Қарағанды облысында Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы аясындағы іс-шаралар кең ауқымда жүзеге асырылып жатыр. Мысалы, өткен аптада кеншілердің шағын ғана қаласы Абайда хакімге арналған еңселі ескерткіш орнатылды.Тұғырын қосып санағанда он метр болатын ескерткіштің авторы Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Бейбіт Мұстафин. Қоладан құйылған мүсінде ұлы ақын қолына кітап ұстап, алысты ойлы көзімен шолып тұрған кейіпте бейнеленген.
Жоба авторының айтуынша, ескерткішті құюға 5,6 тоннаға жуық қола кеткен екен. Мүсіннің өзі Қазақстан Суретшілер одағы облыстық филиалына қарасты комбинатта жасалған.
Аталған ескерткіш конкурстық негізде іріктелініп алыныпты және оны ескерткіштер мен құрылыстар жөніндегі республикалық мемлекеттік комиссия бекіткен.
Абай ескерткішінің салтанатты ашылуына Парламент Мәжілісінің депутаты, қоғам және мемлекет қайраткері Сауытбек Абдрахманов, академик, абайтанушы Ғарифолла Есім, облыс әкімі Жеңіс Қасымбек және басқалар қатысты.
Өңір басшысы Жеңіс Қасымбек биыл облыста Абайдың мерейтойы аясында жүздеген іс-шараның өткенін айтты.
– Биыл еліміз Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын атап өтуде. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, бұл ұлттың рухани дамуына және халықтың бірлігіне игі ықпалын тигізеді. Ұлы ақынның өсиеттері күні бүгінге дейін өзінің өзектілігін жойған жоқ. Біздің міндетіміз – осы байлықты сақтап, оны кейінгі ұрпаққа жеткізу, – деді Ж.Қасымбек.
Ал Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Аманжол Әлтаев өз сөзінде қазақ халқына тән барлық ұлы қасиеттердің Абайдың мұрасында, оның дана ойларында жатқанына назар аударды.
– Абай – ұлтымыздың болашаққа деген ұлы жолы, руханиятымыздың алтын діңгегі. Интеллектуалды және білімді ұлтты қалыптастыру, сананы жаңғырту – мұның бәрі Абайдың рухани мұрасының қазынасын білуге мүмкіндік береді. Хакімнің даналығы әрбір адамның жүрегіне мейірімділік ұялатады, – деді айтыскер ақын.
Сол күні Абай қаласында жергілікті ақындардың «Абай жаққан бір сәуле...» атты жинағының тұсаукесері ұйымдастырылды. Сонымен қатар Мұхтар Әуезовтің әлемнің 18 тіліндегі «Абай жолы» роман-эпопеясының диск жинағы оқырмандарға ұсынылды. Кітаптарды цифрлау Шахтинск қаласының орталық кітапханасымен бірлесіп жүргізілген екен.
Бұдан кейін мерекелік іс-шаралар Қарағанды қаласында жалғасын тапты. Атап айтқанда, академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінде «Ұлы Абайдың мұрасы – ұрпақтарға тағылым» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция онлайн режімде өтіп, оған шетелдің және еліміздің абайтанушы ғалымдары, қоғам және мемлекет қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері қатысты.
Түркиядан келген профессор Аляз Ахмет хакім Абайдың шығармашылық мұрасының қазақ халқының баға жетпес рухани байлығы екенін айтты. Ал оның «Қара сөздерін» ұлттың даналығы мен елдің мәдениетін жаңа деңгейде көрсететін философиялық шығарма деп бағалады.
Алқалы жиында Мәжіліс депутаты Сауытбек Абдрахманов Абай мерейтойының бүкіл халықтың мерейтойына айналғанын атап өтті.
– Әлемнің бірде-бір елінде ақын немесе жазушыны «ата» деп атамайды. Ал біз Абайды «ата» дейміз. Абай біз үшін тек ақын, ағартушы, философ, шешен ғана емес, ол біздің туған атамыз сияқты. Абай – бүкіл халықтың ұстазы! – деді С.Абдрахманов.
Конференцияда Абайдың мұрасы, оның рухани-адамгершілік құндылықтары және әлемдік әдебиеттегі шығармашылығының рөлі туралы баяндамалар оқылды.
Сондай-ақ конференция жұмысының аясында филолог-ғалым, айтыскер ақын Аманжол Әлтаев құрастырған «Абай» кітабының тұсаукесері өтті.
Конференция соңында Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ жанындағы «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институты Қарағанды университетінің кітапханасына «Абай академиясы» сериясы бойынша шығарылған кітаптарды сыйға тартты.
Ал бұл оқиғадан бір күн бұрын кеншілер астанасында Абай есімін иеленген көшенің құрметіне арналған салтанатты рәсім өтті. Іс-шараға қатысқан Қарағанды қаласының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Ұлы ойшылдың шығармаларын құрметтеу және насихаттаудың қасиетті парыз екендігін атап өтті.
– Абай – еліміздің мақтанышы ғана емес, ол әлемдік деңгейдегі данышпан. Оның жұмыстары әлі күнге дейін баршамыз үшін рухани қайнар көзі болып табылады, – деді қала басшысы.
Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, Халықаралық Абай клубы сыйлығының лауреаты, ақын Серік Ақсұңқарұлы хакімге арналған өлең оқыды.
– Мен Пушкин, Гете сияқты әлемнің барлық классик ақындарының шығармаларын оқыдым. Бірақ Абай шығармалары – бұл түпсіз терең шығармашылық тұңғиық, – деді ақын.
Сондай-ақ аталған іс-шараға Dacia румын этномәдени орталығы жастар қанатының жетекшісі Александр Урмашов та қатысып, қалада Ұлы ақынның есімімен аталған көше барына қуанышты екенін жеткізді.
– Ұлы ойшыл Абайдың еңбегі мен руханиятқа қосқан үлесі бүкіл әлемде мойындалған. Биыл Бухарестте Абай бюстінің ашылуы өтті. Бұл дегеніңіз Қазақстанның ұлттық жаңғыруға деген ұмтылысын бүкіл әлем қолдайды деген сөз, – деді А.Урмашов.
Іс-шараның соңында Абай көшесінің бойындағы хакімнің еңселі ескерткішіне гүл шоқтары қойылды.
Еске салар болсақ, Қарағанды облысында бір қала мен аудан, 77 көше және 12 мекеме Абай есімімен аталады екен. Ал кеншілер астанасындағы бұрынғы Ленин көшесі биылғы жылдың қыркүйек айында Абай атындағы көше болып өзгертілген болатын.
Қарағанды облысы