Өткен кезең сабағы, қазіргі кезең шындығы, болашақ бет алысы Кеден одағына бірігудің өміршеңдігін көрсетеді
Қазіргі күні Қазақстан қоғамында Кеден одағының құрылуына байланысты әртүрлі пікірталастар жүріп жатыр. Басым көпшіліктің бұл саясатты қолдайтындығы сезіледі. Дегенмен қарсылар да жоқ емес.
Иә, халықтың қалың бөлігінің жағдайына әсер ететін ірі оқиғалар мен маңызды жаңалықтардың қай-қайсысы болмасын дау-шарсыз бітпеген, күрессіз жүзеге аспаған. Кезінде біртұтас Кеңес одағы ыдырап, тәуелсіз мемлекеттер құрылар тұста да осылай болып еді. Енді сол тәуелсіз мемлекеттердің өз еріктерімен және саяси дербестігін сақтай отырып, экономикалық тұрғыдан бір Кеден одағының аясына қайта интеграциялану үдерісі басталған қазіргі шақта да пікірлер қайшылығының бар екендігі сезіліп отыр.
Иә, мұндайда әркімнің өз ойын айтып қалуға ұмтылатындығы – кез келген жұмыр басты пендеге тән табиғи дүние. Бірақ қашанда болмасын бірігудің аты бірігу ғой. Ыдырауға қарағанда бірігудің әлдеқайда пайдалы болуға тиісті екендігін қай-қайсымыз болмасын іштей сезінеміз. Бұл жайында “жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас”, “бөлінгенді бөрі жейді” деп ата-бабаларымыз да айтып кеткен және жәй ғана айтып кетпей, осы қағиданы ұрпақтарына өсиет ретінде аманаттап қалдырған десе де болады. Бұған көз жеткізгіңіз келсе, халқымыздың тарихтың терең қойнауларынан басталып, бүгінгі күнге дейін жеткен мақал-мәтелдері мен даналық сөздерін еске алыңыз. Солардың қай-қайсысы болмасын бөлінуге емес, бірігуге үндейтіндігі ақиқат нәрсе. Неге? Оған жауап беру үшін сол тарихқа қайта бір үңіле кетейік. Сонда бізге ата-баба өсиетінің мән-мағынасы да барынша ашыла түседі.
Түбі бір туысқан болып саналатын, бір тамырдан тарайтын қазіргі Орталық Азия халықтарының, жалпы түркі жұртының атын әлемге танытып ең бір дәуірлеген тұсы осыдан мың жылдан астам уақыт бұрын өмір сүрген Түркі қағанатының тұсы екен. Тұтас түркі қағанаты әрісі Рим, берісі Византия секілді батыстық империялармен экономикалық, сауда-саттық қарым-қатынастарын орнатып, қазіргі біз мекендеп отырған Қазақстан жеріне көптеген қалалар тұрғызып, соңынан өзіндік өркениет іздерін қалдырғандығы бізге белгілі. Қазіргі жер астынан табылып жатқан қала құрылыстары сол заманның белгілері.
Алайда, амал не, бір тудың астында, бір мемлекеттің аясында ұйысқан осы жұрттың Батыс және Шығыс Түркі қағанаттарына бөлінуі мұнан кейінгі ыдырау үдерісін үдетті. Мұның ақыры моңғол шапқыншылығына соқтырды. Қаншама қалалар қиратылып, кешегі өркениет іздері құмға сіңді. Бұл – бізге тарихтың берген бірінші сабағы.
Содан кейін бірнеше ғасыр өмір сүрген Алтын орда мемлекетінің аясында Шыңғыс хан ұрпақтарының айналасына жиналып, қайта бас қостық. Алтын орда мемлекеттігі жарты әлемге әмірін жүргізіп, осы тудың астында еңсеміз көтерілгендей еді. Бірақ Шыңғыс хан ұрпақтарының хан тағы үшін толып жатқан таластарының салдарынан қайтадан ыдырау үрдісі белең алды. Бір ұлыс бірнеше ордаға ыдырап тынды. Ақорда, Көкорда, Моғолстан, Мәуреннахр, Ноғай ордасы секілді бірнеше мемлекеттік құрылымдар пайда болды. Одан келе-келе Қазақ хандығы, Өзбек хандығы, Қырым хандығы, Қазан хандығы, Қоқан хандығы, Хиуа хандығы, Бұхар әмірлігі, Жоңғар хандығы, Астрахань хандығы секілді және одан да басқа бірнеше шағын хандықтар мен рулық бірлестіктерге бөліне келе, бір-бірімізбен тайталасып соғысу салдарынан бұл кезде бірігу нәтижесінде күшейіп алған патшалы Ресейдің табанына түстік. Сандаған ғасырлар бойы ешбір дамымай бір деңгейде қалып қойған төменгі сатыдағы тұрмыс-тіршілігіміз өз алдына, одан да сорақысы саяси дербестігімізден, елдік еркіндігімізден айырылып, бостан емес, бодан болдық. Бұл бізге тарихтың берген екінші сабағы.
Міне, осындай ыдырау үдерістерінің жетегімен біздің қазақ халқының ғасырлар бойы мешеулік жағдайды бастан кешіп келгендігін қазіргі ғалымдарымыздың қай-қайсысы болмасын жоққа шығармас. Содан Кеңес одағы секілді алып құрылымға біріккен тұсымызда ғана қайтадан ес жиып, етек жинағандай болдық. Саяси тұрғыдан бұл кезеңнің де өзіндік зобалаңдары аз болмағандығына қарамастан, оқу мен білімге қол жеткізіп, халықтың көзі ашылды. Әрине, “елдің дұрыс дамуы үшін ең алдымен оның басы азат болуы керек” деп Шоқан Уәлихановтың айтып кеткеніндей, азаттықтың, саяси тәуелсіздіктің мәні қашанда болсын бөлек. Кеңес одағы тұсында бізге ең жетпегені осы басты құндылық – тәуелсіздік болғандығы ақиқат. Демек, қазақ халқының, Қазақстан халықтарының осыған дейінгі бастан өткерген мың жылдық тарихының өзі бізге қайтадан бірігу үдерісін үндеп тұрғандай.
Әрине тәуелсіз дамудың алғашқы жиырма жылдығының өзінде ғана Шоқан айтып кеткен азаттықтың мәні қандай болатындығын жақсы сезініп үлгерген Қазақстан енді өзінің саяси тәуелсіздігін ешкімге бермек емес.
Тәуелсіздік дегеніміз ең алдымен халықтық сананың, елдің таңдау еркінің азаттығы. Ал тіршілік мәселесінде бәрі де бір-бірімен тығыз байланысты болып келеді. Экономикалық қарым-қатынастарда абсолют тәуелсіздік болмайды. Осы қағиданы жақсы ұққан бүкіл әлем мемлекеттері өздерінің саяси дербестіктерін сақтай отырып, соңғы 20-30 жылдың аясында түрлі экономикалық бірлестіктерге бірігу үдерісін бастан кешуде. Бұл бір есептен алғанда, әлемде барған сайын күшейе түскен жаһандану ықпалымен күрестің немесе оған ұлттық мүддені қорғай отырып қолайлы жағдайда бейімделудің өзінше бір амалы болып табылады.
Қазіргі уақытта осындай бірігудің үздік үлгісі болып табылып отырған Еуропа одағында Ресейге ұқсас Германия, Италия, Франция секілді ірі мемлекеттер де, бізге ұқсас Бельгия, Финляндия, Норвегия секілді шағын мемлекеттер де бар. Экономикалық одаққа бірігу мәселесінде осылардың қай-қайсысының болмасын үлкен мемлекеттердің шалғайында қаламыз-ау деген қауіппен кежегесі кейін тартқан емес. Себебі одаққа бірігу ең алдымен ірі мемлекеттерге қарағанда шағын мемлекеттер үшін көбірек қажет. Өйткені олар осы арқылы алыптың қуатынан нәр алады.
Сол секілді біздің түркі әлемінің ең дамыған және ең ірі мемлекеті болып табылатын Түркия неліктен бірнеше жылдар бойы көкіректен кері итергеніне қарамастан Еуропалық одаққа қосылуға барынша ынта танытып, аяусыз күрес жүргізіп келеді. Өйткені қазіргідей алмағайып заманда жалғыз отыруға болмайды. Жеке-дара өмір сүру дегеніміз қамсыздықтың белгісі. Қазіргі заман – экономикалық тұрғыдан түрлі одақтар құрып, соның аясында өмір сүрудің заманы. Алдағы болашақтың ыңғайына қарасақ, бұл үрдіске басқаша балама болмай отыр.
Осы тұрғыдан алғанда Қазақстанның Ресеймен, Беларусьпен бірігіп Кеден одағын құруының алысты көздеген маңызды мәні бар. Мұндай жағдайда “бір күндік пайдадан, мың күндік ырыс артық” деуге тура келеді. Ал Қазақстан үшін Кеден одағының таяу болашақтың өзінде ырысты болып шығатындығына ешбір күмән жоқ. Мұны көптеген білікті сарапшылардың осы мәселе туралы пікірлері де дәлелдейді. Енді осыларға келейік.
Виктор Христенко, Ресей Федерациясы Өнеркәсіп және сауда министрі: Үш елдің белсенді түрде интеграциялануы техникалық реттеудің бірыңғай жүйесін қалыптастыруға негіз қалады. Посткеңестік кеңістіктегі интеграциялық қозғалыстың екі түсінікті бағыты бар. Біріншісі – бұл ЕурАзЭҚ-қа интеграциялану. Беларусь, Қазақстан және Ресей президенттерінің шешімімен бірыңғай экономикалық кеңістікті құру аясындағы техникалық реттеудің міндеттері айқындалды. Әрекет етудің тиісті жоспары бұл саладағы бірыңғай қағидаттар мен ережелер туралы келісімді әзірлеуді және ЕурАзЭҚ-тың бірыңғай техникалық регламентін әзірлеуді талап етеді. Екінші бағыт – бір жағынан алғанда Ресей, Беларусь, Қазақстан арасындағы нормаларды үндестіру болса, екінші жағынан алғанда оларды Еуропа одағы талаптарымен сәйкестендіру болып табылады. Осы арқылы біз әлемдік экономикалық бірлестіктерге де бейімделе түсетін боламыз.
Константин Артюшин, Ресейдің Сауда-өнеркәсіптік палатасының Орталық Азиядағы өкілі: Кеден одағы Қазақстан үшін өзінің өндірісі мен сауда саясатын дамыта түсуге мол мүмкіндіктер береді. Тауарлардың еркін айналымы, құжаттарды дұрыс ресімдемегені үшін төлейтін айыптардың жойылуы – міне, бұлар кәсіпкерлер үшін Кеден одағына бірігудің беретін бастапқы кездегі пайдалары ғана. Ал интеграцияланудың түпкі мәніне одан тереңірек үңілетін болсақ, елдер арасындағы кедендік алымдардың жойылуы бірте-бірте одан өтетін тауарлар бағасының арзандауына алып келетініне күмән жоқ. Бұл тек кәсіпкерлерге ғана емес, тұтынушыларға да тиімді болып шықпақ.
Қанат Берентаев, экономист: Кез келген өзгерістің пайдалы да, зиянды да жақтары болатындығы түсінікті. Менің ойымша Кеден одағының Қазақстанға беретін пайдасы оның зиянына қарағанда әлдеқайда көп. Біріншіден, көліктік тасымал тарифтерінің біріздендірілетіндігін алайық. Бұл жағдай Қазақстанға өз экспорттық жүктерін Ресей мен Беларусь аумақтарынан өткізгенде кететін транзиттік шығындарды едәуір азайтуға мүмкіндік береді. Қазақстан осы бір мәселені аталған елдердегі әріптестерінің алдына ұсыныс ретінде талай рет қойған да болатын. Енді Кеден одағының құрылуы арқылы осы іс өздігінен жүзеге аспақ. Кейбір жүк тасымалдарының түрі бойынша тарифтік баға екі есе және одан да көп мөлшерге арзандамақ.
Оның үстіне одақтың пайда болуы Кеңес одағы тұсындағы өнеркәсіптік технологиялық жүйені қайта қалыптастырудың тамаша мүмкіндігін туғызады. Мұның Қазақстан экономикасы үшін маңызы зор.
Оның үстінде, Украинадағы сайлаудан кейінгі болған соңғы өзгерістерге байланысты Кеден одағының аясы қазіргіден де кеңіп, Бірыңғай экономикалық кеңістік құру мәселесі жеңілдей түсе ме деген де үміт бар. Мұндай жағдайда осы одаққа біріккен елдердің ғылыми-технологиялық әлеуеті мен рынок аясы да едәуір күшейе түсетіндігі анық. Ал мұның Қазақстанға беретін пайдасы көп, біздің еліміз өзінің көптеген өнімдерін әлемдік рынокқа алып шығуғада барынша қолайлы жағдайға ие болады. Бірыңғай экономикалық кеңістік Қазақстанның энергетика, мәшине жасау, көлік салаларын дамытуға қазірге қарағанда әлдеқайда жақсы ықпал етеді.
Жұмақадыр Акенеев, Қырғызстанның еңбек сіңірген экономисі, профессор: Біздің рыногымыз өте шағын. Қазақстан мен Ресейден басқа өнімдерімізді өткізе қоярлықтай елдер де жоқ. Демек, Қазақстан, Ресей және Беларусьтің бірігіп Кеден одағын құруы біздің тауарларымыздың өтімділігін одан әрі төмендете түсе ме деген қауіп барын жасырмаймын. Ал мұның өзі ақыр аяғында еліміздің ауыл шаруашылығының құлдырауына келіп жалғасатындығы анық. Ондай жағдайда қырғыз шаруалары қайтадан шетелдерді аралап, жұмыс іздеуге көшеді. Ол Қырғызстан үшін тиімсіз. Сондықтан бізге де осы одаққа кіруге барынша ұмтылу қажет. Түбінде солай болатындығына сенімдімін.
Толғанай ҮмбетӘлиева, Демократияны дамытудың орталықазиялық қорының бас директоры: Әрине, Кеден одағының құрылуы бастапқы кезеңінде жекелеген салаларға қарағанда макроэкономикалық тиімділік тұрғысынан әлдеқайда пайдалы болып табылады. Ал түбінде бұл құбылыс жекелеген салалар мен фирмалар үшін де пайдалы болып шықпақ. Сондықтан қазіргі шақта, Қазақстан мен Беларусь үшін егер импорттық өнімдер көлемі артатын болса, онда жекелеген салалар мен фирмалардың қызметінде қиындықтар пайда болады деген қауіптің барынша белең алып тұрғаны рас. Осы жағдайға байланысты бастапқы кезеңдегі импорттың өсімін экспорттың өсім деңгейі жаба алмай қалуы да әбден мүмкін. Бұл бірақ объективті үдеріс. Бірте-бірте осы үш елдің экономикасында өзара теңгерілім орнығатын болады. Бір экономикалық организмге бірігіп отырғандықтан да, былайша айтқанда, біраз уақыттан кейін Кеден одағы үш ел үшін де тиімді құрылымға айналады.
Оның үстіне, Кеден одағы біздің экономиканың бәсекелестік қабілетін арттыратындығына дау жоқ. Осы арқылы біз одан да кеңірек рыноктарға шығуға мүмкіндік алатын боламыз. Түптеп келгенде, біздің алдымызға әлемнің дамыған 50 елінің қатарына қосылу міндеті тұрғандығын ешбір ұмытуға болмайды. Егер біз қазір Ресеймен бәсекелестікке түсуге жүрексінетін болсақ, онда халықаралық рыноктарды қалайша игермекпіз. Демек, Кеден одағы біз үшін әлемдік бәсекелестікке шыңдалудың өзіндік мектебі болатындығы анық.
Л.Ю.Гусев, Ресей Сыртқы істер министрлігі Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институты ШЫҰ және Шығыс Азия зерттеу орталығының сарапшысы: Кеден одағының құрылуы бұрынғы КСРО экономикалық кеңістігінің едәуір бөлігін бірыңғай организм ретінде қайта қалпына келтіретіндігі анық. Осы үрдістің өзінен ғана үш елдің экономикасы әлдеқайда қуаттанып, күрт даму мүмкіндігіне ие болуы мүмкін. Одақтың құрылуына орай кедендік және экономикалық кедергілердің алынып тасталуы осы іске қосымша ықпал етеді деп ойлаймын. Қысқасы, кедендік бірігуден үш елдің ұтары көп. Бұған біз көп өтпей-ақ көз жеткізетін боламыз.
Міне, Кеден одағының пайдасы туралы экономикалық сарапшылар осылай дейді. Ата-баба өсиеті де бірігуді үндеп жатқандай. Ендеше, “тәуекел – ердің тірегі” дегендей, ойға алған іске алаңсыз кірісіп, осы уақытқа дейін адастырмай алып келе жатқан Елбасымыздың көрегендігіне, халқымыздың сан ғасырлық даналығына, тарихымыздың бізге берген сабағына сенейік, ағайын.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ.