Жатақхана жайы аз айтылып жүрген жоқ. Жатақхананың жетіспеуі мен ішкі жағдайлары талай мақалаға өзек болғаны рас. Алайда жатақхананың басшылары мен есепшілеріне ғана белгілі, сырт көз байқай бермейтін нәрселер де бар екен...
2014 жылы Маңғыстау облысы әкімдігінің қолдауымен «Жаңа серпін» бағдарламасы жасақталып, жастардың тұрмыс-тірлігіне қолдау көрсетуді міндетіне алды. Маңғыстау өңірінде ғана әрекет еткен бағдарлама өңірдегі жұмыссыз азаматтарды кәсіптік оқыту, қайта даярлау, біліктілігін арттыру жұмыстарын ұйымдастырып, жұмысқа орналасуына ықпал етуді мақсат етті. Бағдарлама бойынша білім алып, жұмысқа орналасқан адамдарды арнайы жатақханамен қамтамасыз ету мәселесі де назардан тыс қалмай, «Жаңа серпін» құрылған кезде 160 орындық жатақханамен бастады. Кейін олардың саны артып, 500 орындық келесі жатақхана осы бағдарлама арқылы оқып, жұмыспен қамтылған немесе өндірістік тәжірибеге жолданған азаматтарға берілді. Тағы 145 орындық жатақхананың 125 орыны бойдақтарға, 20 орыны отбасылы жандарға бөлінген болатын. Жалпы, өңірлік бағдарлама қатысушылары жатақхана жағынан тапшылық көрді деп айта алмаймыз.
Бірақ жатақханадағы көпшілік біле бермейтін «көлеңкелі» тұс анықталды. Қазақстан республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің ҚПК-нің 200-бабының тәртібімен енгізілген ұсынысы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы өткізген онлайн жиында қаралған болатын. Онлайн мәжілісте облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының «Жаңа серпін» орталығы» КММ-нің жатақхана бөлмесінен орын беру, жалдау және тұру кезінде тиісті емес тұлғаларға берілгені туралы заңбұзушылық қаралды. Онда тергеп-тексеру барысында нақты кемшіліктер анықталды. Жатақханада тұру үшін «Жаңа серпін» бағдарламасына жатпайтын тұлғаларға орын берілген, сондай-ақ осы тұлғалар жатақханада ақысыз тұрып, мемлекетке 5 594 330 теңге зиян келтірген.
«Жаңа серпін» КММ мен жатақхана тұрғындарының арасында бөлмені жалға беру бойынша шарттар бар екен. Шарт бойынша тұрғындарға бекітілген тарифке сәйкес ай сайын төлемақы төлеу міндеттелгенмен, бұл тек қағаз жүзінде қалып, іс жүзінде келісімшарт міндеттері орындалмаған. Ал төлем шарттарына сәйкес басқарма немесе «Жаңа серпін» КММ тарапынан тұрғындарға ешқандай шара қолданылмаған.
Тергеп-тексеру барысында анықталған кемшіліктер ескеріле отырып, Маңғыстау облыстық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті тарапынан алдағы уақытта заң бұзушылықтарға жол бермеу үшін облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына ұсыныс берілді. Сондай-ақ департамент тарапынан осы басқарма мен оған қарасты мекеме қызметкерлерінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес заңнамасының талаптарын бұлжытпай орындауына алдағы уақытта да көңіл бөлінетіні айтылды.
Сонымен, бұған дейін келісімшартты кәдеге жарытпай келген жатақхана басшылығы енді талап шеңберінде жүріп, жатақхана бөлмелерін тұрғындарға заңға сай жалға беретін болады.
Маңғыстау облысы