Парламент Сенатының депутаты Бақытжан Жұмағұлов Қазақстан кәсіпорындарын ең озық қолжетімді технологияға көшіру жұмыстары энергетика саласынан басталатынын айтты, деп хабарлайды Egemen.kz
"Бүгін біз экологияның және жасыл экономиканың ең өзекті мәселелерін талқылауға жиналдық. Таза экология мен экономика құру – айтарлықтай күрделі міндет. Бір жағынан, өндірістік секторлар халықты қажетті тауарлармен қамтамасыз етеді. Екінші жағынан дәл осы секторлар қоршаған ортаны ластайды. Бұл жағдайдан қалай шығамыз? Президент биылғы Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің жасыл дамуына ерекше назар аударды. Біріншіден, бұл ұлт денсаулығына, халықтың және қоғамның әл-ауқатына тікелей қатысты. Аталған міндеттерге қол жеткізу үшін ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі үлкен жұмыс атқаруда. Жаңа Экологиялық кодекстегі бірінші кезектегі міндет – қазақстандық кәсіпорындарды ең озық қолжетімді технологияларға (ЕҚТ) – техниканың ең үздік жетістіктері қағидаттарына ауыстыру болып отыр", деп атап өтті Б. Жұмағұлов.
Ең озық қолжетімді технологиялар (ЕҚТ) — шаруашылық қызметтің қоршаған ортаға теріс әсерін азайтуға бағытталған, ұйымдастыру және басқару шараларын қамтамасыз ететін салалық технологиялар, техника және жабдық. Яғни, ОҚТ нақты бір өнеркәсіп саласының ерекшеліктерін ескере отырып, қоршаған ортаға теріс әсерін азайтудың анағұрлым сапалы және экономикалық негізделген бақылау элементі болуы тиіс.
Бақытжан Жұмағұловтың хабарлағандай, ОҚТ пайдалану – елдің жасыл дамуының, экология мүддесінде сай тепе-теңдікті қамтамасыз етудің үздік әлемдік тәжірибесі. Бұл технология ЭЫДҰ-ның 39 елінде және Беларусь, Қытай және Ресей елдерінде қолданылады. Оның мақсаты – экологиялық таза және бизнес үшін қолжетімді технологияларды қайта өңдеу. Яғни қоршаған ортаға теріс әсерді барынша азайту.
"Қазір Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы ғылыми-техникалық кеңес мүшелерімен бірлесіп, энергетика, тау-кен металлургия, химия салаларының 50 ірі кәсіпорны үшін түсіндіру, кешенді технологиялық бағалау жұмыстарын жүргізуде. Еліміздің энергетикалық секторы – ластайтын заттар шығарудың ең ірі көзі екенін ескеруіміз керек. Оның үлесінде Қазақстан бойынша шығарындылардың шамамен 40% бар. Осы факторлардың барлығы бізді энергетика саласынан бастап ең озық қолжетімді технологияларға көшуге бағыттап отыр. Біріншіден, ОҚТ-ға көшуді 14 электр станциясынан бастаймыз, оларға зиянды заттардың жалпы ел шығарындыларының шамамен 30% тиесілі", деді депутат.
Б.Жұмағұлов ең озық қолжетімді технологиялар қағидатына көшудің жан-жақты талдау мен зерттеуді талап ететін, ұзақ еңбекті қажет ететін процесс екенін нақтылап өтті.
"Жаңа өзгерістер ұдайы зерттеу мен талқылауды қажет етеді. Сондықтан бүгінгі алаңда еліміздің жасыл дамуы үшін ең озық қолжетімді технологиялар қағидатына көшудің тиімді, қажетті шешімдерін талқылау үшін, әзірлеу үшін жиналдық. Бүгінгі конференция осы салада тәжірибе мен білім алмасу үшін кәсіби және сындарлы диалог құруға мүмкіндік беретініне сенімдімін", деді Бақытжан Жұмағұлов.