Ақмола облысының Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті өңірдегі 52 мобильдік топ көпшілік жиналатын орындарда карантин талаптарының сақталуын қадағалау бойынша мониторинг жүргізуде, деп хабарлайды Egemen.kz
Биылғы жылдың 19-шы қазаны мен 10-шы қарашасында аралығында 395 нысан тексерілді: 51 халыққа қызмет көрсету орталығы, 43 Қазпошта бөлімшесі, 60 екінші деңгейлі банк бөлімшесі, 15 қоғамдық көлік, 226 мемлекеттік мекеме. Оның ішінде Аршалы, Біржансал, Ерейментау, Есіл, Жақсы, Жарқайың, Қорғалжын, Шортанды аудандары және Көкшетау қаласындағы 24 нысанда Ақмола облысының мемлекеттік бас санитариялық дәрігерінің қаулысының талаптары бұзылғандығы анықталды.
"Осы аралықта карантиндік және эпидемияға қарсы шаралардың бұзылуына байланысты 6 әкімшілік хаттама толтырылды. Аршалы ауданының Қазпошта бөлімшесіне 41670 теңге, Есіл аудандық ХҚКО мен Ақмола электр желісін тарату компаниясының басшылығына 83340 мың теңге, Қорғалжын ауданының мемлекеттік мекемелеріне 83340 мың теңге, Степногордегі жеке тұлғалаларға 41670 теңге айыппұл салынды. 23 әкімшілік материалдар қаралып жатыр", делінген ведомствоның мәліметінде.
Осы ретте, мониторингтік топ алдында Ақмола облысының мемлекеттік бас санитариялық дәрігерінің қаулысындағы санитарлық талаптардың сақталуын бақылауды нығайту және әкімшілік шараны қолдану арқылы ықпал ету міндеті тұр. Бұған Ақмола облысы аумағында, оның ішінде Көкшетау қаласында эпидемиялық жағдайдың, яғни коронавирус инфекциясын жұқтырғандардың саны артып отырғандығы себеп болып отыр.