"Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ", дейді халық даналығы. Абайсызда немесе қасақана жасалатын түрлі заңбұзушылықтарға, қылмыстарға дәрежесіне, мақсаттылығына қарай тағайындалатын жаза мен оны өтеу мерзімдері де, мерзімді өтеу орындары да әртүрлі белгіленеді, деп жазады Egemen.kz
Қылмыстық жазаның ең оңайы – қоғамдық жұмысқа тартылу. Тіпті, мұны қалыпты тірлігінен айрылмау деп есептесе де болғандай. Бұл жазаланушы үшін, ал екінші жағы – оның тарапынан қоғамға пайдалы іс істелінеді, яғни ол қоғамның дамуына, ел-жұрттың игілігіне үлес қосады деген сөз. Елеусіз теріс қылық сипатындағы құқық бұзушылықтар үшін тағайындалатын бұл жазалау түрі кеңес одағынан бері қолданылып келеді. Мұндағы мақсат – құқық бұзушылардың жасаған іс-әрекеттеріне жазалау шарасы қолданылған кезде, олар қоғамға пайдасы тиетін жұмыстарға тартыла отырып, тәрбиеленеді – екіжақты пайдалы.
Қоғамдық жұмыстар сот үкімімен, қылмыстық теріс қылықтар жасағаны үшін тағайындалатыны белгілі. Ағымдағы жылы Маңғыстау облысында қылмыстық теріс қылық жасағаны үшін 308 тұлға қоғамдық жұмыстарға тартылса, қазіргі таңда 140 тұлға қоғамдық жұмыстарды атқаруда.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің диспозициясына сәйкес қоғамдық жұмыстар 20 сағаттан 100 сағатқа дейін белгіленеді. Жұмыстар қарттар үйінде, мүмкіндігі шектеулі тұлғалар үйінде, қоғамдық орындарда, қоғамдық жолдарда және аялдамаларда орындалады.
Бір қызығы, жазаның ең оңай әрі тиімді түрінен бой тартып, бас сауғалайтындар да жоқ емес екен. Олардың "Шөпке айдаса, тақырға қашуы" қоғамды тәрбиелеуге көнбеу немесе өз қылмысына өкінбеу, қылмысты қайталау мүмкіндігінің болуымен қорқытады. Бұл әрекетке жаза қандай?
"Жұмыс жасаудан бас тартып және жалтарып жүргендер де бар, оларға қоғамдық жұмыстарды қамауға ауыстыру туралы сотқа ұсыныс жолданады. Негізінен, "Қоғамға борышын беру – игілікті іс" деген ұранмен көпшілігі жұмыстарды адал ниетпен орындайды", дейді Маңғыстау облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті пробация қызметінің бастығы Ғабит Чутабеков.
Қоғамға қызмет ету – азаматтық парыз. "Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар, қалан!" деп Абай айтқандай, әрбір жазасын өтеуші азамат өз жұмысымен еліне пайда келтірсе, әрі өзі ағаттығын түсіне отырып қайта тәрбиеленіп, жазалы жолға қайта түспеудің мәнін ұғынып, қамын жасаса дейсің... Ал бұл ізгі ойды, игілікті жауапкершілікті сезіне алмағай қоғамдық жұмыспен тәрбиелеуден бой тасалайтындардың өз тағдырын тығырыққа тіреп, жеңілден қашамын деп ауырға кез боларын ойламайтыны қиын.