу депозитарлық кластерді және клирингтік жүйені құруды қарастырады.
Одақтың ортақ биржалық кеңістігі қаржы нарықтарының инвестициялық тартымдылығын арттырып, мүше мемлекеттердің ұлттық экономикаларына қосымша ресурстар тартуға жол ашады дейді комиссия алқасы.
Құжатты Еуразиялық экономикалық одақтың ортақ Қаржы нарығын қалыптастыру тұжырымдамасы шеңберінде Еуразиялық экономикалық комиссияның қаржы саясаты департаменті ЕАЭО елдерінің уәкілетті органдарымен бірлесіп дайындаған.
Алқалы отырыста Алкоголь өнімінің қауіпсіздігі туралы Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) техникалық регламентінің күшіне ену мерзімін 2022 жылға дейін ұзартуға шешім қабылдады. Бұл туралы ЕЭК Алқасы төрағасының көмекшісі Ия Малкина Facebook-тегі парақшасында айтты.
«ЕЭК Алқасы ЕАЭО-ның «Алкоголь өнімінің қауіпсіздігі туралы» техникалық регламентінің күшіне ену мерзімін 2022 жылғы 1 қаңтарға ауыстырды. Бұл техникалық регламентке өзгерістерді дайындау үшін қажет», дейді И.Малкина.
Техникалық регламент ЕАЭО елдерінде алкоголь өнімдерін өндіру, тасымалдау, сақтау және өткізу бойынша бірыңғай талаптарды белгілейді. Осыған дейін оны 2021 жылы қабылданады деп жоспарланған еді.