Жамбыл облысы ІІД Жол полициясы жеке батальонының 1-взвод командирі, полиция капитаны Ғазиз Байтасов 2011 жылдың 12 қарашасында Тараз қаласында қауіпті лаңкес қылмыскерді ұстау барысында қайтыс болды.
Ғазиз Байтасов сол күні арнайы көлікпен кезекшілікте жүрген болатын. Қазыбек би көшесіндегі орталық гастрономның жанына қылмыскер тоқтай қалып, қоршағандардың бәріне оқ жаудыра бастады. Көлікті тоқтатқан Ғазиз, одан шыға сала қарсы оқ атып, қылмыскерді кері шегіндіреді. Джиптің артына жасырынып, көліктерді бөгет ретінде пайдалана отырып, қаскүнем кенеттен Ғазиздің кеудесінен оқ аттты – құқық қорғаушы да қарап қалмады.
Ол қылмыскердің қолында граната барын білді, бейбіт халыққа қауіп-қатердің төнгенін анық сезінді. Ол кезде секундтардың өзі алтынға бергісіз сәт болды. Ауыр жараланғанына қарамастан, полиция капитаны террористпен бетпе-бет келіп, қылмыскердің қолындағы гранатаны халыққа қарай лақтыруға жол бермей, өз денесімен жауып қалды. Осы кезде қылмыскердің қолындағы граната жарылды.
Бар болғаны бірнеше сағаттың ішінде қаланы аяғынан тік тұрғызған қандықол қарақшыны Жол полициясының қызметкері өз өмірінің құнымен тоқтатты. Ел үшін мерт болған азаматқа «Халық қаһарманы» атағы берілді. Орын алған оқиғаға тоғыз жыл толып отырса да, өте жауапты әрі қиын сәтте өз ісіне адал болған, оның ерлігі ешқашан ұмытылмақ емес.
Маңғыстау облысы бойынша ҚАЖ департаментінің жеке құрамы халық қаһарманын бір минут үнсіздікпен еске алды. Департамент бастығы әділет полковнигі Жасталап Басаров «Халық қаһарманы» Ғазиз Әбдібекұлы Байтасовтың ерлігі туралы жеке құрамға баяндап, еліне, қызметіне адал болған азаматтың өмірлік тарихымен таныстырды. Елінің нағыз патриоты болып, қызметін адал атқарған адам ешқашан ұмытымайтынын ерекше атап өтті.
Маңғыстау облысы