• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Бизнес 12 Қараша, 2020

Азаматтар ата кәсіпке бет бұра бастады

310 рет
көрсетілді

Ауыл шаруашылығы саласында бәсекеге қабілетті болу бағытында ғалымдармен бірлесе зерттеу жұмыстарын жүргізіп, әлемдік талаптарға сай өнім өндіруге ұмтылу маңызды. Жуырда агроқұрылымдар мен ғалымдар, аудан, ауыл әкімдері Келес ауданы, Жүзімдік ауылындағы «Серік» шаруа қожалығының егіс алқабында бас қосып, «Бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу жобасын дамыту» бойынша кеңесті.

 

Облыстың климаттық жағдайын, мүмкіндігін ескере отырып қолға алынған жұмыс нәтижесінде биыл 128 ауыл округінен 5,2 мың гектар алқапта 1999 шаруа қожалығы бірінші, екінші және үшінші өнімнен 220 мың тоннаға жуық өнім жинады.

Елімізде 214 мың шаруа қожа­лық болса, оның ішінде 71 мың агро­құрылым, яғни 33%-ы Түркістан өңі­рінде. Олардың 65%-ы ұсақ шаруа қожалықтар. Алқалы жиынға қатыс­қан облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев:

– Бұл нағыз Түркістан облысына арналған жоба екендігін тәжірибе көрсетіп отыр. Әр аудан табиғи жағ­дайға байланысты жұмыс істеуі тиіс. Тиімді де үнемді жаңа технология­ларды қолдану арқылы, өнімді арт­тыру керек. Тамшылатып суару технологиясының тиімділігін түсі­ніп, Түркістан төңірегі, Арыс өңірі, басқа да аудандар қолданып жатыр. Жал­пы жаңа технологияны 11 мың гек­тар жерге ұлғайту көзделген, – деді.

Ал ғалым, М.Әуезов атындағы ОҚМУ, «Ауыл шаруашылығы өндірісін меха­никаландыру» ғылыми-зерттеу зертханасының меңгерушісі Бердияр Қалым­бетов саланы дамытудың үш бағытын ұсынды. Әртараптандыру арқылы жоспарлауды үйреніп, ұсақ шаруашылықтарды ірілендіріп, коопе­ра­тивке бірігудің пайдасы жайлы баян­дады.

– Облыста шаруашылықтардың көбісі шағын. Оларды ірілендіру керек. Жеке-жеке шаруашылықтар технологияны сатып ала алмайды. Кооперативтерге бірігудің негізгі сти­мулы машина технологиясы стан­сасын құру. Ол – 5-6 трактордан, техно­логия, сервистік қызметтерден тұ­рады, – деді Б.Қалымбетов.

Келес ауданындағы «Нұржан» шаруа қожалығында диқандар озық технологияны қолдана отырып тұр­ғындарды көкөніс және түр­лі кө­шет­термен қамтамасыз ету жұмы­сын жолға қойған.  Аумағы 11 гектар жылыжай аумағында тамшылатып суару әдісімен қызанақ, қияр егіп, егін­ді нәрлендіреді.  Өнім Нұр-Сұл­тан, Алматы қалаларына және солтүс­тік облыстарға жөнелтілуде.

Көкөністен бөлек, өңірде мал шаруашылығы дамып келеді. Төрт түліктің көбеюіне, өнімді өңдеп өткі­зудің тың жолдарын табуға өңір жастары ден қоя бастаған. Пан­демия кезінде, әсіресе, мал сау­да­сының онлайн түрі дамып, тұр­ғындар  жаңа платформаны игеруде. Мысалы, Бәйдібек ауданының шаруалары үйден шықпай-ақ, малын өткізіп, нә­пақа тауып отыр. Жас кәсіп­керлермен кездескен облыс әкімі Өмір­зақ Шөкеев ата кәсіпті нәсіпке айнал­дырған азаматтардың батыл бастамаларын қолдады.

– Креативті ойлап, заман ағымына қарай батыл қадам баса білген өте дұрыс. Кез келген кәсіптің қыр-сы­рын меңгерген адам қатарынан озады. Мал шаруашылығын дамытып жүрген өздеріңіздей жастардың барын естіп, арнайы келдім. Білген кісіге мал асырау әрі жұмыс, әрі пайда көзі. Карантин кезінде  кәсіптің көзін та­уып, электронды коммерцияға көшкен бетбұрыстарыңыз үлгі болар іс, – әкім ауыл жастарымен кездесу барысында.

Жаңа буын өкілдері Ақбастау елді мекеніндегі «Ernur корпорация­сы» жеке серіктестігінің кешенді шаруашылығында бас қосты. Олар­дың барлығы егін және мал шаруа­шылығын мықтап қолға алған. Өз тех­никасы мен 4 мың гектарға дейін шаруа қожалықтарына иелік етеді. Осы шаруамен түбегейлі айналы­сатындардың бірі – ауыл тұрғыны Алмаз Алтайұлы асыл тұқымды ірі мал санын арттыруды қолға алған. Ка­рантинді кедергі көрмеген азамат онлайн тапсырыс беру арқылы таулы Алтайдан калмақтың асыл тұқымды 121 сиырын сатып алған. Әлеуметтік желінің көмегімен шетелден төрт түлікті тапсырыспен алдырған азамат осылайша артық шығыннан арылғанын айтады. Коронавирус індетіне байланысты мал базаларының жабылғаны да бөгет болмаған бәйді­бектіктер ел ара­сында жиі пайдаланатын мессенджерлерде сауда жүретін топтар ашқан. Енді жастар төрт түлікті саудалауға арналған сайт ашпақ. Әзірге мал сатып алу-сату үшін 7000-ға жуық тұрғын «WhatsApp» пен «Telegram» мессенджерлері арқылы «Берекелі Бәйдібек» «Бәйдібек Мал Базары» топтарына тіркеліп, пайдалану тиімділігін түсінген.

– Карантин кезінде ауылдағы жас кәсіпкерлер ортақ топ ашып, сауданы жалғастырдық. Өте ыңғайлы.  Әр демалыс сайын халық малын жетектеп, мал базарына ағылады. Онда орын үшін қаржы шығындайды. Күні бойы тұрады, малы өтсе өтті, өтпесе қайта жетектеп үйіне қайтады. Сондықтан бәріне ортақ мәселені осылай шештік. Алда арнайы сайт ашып, Бәйдібек ауданының мал шаруашылығын әрі қарай дамытуға өз үлесімізді қосамыз, – дейді шаруа қожа­лығының басшысы Абылай Қай­ратұлы.

Ал Арыс қаласындағы Сырдария елді мекенінде «Достар-М» ЖШС асыл тұқымды сиыр шаруашылығын дамытуды мықтап қолға алған. Кәсіп­кер Мамытхан «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы етті бағыттағы асыл тұқымды ірі қара малды өсіру, көбейту мақсатында 1 млрд 332 млн теңге көлемінде жеңілдетілген несие алған. Серіктестік Бурятия Респуб­ликасынан етті бағыттағы 2050 бас қалмақ тұқымды мүйізді ірі қара малын әкелуді жоспарлаған. Әуелі бірінші кезең бойынша қолда бар қара­жатқа 448 сиыр сатып алса, алдағы уақытта кезең-кезеңімен мал басын тағы 1602-ге арттырмақ. Сөйтіп асыл тұқымды Зеңгі баба тұқымының санын 6000-ға жеткізуді көздеп отыр. М.Айдақараев айтқандай, қалмақ сиыры – ірі қараның етті тұқымы. Таби­ғаттың қатаң климатына әбден бейім­делген. Еті дәмді болып келеді. Бұқа­сының салмағы 800–850 келі, сиы­ры 350–550 келі, жақсы күтімдегі 18 айлық бұқашықтары 450–500 келіге дейін жетеді.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Н.Бады­рақов­тың мәліметіне сүйенсек, осы жыл­­дың 9 айында өңірде мал басы шамамен  5-7,  ал ет өндіру 2,2 пайызға артқан.

 

Түркістан облысы