Қуатты мемлекеттің негізгі тіректеріне еңселі экономикасын, сапалы білімін, жоғары денсаулық сақтау саласын жатқызуға болады. Сапалы білім арқылы саналы ұрпақ өсіп-өркендемесе, экономикамыз есіктен төрге жете алмай қалары анық. Дегеніне жетемін деген азаматтың денсаулығы мықты болмаса, сапалы білімнің де сапары қысқа болары сөзсіз. Сайып келгенде, елдің елеулі жетістікке жетуі өміршең медицинасымен өлшенері хақ. Осы орайда тұғырлы мемлекетімізге тұтқа болып отырған бас шаһарымыздың медициналық ахуалына көз жүгіртіп көрсек.
Медициналық қызметтерге өзгеріс енгізді
Нұр-Сұлтан қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов осы жылдың 1 қаңтарынан бастап қаланың медициналық ұйымдары міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде жұмыс істей бастағанын атап өтті.
«2020 жылға міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры қызметтерді сатып алу үшін 100 денсаулық сақтау субъектілерімен шарт жасасқан. Оның ішінде 32 медициналық ұйым – мемлекеттік меншік нысанында, бұл 32 пайызды құрайды. Ал қалған 68 пайызы – жеке медициналық ұйымдар. 100 медициналық ұйымның ішінде амбулаториялық-емханалық қызметтерді 35 нысан, консультативтік-диагностикалық қызметтерді 44 нысан көрсетеді. 2020 жылы амбулаториялық-емханалық ұйымдардың саны – 35, оның ішінде 280 мың адамды тіркеумен айналысатын 16 мемлекеттік және 19 жекеменшік (54%) ұйым бар. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде медициналық көмек көрсетуге қаланың медициналық ұйымдарына 166 млрд теңге бөлінді. Қаржыландыру сомасы 55 пайыз ұлғайтылды. Оның ішінде стационарлық көмекті қаржыландыру 46 пайызға, стационарды алмастыратын көмек 53 пайызға артты. Әлеуметтік медициналық сақтандыру жобасы шеңберінде қалпына келтіру емі мен медициналық оңалтуға қала тұрғындарына 3,1 млрд теңге (2019 жылы – 8 млн теңге) сомасында қызмет көрсету жоспарланған», деді басқарма басшысы.
Сонымен қатар Т.Мұратов биыл медицина үшін қиын болғанын жеткізіп, індет саладағы көптеген қызметтің жұмысына өзгерістер енгізгенін айтты.
«Барлық күштер мен ресурстар коронавирус инфекциясымен күресуге жұмсалды, әрине бұл біздің негізгі жұмысымызға әсер етті. Бас санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету ұйымдары мен стационарларда жоспарлы медициналық көмек көрсету тоқтатылды. Әлеуметтік медициналық сақтандыру жобасы аясында қаланың медициналық ұйымдары 2020 жылғы қаңтар-қыркүйек айларында алдын ала тексеру, консультативтік-диагностикалық көмек, стационарды алмастыратын көмек, стационарлық медициналық көмек, сондай-ақ жоғары технологиялық медициналық қызметтер, қалпына келтіру емі және медициналық оңалту қызметтерін көрсетті. 1 қаңтардан бастап КТ және МРТ, медициналық-генетикалық зерттеулерді қоса алғанда, қымбат тұратын зерттеу түрлері, қымбат тұратын зертханалық қызметтер алғашқы медициналық көмек көрсету дәрігерінің көрсетілімдері мен жолдамалары бойынша барлық пациенттерге тегін көрсетіледі», деді Т.Мұратов.
Нұр-Сұлтан қаласы бойынша елордада медициналық қызмет көрсетушілер тізіміне енгізілген медициналық ұйымдарда, республикалық және жекеменшік аппараттарды қоса алғанда, 19 КТ және 19 МРТ аппараты бар. Үшінші тоқсанда 9,13 мемлекеттік кәсіпорыннан үшін 2 КТ аппараты сатып алынған.
Биыл 1 қаңтардан бері алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарына тіркелген азаматтардың жалпы саны 1 191 650 адамды құрады. Халықты ақпараттандыру мақсатында 100 мыңнан аса адамды қамти отырып, 35 мыңнан аса кездесу өткізілді, бұқаралық ақпарат құралдарында, республикалық және қалалық басылымдарда 357 материал жарияланды, әлеуметтік желілер беттерінде және ресми сайттарда 10 мыңнан аса материал орналастырылды. Халық арасында таратылған баспа өнімдерінің саны 106 мыңнан асады. Whatsapp арқылы және Smart Astana, Damu Med мобильді қосымшалары арқылы 68 мыңнан аса адам хабарландырулар алған. Медициналық ұйымдарда, мәдени мекемелерде, халыққа қызмет көрсету орталықтарында, сауда орталықтарында және жергілікті атқарушы органдарда әлеуметтік медициналық сақтандыру жобасы туралы ақпараттық материалдар ілінді. Сондай-ақ аудио және бейне роликтер таратылды.
Індетпен күресте іркіліс болмайды
Індет іргемізге із салғалы елдің көбі үміт пен үрейдің құшағында жүргені анық. Бас шаһарымыздағы ахуал да алаңдатарлық.
Нұр-Сұлтан қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, бүгінде қалада індетке шалдыққандар саны 14 710 адамды құрайды, оның ішінде 14 069 адам немесе 96%-ы жазылып шыққан. Қаза болғандар саны – 318 (2,2%). Ал 119 адам стационарларда ем алуды жалғастыруда. 114 адам инфекциялық ауруханада, қалғаны карантиндік стационарда жатыр.
Бүгінде 1 020 орынды құрайтын 7 аурухана қызмет көрсетеді. Оның бесеуі – инфекциялық (320 төсек), екеуі – карантиндік (700 төсек, Рамада, КМО). Жедел жәрдем қызметіне қала тұрғындарынан тәулігіне 1 540 қоңырау түсуде. Шақыртулар саны тәулігіне 1 111-ді құрайды. КВИ-де биоматериалдарды жинауға арналған 15 зертхана бар. Зертханалардың жалпы қуаты тәулігіне 10 мыңнан аса сынақты құрайды. Қазіргі уақытта 544 мыңнан аса зерттеу жүргізілді. Қалғанында шамамен 112 мың тест бар. Бір сағат ішінде зерттеу жүргізе алатын 9 мобильді шағын зертхана сатып алынды. Бұлар тәулігіне жалпы 1 440 тест алуға қауқарлы.
5 қарашада 2 халықаралық рейс қабылданып, 280 жолаушы келді. Оның 275-і ПТР-тесттен өткен сертификатымен, 5-уі сертификатсыз болды. 6 қазан мен 5 қараша аралығында 153 рейс қонды. Бұл шамамен 18 мың жолаушы. Оның 3 028-і карантиндік ауруханаға жатқызылды. Медициналық ұйымдардың медициналық жабдықталуына тоқталатын болсақ, стационарларда өкпені жасанды желдету 100% жабдықталған – 434 аппарат, 19 КТ, 27 рентген аппараты, 500-ден аса оттегі концентраты, 1 584 оттегі нүктелері. Қосымша 3 оттегі резервуары, 601 флоуметр, 500 көпсалалы медициналық кере–ует, 2 жылжымалы рентген кешені және 6 рентген аппарат алынды.
Коронавирус инфекциясы бойынша аурухана деңгейіндегі ахуалға тоқталатын болсақ, бұл жоспар медициналық мекемелерді 3 сценарий бойынша пайдалануды көздейді. Оптимистік сценарий бойынша жұқпалы аурулар ауруханаларының жүктемесі 500 төсектен асады (70%). 1 645 төсектік орынға арналған 5 нысан тартылады. Шынайы сценарий бойынша жұқпалы аурулар ауруханаларының жүктемесі 1 100 төсектен асады (70%). 1 919 төсектік орынға арналған қосымша 12 нысан тартылады. Пессимистік сценарий бойынша жұқпалы аурулар ауруханаларының жүктемесі 2 500 төсектен асады (70%). 2 090 төсектік орынға арналған 7 нысан қосымша тартылады (кереуеттерді тек қалалық ауруханалар мен емханаларда ғана емес, сонымен қатар қонақүй кешендері мен жатақханаларда бейімделген бөлмелерде орналастыру қарастырылады).
Нұр-Сұлтан қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Т.Мұратов медицина қызметкерлеріне төлемақы төлеу бойынша мәлімет бере келіп, медициналық ұйымдардың қызметкерлеріне күрделілік санаты бойынша төлемақы төленіп жатқанын айтты. Бүгінде төленген жәрдемақы мөлшері 10 млрд-тан аса теңгені құраған.
«Жалпы алғанда, қаладағы эпидемиялық жағдай тұрақты. Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы күзгі-қысқы кезеңде COVID-19-дың алдын алу және емдеу бойынша іс-шаралар жоспарын бекітті. Алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарының деңгейінде COVID-19 симптомсыз және ауруы жеңіл болып келетін, сондай-ақ індет жұқтырғандармен байланыста болған адамдарға науқастарды қашықтан басқару бойынша жұмыс ұйымдастырылады. КВИ және пневмониямен ауыратын науқастарға үй жағдайындағы ауруханалар ұйымдастыру, оларға ақысыз дәрі-дәрмектер беру қарастырылған. Қаланың барлық емханасында мобильді топтар пациенттерге үйге бару арқылы қызмет көрсетеді. Індет жұқтыруы мүмкін науқастардан коронавирус инфекциясына үйден ПЦР-тест алу қарастырылған. Олардың саны 207-ні құрайды. Күніне осындай топ 200-ден аса шақыртуларға шығып жүр», деді ол.
Аталған басқарманың ақпаратына сүйенсек, қаланың барлық емханасында фильтр кабинеттер жұмыс істейді. Олардың негізгі міндеті – өткір респираторлық вирустық инфекция белгілері бар науқастарды анықтау және оқшаулау. Фильтр кабинеттерінде пациенттер ПТР-тестілеуден өтеді. Егер вирус анықталса, амбулаториялық бақылау және емдеу басталады. Күніне фильтр кабинеттерден 350-ге жуық науқас өтеді. Егер коронавирус анықталса, олар амбулаториялық емдеуді бастайды.
9 айда 96 млрд теңге көлемінде қызмет көрсетілді
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының директоры Нұрлыбек Қабдықапаров 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде медициналық сақтандыру жүйесі енгізілгенін айтып, сол бойынша медициналық қызмет екі пакет – тегін медициналық кепілдендірілген көмек көлемі (ТМККК) және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) бойынша көрсетілетінін айтты.
«Медициналық сақтандыру қоры 2020 жылғы 20 қазандағы жағдай бойынша Нұр-Сұлтан қаласында 100 қызмет жеткізуші медициналық ұйыммен келісімшартқа отырған. 2020 жылдың 9 айында 96 млрд теңге мөлшеріндегі сомаға қызмет көрсетілген. Жоспарланған сома 111,8 млрд теңге болса, оның 86%-ы орындалған. Олардың ішінде ТМККК аясында – 68,0 млрд теңгеге қызмет көрсетіліп, жоспар 93% орындалған (жоспарланған сома 73 млрд теңге), МӘМС жүйесінде – 28 млрд теңгеге қызмет көрсетіліп, жоспар 72% орындалған (жоспарланған сома 38,8 млрд теңге). ТМККК аясында 4,8 млрд қосымша қажеттілік бар.
COVID-19 індетінің таралуына жол бермеу мақсатында төтенше жағдайдағы шараларға төлем жүргізу лоты бойынша 18 134 146 теңге бөлінді. Наурыз-қыркүйек айларындағы қорытынды бойынша 15 524 417 теңге игеріліп, келісімшарт сомасынан қалғаны – 2 609 729 теңге.
2020 жылғы 20 қазандағы жағдай бойынша Нұр-Сұлтан қаласында амбулаторлық деңгейде ПТР тәсілімен биологиялық материалдан COVID-19 вирусын анықтау үшін диагностикалық зерттеу қызметтерін көрсетуге 870 млн теңге сомасына келісімшарт жасалған. Олардың ішінде ТМККК қаржыландыру көзі бойынша 369 млн теңге сомасына, МӘМС қаржыландыру көзі бойынша 501 млн теңге сомасына келісімшарт жасалған.
Айта кететін жайт, Нұр-Сұлтан қаласы бойынша тұрғындар саны – 1 166 015. Олардың ішінде 636 239 тұрғын жеңілдігі бар санатқа жатады, бұл барлық тұрғындардың 55%-ына жуық, олар үшін жарнаны мемлекет төлейді. Елордада 1 қазандағы жағдай бойынша 354 925 адам – жалдамалы жұмыскер, 43 635 адам – жеке кәсіпкер, азаматтық-құқықтық шарт негізінде жұмыс істейтіндер – 47 666, бірыңғай жиынтық төлем бойынша жарна аударғандар – 133 174, өз бетінше жарна төлейтіндер саны – 11 446. Нұр-Сұлтан қаласы бойынша сақтандырылған тұрғындар саны – 964 431.
«Жарналар мен аударымдар сомасына қатысты айтар болсам, Нұр-Сұлтан қаласы бойынша жұмыс берушілер мен жеке кәсіпкерлердің міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру үшін жүйе іске қосылған 2017 жылдың 1 шілдесі мен 2020 жылдың 30 қыркүйегі аралығында аударған жарналарының жалпы сомасы 49,9 млрд теңгені құрайды. Олардың қомақты бөлігі – 41 млрд теңге жұмыс берушілердің аударымдары, ал жеке кәсіпкерлер мен азаматтық-құқықтық шарт негізінде жұмыс істейтін тұлғалардан түскен жарналар 8 млрд теңгені құрады. Үкіметтің 2020 жылғы 20 сәуірдегі №224 қаулысы негізінде шағын және орта бизнес субъектілері осы жылдың 1 қазанына дейін жеңілдік кезең аралығында медициналық сақтандыру жарнасын төлеуден толығымен босатылды», Н.Қабдықапаров.
Қазіргі уақытта қордың Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалы бұқаралық ақпарат құралдарына, әлеуметтік желілерге, Мемлекеттік кірістер департаментінің, «Атамекен» ҰКП ресми сайттарына, елорданың Орталық бухгалтерлер үйіне осы жеңілдікті алу үшін шағын және орта бизнес қызметкері ретінде «Қолдау 24/7» мобильді қосымшасы арқылы тіркелу тәсілі туралы ақпараттық материалдар жіберілген. Барлығы 33 585 шағын және орта бизнес субъектісі бар, олардың ішінде төлем жүргізген немесе қызметкерлер тізімін жаңартқандары – 19 833, төлем жүргізбеген немесе қызметкерлер тізімін жаңартпаған шағын және орта бизнес субъектісі – 13 752. Сондай-ақ мемлекеттік кірістер департаментінің сайтында msb.fms.kz сілтемесі орнатылған. Егер шағын және орта бизнес қызметкері тізімде болмаса, «Қолдау 24/7» мобильді қосымшасын жүктеп алып, тіркеліп, өзінің шағын және орта бизнес қызметкері екенін дәлелдейтін құжатын тіркеп, қорға өтінім жіберуі қажет. Бұл бағытта жұмыстар жалғасуда.
«Қор тұрақты түрде тұрғындармен байланыс орнатып отыр. 1 қаңтар – 1 қазан аралығында СРМ Айкей-де 928 шағым тіркелген, халықты ақпараттандыру және өтініштерді қарау бөлімі олардың бәрін қарады. 1 406 байланыс орталығына азаматтардан шағым-өтініштер көп түседі. Мұнда 1 қаңтар – 1 қазан аралығында медициналық қызмет көрсету бойынша 92 241 шағым тіркелген. Олардың бәрін мамандар қарады. Шағымдардың 70%-ы карантин кезінде түсті. Әлі де күн сайын шағым-өтініштер түседі», деді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының директоры.