Кеше Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен Палатаның жалпы отырысы өтіп, бірқатар заң жобалары мақұлданды. Атап айтқанда, депутаттар «Техникалық реттеу» туралы және оған ілеспе заң жобаларын бірінші оқылымда мақұлдады.
Ішкі нарықты «тазарту» қажет
Маңызды құжат жөнінде депутаттарға Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов баяндап берді. Ведомство басшысының айтуынша, техникалық реттеудің негізгі бірқатар проблемасы бар. Мәселен, нарықты қорғау жүйесінің тиімсіздігі, тауар өндірушілерді бәсекелестерінен қорғауда техникалық реттеудің толық қолданылмауы, сертификаттауды қағаз арқылы жүргізу секілді түйткілдер күн тәртібінде тұр.
«Жаһандық кезеңде әрекет етуді талап ететін, еліміздің экономикасының дамуына әсер ететін жүйелік факторлар бар. Оларға ішкі және сыртқы нарықтардағы тұтынушылар тарапынан отандық тауарлардың сапасы мен қауіпсіздігіне талаптардың күшеюі, импорттық тауарлардың «қысымы» және экспорттың жаңа нарықтарына шығуы, интеграциялық процестерді тереңдету кіреді», деді Б.Сұлтанов.
Министрдің сөзіне сүйенсек, заң жобасында бірнеше маңызды ереже бар. Олардың біріншісі – ішкі нарықты «тазарту». Бұл мәселедегі заңнамалық жаңалығы – субъектілердің бақылауынан объектілердің бақылауына көшу. Яғни өндіруші немесе сатушы емес, өнімнің өзі тексеріледі.
«Зертханаларда сынақ жүргізу үшін адам өміріне қауіпті өнім үлгілерін сатып алу рәсімдері енгізіледі. Сынақ нәтижелері өнімнің қаупін дәлелдесе, онда тауарды айналымынан жедел түрде шығарып алумен айналысатын нарықты қадағалау институты енгізілмек. Бірақ бұл жаппай бақылау емес. Объектілер ақпараттық базада «онлайн» режімде қадағаланады. Тексерулер тек «анықтау – сынау – нарықтан алу» схемасы бойынша жүзеге асырылады.
Екіншісі – сәйкестікті бағалау рәсімдерін жетілдіру, сертификаттау және аккредиттеу процестерін цифрландыру. Бұл мақсатта электронды сертификатқа көшу, кейіннен Еуразиялық экономикалық комиссияның ортақ процестерімен интеграциялау қарастырылған. Сәйкестікті бағалауға өндіруші, өндірушінің уәкілетті тұлғасы, импорттаушы, сатушы деген өтініш беруішілердің нақты тізімі бекітіледі. Сертификат «иесінің» және «пайдаланушысының» құқығы туралы мағынасы енгізіледі. Сынақ процесінің фото-бейне тіркеу механизмі көрсетілмек. Сынақ базасына қойылатын талаптар белгіленеді.
Аталған шараларды қабылдау нәтижесінде сертификаттау кезінде сынақ нәтижелерінің дұрыстығын 100 пайызға дейін жеткізу күтіліп отыр. Бұл сертификатталмаған өнімді толық бақылауға алуға мүмкіндік береді», деді ведомство басшысы.
Б.Сұлтановтың айтуынша, үшінші бағыт экономикалық салаларда техникалық реттеуді күшейтуді қамтымақ. Ол үшін Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде келіссөздер позициясын сапалы қалыптастыратын салалық мемлекеттік органдар жанында Сараптамалық кеңестер қызметін қайта құру жоспарланған.
«Қазақстандық техникалық регламенттерді әзірлеудің тәртібі қайта қаралады. Бизнес үшін ерікті сертификаттау жүйесін құрудың құқықтық тетігі белгіленеді.
Қазақстанда тиісті зертханалық практиканы дамыту мәселесіне аса көңіл бөлінеді. Ол үшін ұлттық аккредиттеу орталығына мониторинг органының функцияларын тиісті зертханалық практикаға беру көзделеді. Бұл Экономикалық ынтымақтастығы даму ұйымы елдерінде қазақстандық сынақ хаттамаларын тануға тың серпін береді.
Аталған нормалар қазақстандық тауарларды сыртқы нарыққа шығаруға, отандық өндірушілердің бәсекелестік артықшылығын қорғауға және Қазақстанға тиімді позицияларды кәсіби түрде қорғауға бағытталған», деді министр.
Маңызды құжатты талқылау барысында Палата Спикері жаңа заң жобасының салмақты тұстарына ерекше назар аударды. Бұл заң жобасы қазақстандық нарықты сапасыз тауарлардан қорғауға бағытталғанын атап өтті.
«Ең бастысы, өнім қауіпсіз болу керек. Басқа мәселелер, мысалы, өнімге маркировка жасау. Ол жағдайды кәсіпкерлердің өздері шешетін мүмкіндігі бар. Ол үшін тауарды қайтаруға немесе өткізбеуге жол бермеу керек. Себебі бұл кәсіпкерлер үшін өте үлкен шығын», деді Нұрлан Нығматулин.
Атап айту керек, енді осы заң жобасына сәйкес, мемлекеттік бақылау өнімді өткізу сатысында ғана емес, оны еліміздің аумағына әкелгенге дейін жүргізеді. Нұрлан Нығматулиннің пікірінше, заң жобасына енгізілген түзетулер тұтынушыларды қауіпті тауарлардан қорғауды күшейтеді.
«Жасыратыны жоқ, осыған дейін басқаша еді. Мысалы, кез келген өнімді біз ең алдымен елге кіргіземіз де, содан кейін тексереміз. Қауіпті жағдай туындағанда ғана анықтау басталады. Енді өнім Қазақстанға кірмей тұрып мемлекеттік бақылаудан өтеді. Қауіпті жағдай анықталса, бірден ол тауарды әрине, қайтарамыз. Бұл – өте маңызды, өте қажетті қадам. Сондықтан бұл норманы міндетті түрде қолдауымыз керек», деді Мәжіліс Төрағасы.
Отырыс барысында депутаттар жауапты мемлекеттік органның басшысына бірқатар сұрақтарын қойды. Еске сала кетейік, заң жобасы Мемлекет басшысының жаңа редакциядағы техникалық реттеу туралы заңды дайындау қажеттігі туралы тапсырмасын іске асыру мақсатында әзірленді.
БАҚ-тың бәсекелестігі артады
Жалпы отырыста депутаттар ақпарат мәселелеріне қатысты заң жобасын мақұлдады. Заң жобасы телерадио хабарларын тарату, ақпаратқа қол жеткізу саласындағы заңнаманы жетілдіруге, сондай-ақ отандық бұқаралық ақпарат құралдарының бәсекеге қабілеттілігін дамытуға бағытталған. Талқылау барысында Мәжіліс депутаттары мемлекеттік ақпараттық тапсырыстың, әсіресе жергілікті деңгейде орындалу сапасын арттырудың маңыздылығына назар аударды.
Заң жобасында «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы», «Жарнама туралы», «Телерадио хабарларын тарату туралы», «Ақпаратқа қол жеткізу туралы», «Ақпараттандыру туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына өзгерістер енгізу ұсынылып отыр. Заң жобасында ақпаратқа қол жеткізу саласындағы уәкілетті органды айқындау және оның құзыретін бекіту, сондай-ақ мемлекеттік функцияларды орындаушыларды (кәсіпкерлік субъектілері, өзін өзі реттейтін және үкіметтік емес ұйымдар) ақпарат иеленушілерге жатқызу ұсынылады.
Құжатты депутаттарға таныстырған Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева өзгерістер екі негізгі міндетті шешуге бағытталғанын атап өтті. Біріншіден, бақылау мен жауапкершілікті күшейту, яғни ақпаратқа қол жеткізу саласындағы жауапты өкілетті органды анықтау мен оның құзыретін айқындау ескерілген. Сондай-ақ әрбір мемлекеттік органда өкілетті құрылым немесе осы саладағы жауапты қызметкерді белгілеу ұсынылады.
Екіншіден, заңның қолданыс аясын кеңейту үшін мемлекеттік функцияларды орындаушы ұйымдарды ақпарат иелері қатарына жатқызу және квазимемлекеттік сектор мен басқа да ұйымдарды ашық деректерді жариялауға міндеттеу ұсынылады.
«Заң жобасына отандық БАҚ-тың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға қатысты бірқатар түзету енгізіледі. Осы орайда, мемлекеттік ақпараттық саясаттың бірыңғай жүйесін құру ескерілген. Ол үшін салалық ведомствоға республикалық және өңірлік деңгейдегі мемлекеттік ақпараттық тапсырысты орналастырудың бірыңғай тәртібін айқындау бойынша өкілеттік беру ұсынылады. Мемлекеттік ақпараттық саясатты қалыптастыру жөніндегі республикалық және өңірлік комиссиялардың мәртебесін заң жүзінде бекітеді. Оның құрамына үкіметтік емес ұйымдар, бұқаралық ақпарат құралдары және мемлекеттік орган өкілдері тең дәрежеде енгізілетін болады», деді А.Балаева.
Жалпы отырыста Мәжіліс бірінші оқылымда біршама депутаттық заң жобаларын мақұлдады. Олар «Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы» заң жобасына енгізілетін түзетулер.
Заң жобасының негізгі мақсаттары кедендік операцияларды жасау уақытын қысқарту, ұсынылатын кедендік көрсетілетін қызметтердің сапасын қамтамасыз ету, сыртқы саудаға жәрдемдесу, кеден органдарының ақпараттық жүйелерін одан әрі дамытуға негізделген.
Ұсынылып отырған өзгерістер мен толықтырулар, бірінші кезекте, мемлекеттік қызметтерді көрсету мерзімдерін қысқартуға және оларды электронды форматқа көшіруге бағытталған. Бұл тауарларды сыныптау, құрастырылмаған түрдегі тауарларды сыныптау бойынша алдын ала шешімдер беру сияқты кедендік көрсетілетін қызметтерге қатысты. Бұдан басқа, зияткерлік меншік объектілерін кедендік тізілімдерге енгізу процесі оңайлатылады.
Сонымен қатар кеден органдарына тауарларды сыныптау бойынша қосымша функциялар беріледі, бұл, бірінші кезекте, тауарларды ЕАЭО ішінде орын ауыстыруға байланысты. Заң жобасының жекелеген түзетулері редакциялық дәлсіздіктерді жоюға және ЕАЭО Кеден кодексіндегі өзгерістерге сәйкес келтіруге бағытталған.
Бұдан бөлек, Мәжіліс мақұлдаған заң жобаларының ішінде Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекстеріне қылмыстық процесте азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейту мәселелері туралы заң жобасы бар.
Қылмыстық кодекске ұсынылып отырған түзету ынтымақтастық туралы процестік келісімнің барлық шарттарын орындауына байланысты адамдарды қылмыстық жауаптылықтан босату мүмкіндігіне бағытталған.
Қылмыстық-процестік кодекске түзетулер процеске қатысушылардың пікірлерін ескере отырып, қылмыстық процесті электронды форматта жүргізу; тергеу судьясының қамауда ұстауға санкция беру, санкция беруден бас тарту туралы қаулыларын қайта қарау кезінде ашық сот отырысын өткізу мүмкіндігіне және басқаларға бағытталған.
Сонымен қатар бірінші сатыдағы сотта, апелляциялық және кассациялық сатыда судьяға қарсылық білдіруге қатысты нормаларды жетілдіру ұсынылады. Аталған түзетулерді іске асыру қылмыстық процестің жарыспалылығын және қылмыстық процеске қатысушылардың құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталуын қамтамасыз етудің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Жалпы отырыста Палата депутаттарының бастамасымен әзірленген күзет қызметі мәселелеріне қатысты заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Заң жобасында күзет қызметтерін көрсету сапасын арттыруға, азаматтардың мүліктік және жеке құқықтарын қорғауды жетілдіруге және осы саладағы қолданыстағы заңнама нормаларының жекелеген сәйкессіздіктерін жоюға бағытталған бірқатар түзетулер көзделеді.
«Қазақстандағы жеке күзет ұйымдары азаматтар мен заңды тұлғалардың өмірін, денсаулығын және мүлкін қорғау жөнінде құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде мемлекеттік органдарға белсенді көмек көрсету бойынша маңызды миссияны орындайды. Қазіргі кезде Қазақстанда 5127 жеке күзет ұйымы бар. Бұл ретте күзету және қаруды алып жүру құқына лицензиясы бар білікті күзетшілердің саны 97 116 адамға жетті. Өткен жылы жеке күзет күштері тарапынан 605 қылмыстық құқықбұзушылық, 11 мыңнан астам әкімшілік құқықбұзушылық анықталды. 11,5 мың құқық бұзушы ұсталып, полицияға берілді. Сонымен қатар 1200-ге жуық ұрлықтың алдын алды», деді заң жобасы туралы баяндама жасаған Мәжіліс депутаты Арман Қожахметов.
Сондай-ақ жылжымайтын мүлікке құқықтарды және заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу мәселелері туралы заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Құжат жылжымайтын мүлікке құқықтарды және заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу саласын жетілдіруге бағытталған. Жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу мерзімін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікті алып тастау ұсынылады.
Объектіні бұзуды растайтын құжаттарды ресімдеу тетігі көзделіп отыр, ол меншік иелеріне бұзылған жылжымайтын мүлік объектілеріне құқықтардың тоқтатылуын мемлекеттік тіркеу үшін өтініш білдіруіне мүмкіндік береді. Ғимараттар мен құрылыстарды бұзу туралы актілерді есепке алуды жүргізу және тіркеу сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы жергілікті атқарушы органдарға жүктеліп отыр.
Электронды тіркеу кеңейтілуде. Мүдделі органдарға жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу үшін құқық белгілейтін құжаттардың электрондық көшірмелерін жіберуге мүмкіндік беріліп отыр.
Сонымен қатар депутаттардың бастамасымен әзірленген қарыздық еңбекті реттеу мәселелеріне қатысты заң жобасы екінші оқылымда мақұлданып, Палатаның бейінді комитеттері көрнекі ақпарат мәселелері туралы заң жобасын жұмысқа алды.
Шекарадағы мәселе шешілмей тұр
Отырыс соңында Мәжіліс депутаттары мемлекеттік органдар басшыларына депутаттық сауалдар жолдады. «Ақ жол» депутаттық фракциясы қазақстандық келіссөз жүргізушілерді халықаралық шарттарды жасауда ұлттық мүддені қорғауға шақырды. Мәжіліс депутаты Азат Перуашев Үкімет басшысы Асқар Маминнің атына тиісті сауалды жолдады.
Депутаттың айтуынша, мемлекеттік органдар сыртқы экономикалық ынтымақтастықтағы қадамдар тек еліміздің ұлттық мүддесіне сай болуына назар аударуы керек. Өйткені келіссөз жүргізушілердің біліксіздігі салдарынан ел мүддесіне нұқсан келеді.
Бұл проблема коронавирус індетінің таралуы кезеңінде өзекті болып тұр. А.Перуашевтің пайымынша, бұл бағыттағы кейбір кемшіліктерді ескере отырып, ұлттық экономикалық мүддеге нұқсан келтіретін кемсітушілік қадамдар сыртқы саудадағы басқа да келісімдерде болуы мүмкін.
«Осыған байланысты «Ақ жол» партиясының депутаттық фракциясы Үкіметтен интеграциялық бірлестіктерде құжаттарды даярлау кезеңінде еліміздің өкілдеріне ұлттық мүддені қатаң ұстануды тапсыруды сұрайды. Әсіресе індет салдарынан кәсіпкерлер қиын жағдайға тап болған осы кезеңде бұл мәселе өзекті болып тұр», деді депутат.
А.Перуашевтің сөзіне қарағанда, еліміздің барлық халықаралық экономикалық міндеттемелеріне шұғыл түрде талдау жасау керек. Осы орайда ДДҰ мен ЕАЭО ішіндегі шарттарда ұлттық экономикалық мүдделердің қорғалуы ескерілуі керек.
Қажет болғанда, құжаттарға өзгерістер енгізуге бастамашылық жасалауы қажет. Мұнымен қоса депутат жергілікті кәсіпорындарды қолдауда тиісті талаптарды қамту керектігін атап өтті.
Премьер-Министр Асқар Маминге жолдаған сауалында депутат Меруерт Қазбекова Қазақстан-Қытай шекарасындағы «Нұр жолы – Қорғас» бақылау-өткізу бекетінде туындаған бірқатар мәселені сұрады.
«16 тамызда «Ақ жол» фракциясы депутаттары аталған кеден бекетіне барды. Мемлекеттік органдардың өкілдерімен және кәсіпкерлермен кездесті. Сапар кезінде өткізу пунктінде 50 шақырымға созылған 2,5 мың автокөліктен тұратын кезекке куә болдық. Жүргізушілер жүк машиналарының 2-3 ай бойы қозғалыссыз тұрғанына, кейбірі «өткізгіш» деп аталатын жол полициясы қызмкеткерлерінің арқасында кезексіз өтіп жатқандығына наразылықтарын білдірді. Кедергісіз өткізу ставкалары 1-3 мың доллар аралығында екен», деді М.Қазбекова.
Депутат сапардан кейін осы мәселелердің Үкіметке жолданғанын, алайда әлі күнге дейін шешілмей отырғанына наразылығын білдірді. М.Қазбекова кейінгі сапар барысында түйткілдің әлі де жойылмағаннан назар аударды.
Депутат Дания Еспаева Үкімет басшысына жолдаған сауалында коронавирус пандемиясына байланысты денсаулық сақтау нысандарын жекешелендіруді тоқтатуды сұрады. Сондай-ақ Талғардағы аудандық аурухананы жекешелендірудің қаншалықты заңды екенін тексеру қажет екенін атап өтті.
Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановқа жолдаған депутаттық сауалда Жәмилә Нұрманбетова білім және ғылым саласындағы кемшіліктерге тоқталды. Депутаттың айтуынша, қазіргі таңда еліміздің ғалымдары ағылшын тілін жеткілікті деңгейде үйреніп шықпайтын көрінеді.