19 қараша күні Алматы қаласында күрес түрлерінен Қазақстан біріншілігі басталады. Наурыз айынан бері бозкілемге шықпаған балуандар үшін бұл көптн күткен ұлы той болмақ. Себебі, індет салдарынан үлкен жарыстардан сырт қалған команда мүшелері кілемдегі айқасты асыға күтуде. Бұл туралы ҰОК баспасөз қызметі хабарлады.
Күрес түрлерінен ел чемпионаты өтеді деген хабар әлдеқашан тарағанымен, басшылық тарапынан нақты жауап болған жоқ. Себебі, коронавирусқа байланысты ірі жарыстар ұйымдастыруға әлі де тыйым салынған. Федерация өкілдері Алматы қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасымен біраз уақыт келіссөз жүргізгеннен кейін балуандар бәсекесінің биыл ұйымдастырылатыны ресми түрде хабарланды.
Алматыдағы турнирге көремендер қатыстырылмайды. Санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтап, бір жерде жүзден аса адамның шоғырлануына мүмкіндік бермеу үшін бұл қадамның дұрыс екенін анық.
Сондай-ақ, әр облыстан 15 спортшы, 2 жаттықтырушы, 2 төреші және бір өкілдің қатысуына рұқсат бар.
Жарысқа келушілер (спортшылар, бапкерлер, өкілдер, төрешілер) турнирге қатысардан 1-3 күн бұрын аралығында ПТР тест тапсыруға міндетті. ПТР тест теріс нәтиже көрсеткенде ғана, балуандар ел чемпионатына жіберіледі.
Сонымен қатар, жарысқа қатысушылар өз аймақтарында медициналық тексеруден өтіп, денсаулығында ешқандай ақау жоқтығын дәлелдейтін анықтаманы мандаттық комиссияға тапсыруы тиіс.
Әр командада спортшылар мен басқа да өкілдердің денсаулық жағдайы туралы ұйымдастырушыларға хабарлап отыратын дәрігердің болуы - басты талаптардың бірі.
Қазіргі ахуалға байланысты Қазақстан чемпионатының ашылу және жабылу салтанаты өткізілмейді. Балуандар мен жаттықтырушылардың баспасөз мәслихатын ұйымдастыруына, сұхбат беруіне тыйым салынады. Тағы бір айта кетерлігі, белдесуге шыққан балуандардың бір-бірімен қол алысуына рұқсат жоқ және марапаттау рәсімінде әлеуметтік ара-қашықтықты сақтауы қатаң қадағаланады. Бәсекені қабылдайтын спорттық нысанның барлық талаптарға сай болуын ұйымдастырушылар басты назарда ұстамақ.
Ұзақ уақыттан бері бозкілемге шықпаған балуандар қауымы бұл доданы асыға күтуде. Грек-рим күресінен команда бас бапкері Бақтияр Байсейітовтің айтуынша, турнирге құрама үздіктері тегіс қатысады.
«Қазақстан чемпионаты алдағы маусым қарсаңында ұлттық құраманы жасақтау үшін таптырмас дода. Ел біріншілігі барысында жаңа есімдер шығып жатса, бірден бас командаға шақырту алады. Себебі, осы додада үздік атанған жастар біздің болашағымыз болмақ. Өздеріңіз білетіндей, бүгінде ұлттық құрама сапындағы балуандардың басым бөлігі өздерінің соңғы олимпиадалық кезеңдерінде тер төгіп жүр. Мәселен, Нұрмахан Тінәлиев, Алмат Кебіспаев, Демеу Жадыраев, Асхат Ділмұхамедов сынды тісқаққан бозкілем шеберлері үшін бұл соңғы олимпиадалық кезең болуы ықтимал. Сондықтан, бізге бүгінгі батырлардың орнын басатын ізбасарлар керек", - дейді бас бапкер.
Әйелдер күресінен команда бас бапкері Нұрлан Аманқосов та ел біріншілігінде жас спортшылардың көзге түсетінін сенімді.
"Қазақстан чемпионатына ұлттық құрама сапынан қатысатындар тізімі жарыс жақындағанда белгілі болады. Қазақстан чемпионаты нәтижесінде жаңа есімдер шықса ұлттық құрамаға шақырамыз. Жеңімпаз бен жүлдегер атанған спортшылар қатарынан жас балуандар кездеседі деп ойлаймын. Олимпиада ойындарына дейін қазіргі құрамның өзгеру-өзгермеуі спортшыларға тікелей байланысты. Егер әлемдік додаларда өздерін жақсы көрсетіп, жоғары нәтижеге қол жеткізіп жүрсе, әрине, құрамадағы орындары сақталады. Ал егер жаңа есімдер шығып, жас балуандар халықаралық аренада ел намысын абыроймен қорғап жүрсе, онда соларға мүмкіндік беріледі. Олимпиадаға да дәл солай, кім дайын - сол барады», - дейді бапкер.
Еркін күрестен екі дүркін Азия чемпионы Данияр Қайсанов болса, ұзақ үзілістің балуандар үшін оңай болмағанын айтады.
«Біз сегіз айдан бері ешқандай жарысқа қатыспадық. Бұл кәсіби спортшы үшін үлкен үзіліс. Қараша айында ел чемпионаты ұйымдастырылады деген хабар алдық. Шыны керек, қуанышты жайт. Бүгінге дейін көптеген елдер ішкі біріншілігін өткізіп тастады. Сондықтан, балуандардың барлығы жарыс өтетін күнді асыға күтіп жүр», - дейді ол.
Күрес түрлерінен 2020 жылғы Қазақстан чемпионаты барлық санитарлық нормаларды және UWW бекіткен ережелерді сақтау арқылы өтеді. Турнир 26 қарашада мәресіне жетеді.