Қазақтың көрнекті ақыны Қалижан Бекхожиннің ғасырлық тойы туған өлкесі Баянауылдан бастау алған еді. Жыл бойына еліміздің түкпір-түкпірінде конференциялар өткізіліп, ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған кітап басып шығарылды. Туған жері Павлодар қаласында ескерткіш орнатылды.
Қазақтың көрнекті ақыны Қалижан Бекхожиннің ғасырлық тойы туған өлкесі Баянауылдан бастау алған еді. Жыл бойына еліміздің түкпір-түкпірінде конференциялар өткізіліп, ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған кітап басып шығарылды. Туған жері Павлодар қаласында ескерткіш орнатылды.
Әдебиетте өзіндік қолтаңбасын қалдырған сан қырлы қаламгердің 100 жылдығы жұма күні Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында жалғасты.
Қалаулы халық ұлына қатысты тағылымды игі істер атқарылып жатса, онда әдебиет пен мәдениетке біртабан жақын Павлодар облысы әкімінің де үлесі бар. Шараға ақынның Алматыдағы рухани әлеміне тағзым ете келген өлке басшысы Ерлан Арын қатысып, сөз сөйледі.
Шығармашылық өлкеде өтіп жатқан осынау іс шараға қала әкімі Ахметжан Есімов, зиялы қауым өкілдері, ақынның туыстары мен жақындары ортақтасып, тамаша естеліктермен Қалижан Бекхожиндей қаламгердің тұлғасын сомдады.
Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қалижан Бекхожиннің туғанына 100 жыл толуына арналған салтанатты кештің басты естелігін ақын Ұлықбек Есдәулет өріп: «Біз Бекхожиндей тарлан да тарпаң ақынның өзін көргенге дейін, алдымен өлең-жыр, дастандарын оқулықтан оқып-білген ұрпақпыз. «Ақсақ құланы» мен «Қорқытпен тілдесуін», «Орман қызы» мен «Мәриям Жагорқызын», «Сұңқар туралы аңызы» мен Ақан туралы «Соңғы сайранын», Әліби туралы «Дала комиссары» мен «Әппақ-намасын» бір деммен оқып шығып, ақынның қара сөздің қаймағын қалқыған, қазақ тілінің асыл қазынасын сапырған құдірет-қуаты мен шеберлігіне тәнті болсақ, шабытының қайнап жатқан ыстық тұмасынан жаратылған «Махамбет қабірі басындағы тебіренісі» мен «Терезені перделеме, Зайдаханы» бастаған лирикалық туындыларын тебіренбей оқу мүмкін емесіне көз жеткіздік», деді.
Парламент Сенатының депутаты Нұрлан Оразалин:
– Қалижан Бекхожиннің өмірі ел өміріндегі өте күрделі кезеңдермен тұспа-тұс келді. 30-шы жылдары әдебиет әлеміне аяқ басты. Ал, ол кезең тоталитарлық жүйенің қылышынан қан тамып тұрған кезең еді. Одан кейін соғыс майданын көрді, одан аман келді. Халықтың қасіретін, халықтың ішкі діңгегінің мықтылығын, соны жырлайтын дастандардың барлығы қазір өзінің өміршеңдігін тағы да дәлелдеп отыр, – деді.
Салтанатты шара кезінде талантты қаламгердің туындыларының көрмесі өтті. «Өлеңім – өмірім» атты көрме ақынның дәуірлі тағдырын асқақтатып, бүкіл шығармашылық ғұмырын кейінгі ұрпаққа паш етті. Ұлағатты өмір сүрген Қалижан Бекхожин мол шығармашылық мұра ғана емес, елжанды ұл-қыз тәрбиелеп кеткен көркемсөздің ұстасы ретінде ел жадында ұдайы жаңғырып отырмақ.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.
Суретті түсірген Юрий БЕККЕР.